«Құранда үш намаз уақыты ғана айтылған. Бес уақыт намаз туралы Құранда жоқ» дейді. Осы рас па?
«Құранда үш намаз уақыты ғана айтылған. Бес уақыт намаз туралы Құранда жоқ» дейді. Осы рас па?
7 жыл бұрын 21222

Әссәләмуғалейкум! Құранда тек 3 намаз уақыты туралы айтылған ба?  Интернеттен оқыдым. Құранда тек үш уақыт қана айтылған. Бес уақыт деген Құранда айтылмаған делінген. Бес уақыт "Пайғамбардың Алланың құзырына барды» делінетін хадисте ғана айтылған екен.  Ермек Асылбеков.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Ермек, бес уақыт намаз ұлы хижрет оқиғасынан бір жарым жыл бұрын, миғраж түні парыз болғандығы рас. Ол түні Пайғамбарымыз (с.а.у.) Жебірейіл (ғ.с.) періштенің серіктік етуімен «Бұрақ» деп аталатын ақ жануарға мініп, Меккедегі «Харам» мешітінен, Палестинада орналасқан Ақса мешітіне келеді. Ақса мешітінен жеті көкке көтеріледі[1]. Алғашында елу уақыт намаз бұйырылады. Алайда, Мұхаммед ғалейһиссәләмның сұрауы бойынша, бүкіл әлемнің Иесі Аллаһу Тағала елу уақыттан, бес уақытқа түсіреді. Содан, бес уақыт намаз әрбір балиғат жасқа толған мұсылман үшін парыз болып бекітіледі[2].  

Бірақ та, бұл - Құранда бес уақыт намаз турасында айтылмаған деген сөз емес. Құранда бес уақыт намаз жайында айтылған бірнеше аяттар бар. Сондай аяттардың бірі «Рум» сүресінде орын алған. Онда былай делінеді:

«Алланы кешқұрым және таң атырғандарыңда пәктеңдер. Мақтау көктерде де, жерде де бір Аллаға тән. Сондай-ақ, (Алланы пәктеңдер:) екінді уақыты мен бесін уақытына кіргендеріңде»[3].  

Оған қоса «Һуд» сүресінде де былай делінеді:

«Күндіздің екі жағында және түннің бір уағында намаз оқы»[4]

Аталмыш аяттардағы «кешқұрым» сөзі – ақшам намазын, «таң атырғанда» сөзі – бамдат намазын, ал, «екінті уақыты» мен «бесін уақыты» деген сөздер - асыр мен бесін намаздарын білдіреді. «Һуд» сүресіндегі «түннің бір уағында» деген аят құптан намазына дәлел.

Деректерге қарағанда, сахаба Абдулла ибн Аббасқа бір кісі: «Құранда бес уақыт намаз жайлы айтылған ба?», - деген сауал қояды. Сонда Ол (р.а.): «Иә. Құранда айтылған» - деп, жоғарыда келтірілген «Рум» сүресіндегі аятты оқыған екен[5].


[1] Алланың елшісі Ақса мешітінде екі рәкәғат намаз оқып шыққаннан кейін, Жебірейіл періште (ғ.с.) оны жеті көкке көтеріп алып кетеді. Меккедегі Харам мешітінен, Палестинадағы Ақса мешітіне дейін періштемен бірге жасаған түнгі сапарын «Исра» дейміз. Ақса мешітінен көкке көтерілуі «Миғраж» деп аталады.
[2] «Сахих Бұхари» - №349; «Сахих Мүслим» - №162.
[3] Рум сүресі, 17,18 аяттар.
[4] Һүд сүресі, 114 аят.
[5] Имам Табари: Табари тәпсірі, «Рум» сүресі, 17,18 аят тәпсірі. 

Абдусамат Қасым