Сәбидің тағдырының жазылуы
Сәбидің тағдырының жазылуы
2 ай бұрын 1859

Тағдыр періштесі саби құрсаққа біткеннен кейін неше күннен кейін тағдырын жазып кетеді?

Бисмилләһир рахманир рахим

Сахих хадиске қарағанда ана жатырындағы шақалаққа 120 күн толғанда Алла Тағала арнайы бір періштені жіберіп, сәбидің төрт түрлі тағдырын жазуды бұйырады. Олар: 

  • Өмір бойғы жақсылы, не жаманды істері. 
  • Ырзық-несібесі. 
  • Қанша уақыт өмір сүретіндігі. 
  • Бақытты не бақытсыз болатындығы. 

Сәбидің осы төрт түрлі тағдыры жазылып болғаннан соң, шақаллаққа адами рух үрленіп, адам жаны бітеді.

Демек, сәбидің жеке тағдыры анасының бойына біткен күннен бастап есептегенде 120 күн толғанда жазылады екен және одан кейінгі он күнде рух үрленеді дейді Имам Кәсәни (рахимаһуллаһ)1. Мұны сахаба Абдулла ибн Аббас та айтқан, ардақты сахабаның айтысына қарағанда шақалаққа төрт ай, он күн толғанда рух үрленеді деген2.

Ендеше, хадисте не делінген екен, хадисті келтірелік. Сахих Бұхари атты хадистер жинағында Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деп баяндаған:

حَدَّثَنَا رَسولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ -وهو الصَّادِقُ المَصْدُوقُ- قالَ: إنَّ أحَدَكُمْ يُجْمَعُ خَلْقُهُ في بَطْنِ أُمِّهِ أرْبَعِينَ يَوْمًا، ثُمَّ يَكونُ عَلَقَةً مِثْلَ ذلكَ، ثُمَّ يَكونُ مُضْغَةً مِثْلَ ذلكَ، ثُمَّ يَبْعَثُ اللَّهُ مَلَكًا فيُؤْمَرُ بأَرْبَعِ كَلِمَاتٍ، ويُقَالُ له: اكْتُبْ عَمَلَهُ، ورِزْقَهُ، وأَجَلَهُ، وشَقِيٌّ أوْ سَعِيدٌ، ثُمَّ يُنْفَخُ فيه الرُّوحُ، فإنَّ الرَّجُلَ مِنكُم لَيَعْمَلُ حتَّى ما يَكونُ بيْنَهُ وبيْنَ الجَنَّةِ إلَّا ذِرَاعٌ، فَيَسْبِقُ عليه كِتَابُهُ، فَيَعْمَلُ بعَمَلِ أهْلِ النَّارِ، ويَعْمَلُ حتَّى ما يَكونُ بيْنَهُ وبيْنَ النَّارِ إلَّا ذِرَاعٌ، فَيَسْبِقُ عليه الكِتَابُ، فَيَعْمَلُ بعَمَلِ أهْلِ الجَنَّةِ.

«Сендердің біреулеріңнің (алғаш жаратылғанда) жаратылысы анасының ішінде қырық күн бойы жиналады (аталық пен аналық жыныс жасушалары бірігіп, эмбрион жетіледі). Кейін сонша уақыт (қырық күн) ұйыған қан болады. Кейін сонша уақыт бір шайнам (сондай көлемдегі) етке айналады. Одан соң Алла Тағала бір періштені жіберіп, оған төрт сөзді жазу бұйырылады. Періштеге: «Оның ісін жаз. Ырзығын жаз. Ажалын жаз (өмірдегі уақыты). Және бақытты не бақытсыз болатындығын жаз» деп әмір етіледі. Кейін оған (эмбрионға) рух үрленеді. Шынында, сендердің әлдекім пейіш пен оның арасында бір құлаш арақашықтық қана қалардай мөлшерде амал етіп жүреді де, жазмышы озып кетіп, тозақ иелерінің ісін істеп (тозақы болады). Тағы біреуі тозақ пен оның арасында бір құлаш қана арақашықтық қалардай (тозаққа жетелер) істерді істеп жүреді де, соңында жазмышы озып кетіп, пейіш иелерінің ісін істеп (пейіштік болады)»3.

Демек Алла Тағала жалпы барлық адамзаттың, соның ішінде ғаламның тағдырын «лаухуль махфузда» (тағдыр тақтайшасы) егжей-тегжейлі жазып қояды. Оған қосымша әрбір бірегейдің жеке өзінің тағдырын ана жатырында жатқанда жазады екен. Сондай-ақ, хадисте «бақытты не бақытсыз боларын..» деп айтып отыр. Мұндағы "бақыттылық" деп, бұ дүниеден иманды болып өтіп, о дүниеде Алланың жарылқауына қол жеткізу бақытын айтуда. Бақытсыздық болса, бұл дүниеден имансыз өтіп, о дүниеде Алланың азабына ұшырау деген сөз. Ал дүниедегі уақытша бақыттылық пен бақытсыздық құбылысы өткінші сынақ.

Алла баршаңызға екі дүниенің бақытын сыйласын! Уа ахиру даъуәнә әнильхамду лилләһи Раббиль аләмин! 

Абдусамат Қасым


1لِأَنَّ الْوَلَدَ يَكُونُ فِي بَطْنِ أُمِّهِ أَرْبَعِينَ يَوْمًا نُطْفَةً ثُمَّ أَرْبَعِينَ يَوْمًا عَلَقَةً ثُمَّ أَرْبَعِينَ يَوْمًا مُضْغَةً ثُمَّ يُنْفَخُ فِيهِ الرُّوحُ فِي الْعَشْرِ (Имам Кәсәни: «Бәдәиъус санаиъу». Китабут Талақ).
2) وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ أَنَّهُ بَعْدَ أَرْبَعَةِ أَشْهُرٍ وَعَشْرَةِ أَيَّامٍ وَبِهِ أَخَذَ أَحْمَدُ، (Ибн Ғабидин: «Роддуль мұхтәр»).
3) Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №3208 хадис.