Құранның қазақша мағынасын оқып әруақтарға бағыштауға бола ма?
Құранның қазақша мағынасын оқып әруақтарға бағыштауға бола ма?
3 жыл бұрын 4810

Ассаламу алейкум! Құранның мағынасын ғана оқып болғаннан кейін Пайғамбарымызға, өмірден қайтқандарға бағыштауға болады ма? Баха.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құранның қазақша мағынасын оқып, қасиетті кітапты түсініп оқығанның өзіндік пайдасы бар. Дегенмен, қазақша мағынасы түпнұсқадай болмайтындығы да даусыз. Аудармалар Құран аяттарының қамтыған терең мағыналарын толық бере алмайтындықтан, аудармалар - Құран кітабындай бола алмайды. 

Құран - сөз тұрғысынан да, мағынасы тұрғысынан да Құдай тарапынан араб тілінде түсірілген иләһи кітаптың аты. Өзге тілге аударылған аудармалары тек Құран аяттарының мағынасын ғана қамтитындықтан «Құран үкімін» ала алмайды.  

Осы орайда, айта кетелік, тәңірлік діндердің ешбірінің қасиетті кітаптары түпнұсқасында сақталмаған. Тек біздің қасиетті кітабымыз ғана Алла Тағаладан түскен күйінше күнімізге дейін сақталып келеді. Алланың жәрдемімен қияметке дейін түпнұсқасын қорғап қалатынына сенімдіміз.

Сауап тұрғысынан салыстырғанда да аудармалар Құранның түпнұсқасымен тең бола алмасы анық. Мысалы, Құранның әрбір әріпіне он сауаптан берілетіндігі айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, ол үшін оған сауап бар. Әрбір сауап он есеге дейін еселенеді. Мен «Әлиф-Ләм-Мим»-ді бір әріп деп тұрғаным жоқ. Әлиф – (өз алдына) бір әріп, Ләм – (өз алдына) бір әріп және Мим – (өз алдына) бір әріп»[1].  

Бұл Құранның арабша нұсқасына қатысты. Ал Құран аудармасының әрбір әріпіне сауап берілмейді. Әрине, аудармасын оқыған адамға да ниетіне қарай белгілі дәрежеде сауап болатыны сөзсіз, бірақ Құранның түпнұсқасын оқығандай болмайды.

Қысқаша айтқанда, оқылуының өзі құлшылық болып саналатын ол - Құранның түпнұсқасы. Құран - Құдай Тағала тарапынан арабша түскен. Аудармасы – Құран кітаптың үкімін алмайды. Сондықтан да, оның қазақша аудармасын мархұмдарға оқып бағыштау – Құран бағыштағандық болып саналмайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Тирмизи: «Сүнән». №2910 хадис. 

Абдусамат Қасым