Қолдың сыртымен дұға жасағандарды көрдім. Осындай бар ма?
Қолдың сыртымен дұға жасағандарды көрдім. Осындай бар ма?
7 жыл бұрын 12310

Әссәләмуғалейкум! Кей адамдардың алақан сыртымен дұға жасағанын көрдім. Алақанның сыртымен дұға жасау дұрыс па? Мұның мәнісі не? Осылай жасау – Шафиғи мәзхабында сүннет саналады дейд. Ханафи мәзхабында бар ма? Осыны растайтын хадистер бар ма? Шафиғи мәзхабының сүйеніп, осылай дұға жасасақ, сүннетті орындаған боламыз ба? Нұрқожа Сайфуллаев.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Сахих Мүслимде» келтірілген бір риуаятта: «Пайғамбарымыз жаңбыр сұрады, сол мезетте екі қолының сыртын аспанға қаратты», - делінген.

Осыған орай, Шафиғи мәзхабында әртүрлі қауіп-қатерге қарсы дұға еткенде қолдың сыртын аспанға, ал алақанды жерге қарату– сүннет («бетін аулақ ет» деген секілді). Бұған байланысты Шафиғи ғалымы Имам ән-Нәуәуи былай дейді:

«Біздің мәзхабтағы көпшілік ғалымдар және тағы басқа ғалымдар айтқан: «құрғақшылық сияқты әртүрлі қауіп-қатерді бейтарап ету мақсатында дұға етілгенде екі қолды көтеріп, қолдың сыртқы жағын аспанға қарату (яғни, алақанды жерге қарату) – сүннет. Ал, бір нәрсеге қол жеткізу үшін дұға етілгенде, керісінше алақанды аспанға қарату (яғни, әдеттегідей алақанды жайып) дұға ету – сүннет»[3].

Ғалымның бұл сөзіне дәлел болар мынадай риуаятты да келтіреді: «Алла елшісі (с.а.у.) (дұға етіп) бір нәрсе сұрағанда қолдың ішкі жағын (алақанын) өзіне қарататын. Ал, бір нәрседен пана тілегенде, қолдың сыртын өзіне қарататын»[4]

Әйткенмен, Ханафи мәзхабында алақанды жерге қаратып, қолдың сыртын төбеге қаратып дұға ету деген нәрсе (сіз айтқандай, қолдың сыртымен дұға ету) қарастырылмаған[2]. Тек, кейбір деректерде жаңбыр дұғасын жасағанда ғана рұқсат делінеді. Өйткені, Алла елшісі Мұхаммед ғалейһиссәләм өзінің бір хадис шәрифінде: «Егер, Алладан сұрайтын болсаңдар, қолдарыңның ішімен сұраңдар (алақандарыңды жайып). Қолдарыңның сыртымен сұрамаңдар»[1], - деп бұйырады.  


[1] Әбу Дәуід: «Сүнән». №1486 бет.
[2] Десе де кейбір Ханафи кітаптарында Мұхаммед ибн әл-Ханафияның мына сөзі келтіріледі: Дұға төрт түрлі: 1.Тілек (сұрау). Алақанды жайып дұға етеді. 2.Қауіптену (мысалы, тозақтан сақта т.б.). Қолдың сыртын өзіне қарата дұға етеді (алақанды жерге). 3.Бойсыну. Саусақтарын жұмып, сұқ саусағын ғана көтереді. 4.Іштей дұға. Қол көтерілмейді. (Раддуль Мухтар. 2/215-216 бет.).
[3] Сахих Мүслімнің шархы. №896 хадистің түсіндірмесі.
[4] Ахмәд ибн Ханбәл: Мүснәд - №16129 хадис.; әл-Һәйсәми: мәжмәъуз зәуәид - №17333. Мүрсәл. 

Абдусамат Қасым