Құдай кімнің қандай жолды таңдарын алдын-ала білетін болса, адамды жаратудың не керегі бар еді?
Құдай кімнің қандай жолды таңдарын алдын-ала білетін болса, адамды жаратудың не керегі бар еді?
9 жыл бұрын 6477

Әссәләму алейкум! Менен кейбір адамдар: «Құдай кімнің  қандай жолды таңдарын алдын-ала білетін болса, адамды жаратудың не керегі бар еді? Кәпірді тозаққа, мұсылманды пейішке кіргізе салса болмас па еді? Біздің амалымызға мұқтаж емес?» - деп сұрап жатады. Осыған жауап берсеңіздер, иншаАЛЛА. Самед

Уағалейкум әссәләм!

Біріншіден - Жаратушымыз еш нәрсені босқа жаратпаған. Бізді жаратудағы өзіндік мән-мағынасы бары анық[1]. Екіншіден - Алла тағала – Хаким, яғни, аса дана. Әрбір ісінде даналық бар. Адам баласын робот етіп жаратуды қаламай, оған сана және таңдау еркіндігін берді. Бұнда да даналығының көрінісін байқау қиын емес.

Ендеше, ақ пен қараны айырып, өз жолын таңдай алатын адамның я дұрыс жолды, я болмаса бұрыс жолды таңдары заңды.

Ендігі сұрақ: Құдай тағала болашақты біледі ме? Бұның жауабы белгілі. Өйткені, құдіреті күшті Жасаған Ие қиямет қайымға дейін не боларын білуі тиіс. Егер де, болашақты білмейді десек, «бәрін білуші емес» деген боламыз. Бәрін білмейтінді қалайша құдіреті күшті Құдай деуге болады?

Демек, Алла тағаланың болашақта кімнің кәпір, кімнің мұсылман боларын білуі орынды. Және барлық нәрсе Алланың алдын-ала білгеніне сай пайда болады.Осы тұрғыда мына нәрсені ұмытпау керек, Алла тағаланың алдын-ала білуі бізді сол істі істеуге мәжбүрлемейді.   

Қорытынды:

Алла тағала адамды жаратар кезде періштелерге: «Шынында, мен жер бетіне бір орынбасар жаратамын», - деді. Періштелер: «Онда бұзақылық істеп, қан төгетінді жаратасың ба? Біз сені пәктеп, дәріптеп, мақтаудамыз», - деп сұрайды. Сонда Жаратушы Иеміз: «Сөзсіз, мен сендер білмейтін нәрселерді білемін», - деп жауап береді[2]. Біздің кім боларымызды, қандай жолды таңдарымызды Жаратушымыздың алдын-ала білетіндігі даусыз .

Бірақ, кімнің кім боларын білсе де оны неге жаратқандығын ашып айтпады (яғни, кәпірдің кәпір болатынын білсе де оны не үшін жаратқандығын ашып айтпаған). Сондықтан, бұған жауап іздеп, басты қатырғанша, өзімізге жүктелген дін бұйрықтарын кәміл түрде орындауға көбірек мән бергеніміз дұрыс. Өйткені, істеген істеріміз үшін жауапқа тартылатын бізбіз, Құдай емес. Құранда: «Ол, істегендерінен сұралмайды. Олар сұралады», - делінген[3].


[1] Әли Имран сүресі, 190-191 аяттар.
[2] Бақара сүресі, 30-аят.
[3] Әнбия сүресі, 23-аят.

Абдусамат Қасым