Сәләфиттердің айтысына қарағанда Имам Әшғари өлер шағында өз ақидасынан бас тартып, «әл-Ибана» деген кітап жазыпты-мыс. Сол қаншалықты рас?
Сәләфиттердің айтысына қарағанда Имам Әшғари өлер шағында өз ақидасынан бас тартып, «әл-Ибана» деген кітап жазыпты-мыс. Сол қаншалықты рас?
1 жыл бұрын 2562

Ассаләмуғалейкум! Сәләфиттер айтады Имам Әшғари өлер шағында өз ақидасынан бас тартып, ол жайында «әл-Ибана» деген кітап жазған дейді. Сол рас па?

Әлхамдулиллә. Уәссаләту уассәләму аля Расулиллә.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Құрметті сауал жолдаушы, Имам Әшғаридің «мұғтәзилит» жолынан қайтып, Әһлу сунна уәл жамағат жолына түскендігі рас. Бірақ Әһлу сунна жолынан қайтып, уаһабиттердің жолына түскендігі жалған. Сәләфизм бағытындағылардың ойдан шығарып алған өтіріктері.

Біріншіден, Имам Әшғари деген ғұлама өмір бойы Суннит сенімінде жүреді де, өлер сәтінде «мен адастым» деп кітап жазады дегені ақылға қонымсыз нәрсе.

Екіншіден, Имам Әшғаридің реттеп кеткен сенім-негіздерін одан әрі дамытқан неше ғұламалар өтті. Олардың арасында Имам Ғазали сынды «мүжтәһид» дәрежесіндегі ғұламалар да бар. Сонда олар Имам Әшғаридің «мен адастым» дегенін білмей қалыпты да, сәләфиттер біліп қойды деп ойлайсыз ба? Әшғари мәзхабынан неше түрлі дін ғұламалары, қаншама, хадисші, фақиһ ғұламалар шыққан. Атап айтсақ, Имам Харамейн, Имам Рази, Имам Бақиләни, Имам Асқалани, Имам Нәуәуи, Имам Суюти, Имам Ғазали т.б. Сонда олардың бәрі сол «адасқан» жолды жалғастыра берді деп кім айта алады? Олай тек ол ғұламаларды білмейтіндер, не болмаса, мұсылмандарды әдейі адастырғысы келетіндер айтады.

Үшіншіден, Имам Әшғаридің «әл-Ибана» деген кітабын сәләфит-уаһабит емес, ескілікті «сәләф ғұламаларының» ұстанымына сай жазған деуге болады. Имам Әшғари (р.а.) аталмыш кітабында мүтәшәбиһат аяттарға қатысты сәләф ғұламаларының «тәфуид»1 тәсілін ұстанады. Мысалы, Имам Әшғари аталмыш кітабында сәләфит-уаһабиттердің айтатыныдай «Алла аршта орнықты» демейді. Ол (р.а.) кітабында:

 وأنه مستوعلى عرشه سبحانه، بلا كيف ولا استقرار - Алла аршқа истиуә етті, бірақ кәйфиетсіз және орнығусыз» дейді2.

Бұл - Әһлу суннә жолының «тәфуид» ұстанымы. Имам Әшғаридің «кәйфиетсіз» дегені - «истиуәның анықтамасы бізге белгісіз, анықтамасын жасамаймыз» дегені. Анығырақ айтқанда: истиуә аятының беткі мағынасына иман етіп, оның түпкі мағынасын Аллаға қалдырып, астарындағы мәнін қарастырмаймыз деген сөз. Ал «орнығусыз» дегені - «Алла аршта отырды» деген сенімді жоққа шығарғандығын көрсетеді. Бұл - ескілікті сәләф ғалымдардың ұстанымы, сәләфиттердің емес. Сәләфиттер болса, «Алла арштың үстінде орнықты» деп ашық айтады.

Кітабының басқа бір жерінде ғұлама былай дейді:

«مستو على عرشه استواء منزها عن الحلول والاتحاد. - Алла аршысына истиуә етті, ол сондай истиуә - біртұтас болудан және енуден пәк истиуә»3.

Сондай-ақ, Имам Әшғаридің аталмыш кітабындағы мына бір сөзін қараңыз:

وأن الله تعالى استوى على العرش على الوجه الذي قاله، وبالمعنى الذي أراده، استواء منزها عن الممارسة والاستقرار والتمكن والحلول والانتقال، لا يحمله العرش،

«Алла Тағала аршқа истиуә етті: өзі аятта айтқан түрде және өзі қалаған мағынада, әрі жанасудан, орнығудан, мекен тұтудан, енуден, бір жерден, басқа бір жерге ауысудан пәк болған күйі (истиуә етті). Оны арш көтеріп, тасып жүрмейді...»4.

Тура осы сөзді кейінгі ғасырларда өмір кешкен Имам Ғазали де (р.а.) қайталап айтады. Имам Ғазали өзінің «Ақида қағидаттары» (Қауаъидуль ъақоид) атты еңбегінде, «тәнзиһ» ережесін түсіндіру барысында былай деп өтеді: 

وَأَنه مستوي على الْعَرْش على الْوَجْه الَّذِي قَالَه وبالمعنى الَّذِي أَرَادَهُ اسْتِوَاء منزهاً عَن المماسة والاستقرار والتمكن والحلول والانتقال لَا يحملهُ الْعَرْش بل الْعَرْش وَحَمَلته محمولون بلطف قدرته ومقهورون فِي قَبضته

«Шынында Алла Тағала өзі айтқан түрде әрі өзі қалаған мағынада «Аршқа» истиуа етті. Ол сондай истиуә - жанасудан және орнығудан, мекендеуден және енуден, әрі бір жерден, бір жерге ауысудан пәк болған истиуа. Және Арш Алла Тағаланы тасымалдамайды. Керісінше, арш та, оны (аршты) көтеріп жүретін періштелер де Алла Тағаланың құдірет лүтфімен тасымалданады, олар оның уысында (немесе тұтқасында) мойынсұнған күйде...»5.

Имам Әшғаридің «әл-Ибана» атты кітабындағы аталмыш сөздері Әһлу сунна уәл жамағаттың «тәнзиһ» сенімінің дәл өзі. Бұның қай жерінен «ақидасынан бас тартқанын» көруге болады? Ақидасынан бас тартса сәләфит-уаһабиттер айтатыны секілді «Алла аршқа орнықты, аршты мекен тұтты» деуі керек еді. Өздеріңіз де көріп тұрғандай оның қарама-қайшысын айтқан.

Төртіншіден, Имам Әшғаридің «әл-Ибәнә» кітабын кейбір ынсапсыз санасыздар өзгертіп, мәтіндегі кейбір сөздерін бұрмалағандықтары анықталған. Мысалы, ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген дін ғұламасы Имам Кәусәридің (р.а.) айтысына қарағанда аталмыш кітаптың Үндістанда басылған нұсқасында көптеген өзгертулер енгізілген екен. Бұған қатысты сарапшы ғұлама Имам Кәусәри былай дейді: «Әл-Ибәнә кітабының Үндістанда басылған нұсқасы бұрмаланып, күнәһарлардың қолымен айла-шарғы жасалған. Сондықтан да, ол кітапты сенімді түп-нұсқасынан қайта басып шығару керек» дейді ғалым. Мысалы, бұрмаланған нұсқада «Алланың екі көзі» деп "көз" сөзі екілік түрде айтылса, басқа дұрыс нұсқасында «Алланың көзі» деп "көз" сөзі жекеше түрде айтылады. Сол себепті, сәләфиттердің қолындағы нұсқасы бұрмаланған нұсқасы болуы мүмкін екендігін қаперде ұстаған дұрыс. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1«Тәфуид» деген тілдік мағынасы: Бір істі Аллаға тапсыру, Аллаға қалдыру дегенді білдіреді. Ал Кәләм (ақида, теология) ғылымындағы мағынасы болса: «Мүтәшәбиһат аяттар мен хадистерге иман ете отырып, ондағы екі ұдай мағына берер сөздерді жорамалдамай және оларға мағына бермей, астарындағы мағынасын бір Аллаға қалдыру, бірақ ондағы «тәшбиһке» апарар беткі (заһир) мағынасын қабыл етпей, одан өзге Аллаға лайықты мағынасының барына сену». Толығырақ: «Ақидадағы «тәфуид» ұстанымы не мағынаны білдіреді?» жазбамыздан оқи аласыз.
2  Имам Әшғари: «әл-Ибәнә», Доктор Фәуқияның нұсқасы.
3  Имам Әшғари: «әл-Ибәнә», Доктор Фәуқияның нұсқасы.
4  Имам Әшғари: «әл-Ибәнә» - Хақ иелерінің және сүннет жолындағылардың сөздері бөлімі.
5  Имам Ғазали: Қауаъидуль Ъақоид; "Ихя улумиддин".