Құранның мына бір аятына қарап "арақ адал" деп жүргендер бар. Оған не дейсіздер?
Құранның мына бір аятына қарап "арақ адал" деп жүргендер бар. Оған не дейсіздер?
11 ай бұрын 4789

Ассаләмуғалейкум! «ән-Нәхл» сүресінің, 67 аятын қалай түсінуге болады?Тәңіршілдер осы аятты дәлел келтіріп «арақ ішуге болады» деп жүр екен адамдарға. Елеман.

Бисмилләһир рахманир рахим.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, «ән-Нәхл» сүресі, 67 аятында былай делінеді:

وَمِن ثَمَرَاتِ النَّخِيلِ وَالْأَعْنَابِ تَتَّخِذُونَ مِنْهُ سَكَرًا وَرِزْقًا حَسَنًا ۗ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَةً لِّقَوْمٍ يَعْقِلُونَ

«Құрма ағашының жемісінен және жүзімдерден сендер ішімдік (арақ-шарап) істейсіңдер және ол екеуінен (құрма мен жүзімнен) жақсы ризық аласыңдар. Шынында мұнда ақыл жүгіртетін қауым үшін белгі бар»1

Алайда, аталмыш аят «арақ-шарап» ішуге болады дегенге дәлел бола алмайды. Неге десеңіз?

Біріншіден - бұл аят арақ-шарап ішу харам болмай тұрғанда түскен аят. Арақ ішуден тыю бірдестен харам болмай, біртіндеп, төрт кезеңде харам болды. Жоғарыдағы аят та арақ ішу харам болмай тұрғанда түскен аят еді. Кейіннен арақ ішуді мүлдем тыйған «Мәида» сүресінің, 90, 91 аяттары түсіп, алкогольді ішімдіктер түбегейлі харам болды. Сондықтан да, жоғарыда келтірілген аяттың үкімі жойылған, яғни, мәнсух болған дейміз. Құран кітапта үкімі жойылған аяттар кездеседі, ондай аяттарды оқимыз, бірақ амалға асырмаймыз. Демек, жоғарыдағы аят - шарап ішу харам болмай тұрғанда түскен аят екен.

Екіншіден - аталмыш аятта «арақ ішуге болады» дегенді емес, көбіне сол кезеңде араб қоғамының көп қолданатын әрі ол екеуінен түрлі нәрсе жасайтын, адамдардың жанына жақын екі жеміске назар аудартып, ол екі жемісті жаратқан Ұлы бір Жаратушыны тануға шақыруда.

Үшіншіден - соқырсенімділікке берілмей Алланың берген ақылын қолданып, дұрыс пен бұрысты, ақ пен қараны айыруға шақыруда. Өйткені, Исламның алғашқы жылдарында адамдар ақылдарын қолданбай біреулердің ойлап шығарған негізсіз нанымдарға еріп, жансыз қолдан жасалған пұттарға табынуда еді. Мұның адасушылық екендігі ақылмен ойлап, пікірлейтін адамдарға айқын болатын.

Тоқ етерін айтқанда, жоғарыдағы келтірілген аят «арақ» ішудің адалдығына дәлел бола алмайды екен, өйткені, ол - арақ-шарап харам болмай тұрғанда түскен аят, яғни, үкімі жойылған «мәнсух» аят болып саналады. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Құран Кәрім: «Нәхл» сүресі, 67 аят.

Абдусамат Қасым