Құрандағы «мәннә» мен «сәлуә» жайында не білесіз?
Құрандағы «мәннә» мен «сәлуә» жайында не білесіз?
10 жыл бұрын 11396

Мәннә мен сәлуә дегеніміз Мұса пайғамбар кезіндегі Исраил қауымына, Алла тарапынан түсірілген екі негізгі астың есімдері. Мәннә мен Сәлуә жайында Құранның үш жерінде айтылады: Бақара сүресі, 57-аят; Ағраф сүресі, 160-аят; Таха сүресі, 80-аят.

Ерте замандағы Мысырда перғауынның құлдығында өмір кешіп жатқан Исраил қауымына Алла тағала Мұса пайғамбарды жіберіп, құлдықтан құтқарады. Олар Мұса пайғамбардың басшылық етуімен, перғауыннан қашып шығады. Шөлдегі ұзақ сапарларында түрлі сынақтарға тап болады. Ішіп-жейтін түгі қалмағаннан кейін, оларға Алла тағала көктен мәннә мен сәлуә деп аталатын ас жаудырады. 

«Маннәны» Құранның қазақша аудармаларында «Құдірет шекері» деп келтірсе, «сәлуәға» бөдене делінген.   

Мәннә сөзінің түбірі: жақсылық беру; нығметке бөлеу; міндетсіну деген мағыналарды білдіретін «мәнн-منّ» сөзінен шыққан деседі кейбір тіл мамандары. Ал мұның қандай ас екені жайында ертеректе ғұламалар түрлі түсіндірмелерді көлденең тартқан. Соның бірқатарын келтіре кетелік.

Тәпсір кітаптарына қарағанда ғалымдар мәннәны: Ағаш шайырына ұқсас, сүттен ақ, балдан тәтті, бал сияқты шербет деген. Оны Исраил қауымы сумен араластырып ішетін. Таң атқаннан бастап, күн батқанша Исраил қауымына қар сияқты жауып тұрды. Әркім одан күндігіне жететіндей ғана алатын. Одан артық алған жағдайда артығы бұзылып кететін еді.   

 «Сәлуә»-ға келер болсақ, сахабалар мен табиғин ғұламаларының сипаттамасына сүйенсек, сәлуә деп – қызғылт түсті құсты айтамыз. Ол - шымшықтан үлкен немесе соның көлеміндей, бөденеге ұқсас. Исраил қауымына оңтүстіктен тұратын жел оларды ұшырып әкелетін. Әркім күнделікті өзіне жететін мөлшерде ғана ұстап, бауыздап алатын.  Күндігіне жететінінен артық алған жағдайда бұзылып, қолында қалмайтын...[1].

Осы орайда аталмыш ас жайында Киелі кітапта (Библия) не делінген екен, соған бір көз жүгіртелік.  «Мәннә мен сәлуә» Киелі кітаптың Тәурат бөлімінде сөз етіледі.

Ескерту: Тәурат кітабы Мұса пайғамбарға Алла тарапынан түскен кітаптың есімі. Мұса пайғамбардан кейін Исраил ұрпақтары тарапынан Тәурат кітабы өзгеріске ұшырап, түпнұсқасындағы ақиқаттығын жоғалтты. Дегенмен мәлімет ретінде қазіргі Тәурат кітабынан үзінді бере кетелік.

Сонымен Тәуратта мәннәға - «нан», «сәлуәға»  - бөдене дегендігін байқаймыз. Тәураттың «Мысырдан көшіп шығу» бөлімінде мынадай сөйлемдер кездескен:

«Ал Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып мынаны айтты: «Біліп қойыңдар, Мен сендерге аспаннан нан жаудырамын... Сол кеште-ақ бөденелер ұшып келіп, халықтың қоныстанған жеріне қаптап қонды. Ал ертеңгісін азанда айналаны шық басып жатты. Шық кепкен кезде оның орнында айдалада қырау тәрізді ақ, нәзік қабыршақтар қалды. Исраилдіктер  мұны көргенде оның не екенін  білмей, бір-бірінен: «Мән һу?» яғни «Бұл не?» - деп сұрасты. Мұса оларға түсіндіріп: «Бұл Жаратқан Иенің сендерге жеуге берген наны...» – деді.» Сөйлемдегі «Мән һу?» яғни «Бұл не?» деген сұрақтан осы «мәнна» деген керемет тамақтың аты пайда болды деседі олар[2].

Қадірменді оқырман, Мұса пайғамбардың кезінде Исраил қауымына түсірілген аталмыш ғажайып дүниеге қарап, Ұлы Жаратушы Алла тағаланың шексіз құдірет иесі екендігіне таңданбау мүмкін емес.  Өкінішке орай, сол кездегі Исраил қауымы Алла тағаланың мейірімі мен рахымдылығын көтере алмай паңданды. Шүкіршілік етудің орнына, масаттанып, Жаратушыға керілді. Құран Кәрімде былай делінеді:

«Сол уақытта естеріңе алыңдар! "Әй Мұса! Бір-ақ түрлі тамаққа (Мәнна, Салуаға) сабыр ете алмаймыз. Біз үшін Раббыңа жалбарын, бізге жерден өсетін, көк өнісінен қиярынан, бидайынан, бұршағынан және сарымсағынан шығарсын" дедіңдер. Мұса (Ғ.С.): "Сондай ол сапалы нәрсені, бұл сапасыз нәрселерге ауыстырмақшысыңдар ма? Бір қалаға түсіңдер, онда әрине қалағандарың бар" деді. (Сондықтан) оларға қорлық, жоқшылық жүктеліп, Алла (Т.) ның ашуына ұшырады. Бұл олардың, Алланың аяттарына қарсы келулері және жазықсыз пайғамбарларды өлтірулері сондай-ақ өстіп қарсы келіп, шектен шығулары себепті»[3].

[1] Ибн Кәсир, Бақар сүресі -57 аят тәпсірі.; Табари; Құртуби.
[2] Киелі кітап, қазақша аудармасы. 2001. Мысырдан көшіп шығу – 16: 4-16.
[3] Бақара сүресі, 61 аят.

Абдусамат Қасым