Қабір басына ағаш егуге бола ма?
Қабір басына ағаш егуге бола ма?
8 ай бұрын 10789

Қайырлы күн! Мәйіт басына ағаш егуге бола ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

Мазарға ағаш егудің ағат тұсы жоқ, бидғат емес. Шариғатта «әл-Аслу филь әшя ибаха» делінген қағида бар. Оның мағынасы: «әр нәрсенің негізі ол – мубахтық, харамға шығарар дәлел келмеген болса». Мазар басына ағаш егілмесін деген тыйым жоқ дінімізде. Сондықтан да, үкімі мубах (рұқсат) болып қала бермек дейді дін ғалымдары. Алайда, ағашты дәл мархұмның қабірінің түбіне екпеген абзалырақ дегенді де ескертеді.

Себебі, ағаштың тамыры жайылып, қабірдегі мәйіттің сүйегіне залалын тигізеді. Хадисте: «Мәйіттің сүйегін сындыру - тірі кезінде сүйегін сындырғанмен тең» деп1, мәйіттің сүйегіне зиян тигізудің харамдығын білдірген. Оның үстіне жел тұрып, ағашты құлатса, ағаш қабірді қопарып, қабірдің ашылуына алып келуі ықтимал.

Сондықтан да, ағашты белгілі бір қабірдің басына емес, қабырстанның айналасына және жүргіншілердің жолына т.б. қорымның адам жерленбеген жерлеріне еккені дұрысырақ.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

Абдусамат Қасым


Әбу Дәуід: «Сүнән».