Сәләфи бағытындағы бір жігіт тәспінің «буддизм» дінінен келгендігін айтады, осы қаншалықты рас? Сахабалар тәспі қолданған ба?
Сәләфи бағытындағы бір жігіт тәспінің «буддизм» дінінен келгендігін айтады, осы қаншалықты рас? Сахабалар тәспі қолданған ба?
2 жыл бұрын 6490

Ассаламуғалейкум! Құрметті сайт ұжымы, сіздерге Алла разы болсын. Білмегендерімізді оқып біліп жатырмыз. Алла күш-қуат берсін. Сұрайын дегенім, жақында тиктоктан бір сәләфит жігіттің тәспі тұралы айтқандығын естіп қалдым, ол онда тәспінің исламға буддизм дінінен келгендігін айтты, сахабалар тәспі тартпаған дейді. Осыған қандай уәж айтасыздар? Рақмет. Саламат.

Бисмилләһир рахманир рахим.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, ізгі тілегіңізге рақмет. Дұғаларыңыздан бізді қалдырмасаңыздар біздің тілегіміз сол. Сіздердің дұға-тілектеріңіздің арқасында Алла Тағала ісімізге береке береді деп сенеміз.

Сауалыңызға келер болсақ, қазіргі тәспінің «буддизм» дінінен келгендігін айту өрескел қате. Тәспі - сахабалардан қалған үрдіс. Кезінде сахабалар тас түйіршіктерімен, жемістің дәнегімен, не болмаса, жіпті бірнеше жерінен түйіп, солай санап зікір ететін. Бұған дәлел болар бірнеше дерек бар. Мысалы, Имам Ахмед рахматуллаһи алейһтің «Зуһд» атты кітабында:

من طريق نعيم بن محرز بن أبي هريرة عن جده أبي هريرة أنه كان له خيط فيه ألفا عقدة فلا ينام حتى يسبح به

«Сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) мың жерінен түйінделген бір жібі бар болатын, ол оны түгел тартпайынша ұйықтамайтын» деген риуаят келтірілген. Бұл риуаят ардақты сахабаның «Нәъим» есімді немересінен жеткен[1]. Сахаба Әбу Һурайраның (радияллаһу анһ) ұзын жіпті мың жерінен түйіп алуы, қазіргі таңдағы тәспінің дәл өзі болмағанда не?

Сондай-ақ, Ибн Әби Шәйбәның «әл-Мусаннаф» атты хадистер жинағында:

 عن فاطمة بنت الحسين بن علي بن أبي طالب أنها كانت تسبح بخيط معقود فيها   

«Әзіреті Әлидің немересі Фәтима бинт Хусейн (р.а) түйінделген жіппен тәспих айтатын» - делінеді[2]. Бұл қазіргі таңдағы жіпке тізілген тәспі моншақтарының ұқсасы емес пе?

Бұнымен қатар, Пайғамбармыздың (с.а.у.) заманында сахабалардың бәрі тәспі тартқанда саусақтарымен санамаған, араларында құрма сүйектерін санап тәспі тартатындар да болған және ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) олардың онысын көріп, тыйымаған болатын. Ал хадис ғылымында Пайғамбар бір істі көріп, бірақ ол істі тыймаған болса, ол іс «тәқрири сүннет» үкімін алады. Бұған мысал ретінде Әбу Дәуід, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мәжә, әл-Хәкім сынды хадисші ғұламаларының хадис жинақтарында орын алған мына бір риуаятты келтіруге болады. Сахаба Саъд ибн Әбу Уаққастан жеткен бұл сахих хадисте былай делінген:

أنَّهُ دخلَ معَ رسولِ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ علَيهِ وسلَّمَ على امرَأةٍ وبينَ يدَيها نوى ، أو حَصى تسبِّحُ بِهِ ، فقالَ : ألا أخبرُكِ بما هوَ أيسَرُ علَيكِ من هذا أو أفضلُ ؟ فقال : سُبحانَ اللَّهِ عددَ ما خلقَ في السَّماءِ ، وسُبحانَ اللَّهِ عددَ ما خلقَ في الأرضِ ، وسُبحانَ اللَّهِ عددَ ما بينَ ذلِكَ ، وسبحانَ اللَّهِ عددَ ما هوَ خالقٌ ، واللَّهُ أَكْبرُ مثلَ ذلِكَ ، والحمدُ للَّهِ مثلَ ذلِكَ ، ولا إلهَ إلَّا اللَّهُ مثلَ ذلِكَ ولا حولَ ولا قوَّةَ إلَّا باللَّهِ مثلَ ذلِكَ

 صحيح : خلاصة حكم المحدث 

«Сахаба Саъд ибн Әбу Уаққас Алла елшісімен (с.а.у.) бірге (қызы) Айша бинт Әбу Уаққастың бөлмесіне кіреді. Кірсе алдындағы дәнектермен немесе тас түйіршіктерімен зікір-тәспихат айтып отыр екен. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) ол қызға: «Саған бұдан да жеңілірек немесе абзалырақ болатын (зікірді) айтайын ба?» - дейді де мына зікірді айтады[3]:

: سُبحانَ اللَّهِ عددَ ما خلقَ في السَّماءِ ، وسُبحانَ اللَّهِ عددَ ما خلقَ في الأرضِ ، وسُبحانَ اللَّهِ عددَ ما بينَ ذلِكَ ، وسبحانَ اللَّهِ عددَ ما هوَ خالقٌ ، واللَّهُ أَكْبرُ مثلَ ذلِكَ ، والحمدُ للَّهِ مثلَ ذلِكَ ، ولا إلهَ إلَّا اللَّهُ مثلَ ذلِكَ ولا حولَ ولا قوَّةَ إلَّا باللَّهِ مثلَ ذلِكَ

Бұл хадиске ұлы хадисші Имам Ибн Хажар әл-Асқалани (р.а.) «сахих» деп баға берген.

Енді осы хадиске қарасақ зікір тартқанда тәспі сияқты "санау құралын" қолдану – бидғат емес, керісінше «сүннет» екендігін көреміз. Неге десеңіз, егер зікір-тәспихат айтқанда тәспі сияқты санау құралын қолдану «бидғат» болғанда, Алла елшісі (с.а.у.) тыймай қоймас еді. Алла елшісінің (с.а.у.) сахабаның қызының жеміс дәнектерімен санап отырып зікір-тәспихат айтуын көріп, бірақ тыйым салмауы – Оның (с.а.у.) ол істі құптағандығын көрсетеді, бұл болса хадис ғылымында «тақрири сүннет» қатегориясына жатады.

Қорыта айтқанда, ардақты сахабалардан бастап, бүкіл мұсылман жұртшылығы сан ғасырдан бері қолданып келе жатқан «тәспі» құралын «буддизмнен» кірген әдет деп, айды аспанға шығару өрескел қате, олай деуші кісінің онысы «бүйректен сирақ шығарудан» басқа ештеңе емес.

Зікір айтқанда «тәспі» қолдану – буддизмнен емес, сахабалардан қалған үрдіс екендігін нақты айта аламыз, бұған хадис кітаптарында орын алған риуаяттар дәлел, мұны ешбір білімді, ынсапты мұсылман жоққа шығармаса керек. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


[1] Имам Суюти (р.а.): «әл-Хәуи лил-Фәтәуә» - "әл-Минхә фис-сүбха".
[2] Имам Суюти (р.а.): «әл-Хәуи лил-Фәтәуә» - "әл-Минхә фис-сүбха".
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән»; Әбу Дәуід: «Сүнән»; Ән-Нәсәи; Ибн Мәжә. (рахимаһумуллаһу әжмәъин).

Абдусамат Қасым