Пірдің суретін "үйді қорғайды" деп іліп қойыпты. Осы дұрыс па?
Пірдің суретін "үйді қорғайды" деп іліп қойыпты. Осы дұрыс па?
5 жыл бұрын 5865

Ассаләмуғалейкум! Сіздерден сұрайын деген едім. Жақында туыстарым мені үйлеріне шақырды. Ол жерде өзін «Хазирет» деп атайтын кісінің қатысуымен рәсім өтті. Шәкірттері солай атайды екен. Шәкірттер өздерін брадар дейді. Үйдің дуалында сол хазыреттің портреті ілініп тұрды. Мен неге бұл сурет ілініп тұр деп сұрағанымда олар: «Бұл портрет үйлерін сақтайды, қорғайды» деп жауап берді. Енді сауалым: осылай үйде әйел-еркек болып жиналуларына бола ма? Діни рәсімдер мешітте жасалмаушы ма еді?  Анон. (Сұрақтың түпнұсқасы орысша).

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал қоюшы, сіздің айтып отырған рәсімнің қандай рәсім екендігін білмедім. Жалпы алғанда адамдар әртүрлі себептермен жиналуы мүмкін. Мысалы, қонаққа шақырғанда жиналып жатады немесе уағыз-насихат тыңдап, дәріс-сабақ алу үшін жиналуы мүмкін т.б. осы сияқты шариғатқа қайшы келмейтін және қоғам қауіпсіздігіне, мемлекетімізге зияны жоқ жиналыстардың ағаттығы болмас.

Бірақ мені толғандырған мәселе ол емес. Мені толғандырып отырған нәрсе: «үйді қорғайды деп хазреттің суретін іліп қойған» дедіңіз. Мұндай нәрсе шариғатқа да, тариқатқа да теріс әрекет. Ислам тасаууфында мұндай ағаттыққа жол берілмеген. 

Біріншіден - тірі жанның суретін ілу – шариғатта мәкруһ. Өйткені, тірі жанның суреті ілінген үйге періштенің кірмейтіндігін Алла елшісі Мұхаммед пайғамбар ғалейһиссәләм  өзінің хадис шәрифтерінде айтып кеткен. Бүгінде кей ғалымдар фотосуретті бұл хадистің аясына кіргізбегенімен, көпшілік ғалымдар фотосуреттің ілінуіне де қарсы. Ал енді «тақуалық жолын» ұстанған әлдебір сопы мұсылманның сақтық үшін фотосуретті де ілмеуі керек еді.

Екіншіден - Исламда «адамдың бейнесі қорғайды» деу былай тұрсын, суретке қарап намаз оқудың өзі - харам (харамға жақын мәкруһ). Намаз оқып тұрған адамның айналасында тірі заттың суреті болмауы тиіс. Бұны шариғатымыз қатаң ескерткен. Ниеті Аллаға табыну болса да суретке қарап намаз оқуды қатаң тыйған дініміз, қалайша әлдебір кісінің суретін "қорғайды" деп ілуіне рұқсат беруі мүмкін?!

Үшіншіден – Ислами тұрғыда ешқандай шынайы әулие, ақиқи пір, шейх, ұстаз өзінің фотосуретін қорғап-қорғаштайды деп айтуы да, ондай бассыздыққа рұқсат беруі де мүмкін емес. Өйткені, Исламда бұл өрескел қателік. Харам іс. Ал Исламға теріс келетін сопылық – шынайы сопылық жолы емес, ол адасушылық. Бұл жайында сопылық жолының көшбасшыларының бірі Имам Раббани (рахимаһуллаһ) былай дейді өзінің «Мәктубат» атты кітабында:

«Тариқат пен Исламият - екеуі бір-біріне бөтен екі бөлек нəрсе емес. Араларында қылдай айырмашылық жоқ. Исламиятқа сай келмеген барлық нəрсе - бұзық, ақаулы. Ондайды лақтырып тастау керек. Исламияттың қаламаған, көздемеген мұсылмандық - зындықтық (адасушылық) болып табылады. Исламиятқа жабысып ақиқатты іздеу - шынайы сопылық..."[1] .

Төртіншіден – Исламда сурет былай тұрсын, тұмардың өзін қорғайды деп ілу харам іс саналған. Тек, кейбір ғалымдар "ішінде Құран аяттары жазылған тұмарларға" рұқсат деп отыр. Одан бөлек, әртүрлі тұмарды іліп қойып, одан пана күтуді құп көрмейді. Бұған байланысты бірнеше сахих хадистер дәлел. 

Бесіншісі - әлдекімнің суретін іліп қойып, оны қорғап-қорғаштайды деу Әһли сунна сенім негіздеріне теріс. Бұндай әрекет христиан дінінде бар. Исламда жоқ. Әһли сунна сенім негіздеріне сай келмейтін сопылықты, ертеректегі Шаш (қазіргі Ташкент) өңірінде туып-өскен, мавранахр аймағындағы «Нақшибандия» тариқатының жетекшілерінің бірі Хаж Убайдулла ал-Ахрар (қаддәсәллаһу сирраһу) жоққа есептеген. Ол былай деген:

«Барлық керемет пен кәшіфтер бізге берілсе де, бірақ Әһли суннет уәл жамағат сенім негіздерін жүрегімізге орнықтырмаса, жағдайымды мүшкіл, болашағымды қара түнек деп білемін»[2].

Имам Раббанидің де мынадай сөзі бар:

«Сөздің қысқасы былай: Құтылудың жолы – тек Әһли сунна уәл жамағат жолына сәйкестену арқылы болмақ. Өйткені, тозақтан құтылады деп сүйіншіленген топ (фырқа) - солар. Олардан басқа топтар жоқ болып, қасыретке ұшырайды. Бүгінде оның солай екендігін кейбіреулер білсе де, кейбіреулер білмейді. Дегенмен, ертең (қияметте) бәрі түсінеді. Бірақ ол уақытта пайдасы болмайды»[3].  

Тағы бір сөзінде былай деген:

"Əһли сүннет жолындағы ғалымдарға ілесіп, олардың жолында болғандарға құт-береке дарысын. Ал олардың ізімен жүрмегендерге, олардың жолынан тайғандарға өкініш болсын. (Бұндайлар) Өздері шалыс басқанымен қоймай, өзгелерді де адастырды"[4].

Қорытындылай келе айтарым, шынайы мағынада сопы болам деген кісі әуелі шариғат ілімдерін оқуы ләзім. Шариғи ілімі жоқ бола тұра, сопылық жолына түсемін деген кісі адасуы мүмкін. Ненің ақ, ненің қара екендігін айыратындай білімі жоқ мұсылман әртүрлі адасушы әрекеттерге бой алдырып, соңында ақыретін жоғалтуы ғажап емес. Сондықтан да, Құран мен хадис және "ижма-и умматтың" аясында болғаны жөн. Құран және хадиске қайшы сопылық - мұсылмандар арасында надандықты жаяды, фитна-фасад тудырады. Адамға не дүниеде, не ақыретте пайда алып келмейді.  

Сөзімді Алла Тағаланың мына бір қасиетті аятымен аяқтағым келіп отыр. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:

مَن يَهْدِ اللَّهُ فَهُوَ الْمُهْتَدِ ۖ وَمَن يُضْلِلْ فَلَن تَجِدَ لَهُ وَلِيًّا مُّرْشِدًا

«Алла Тағала кімге хидаят берсе, ол – хидаят тапқан адам. Ал, кімді адастырса, ол үшін (оны туралыққа бастай алатын) ешбір әулие-мүршид таба алмайсың»[5].

Жаратушы Иеміз баршамызға хидаят, тауфиқ бергей! 

[1] Имам Раббани: Мәктубат – 43 хат.
[2] Мәктубат – 193 мәктуб.
[3] Мәктубат – 69 хат.
[4] Мәктубат – 59 хат.
[5] Әл-Кәһф сүресі, 17 аят.

Абдусамат Қасым