Пайғамбарымыздың (ﷺ) атасы мен әкесі және анасы қай дінде болған?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ата-анасы қай дінде болған?
|
Құрметті сауал жолдаушы!
Өздеріңізге белгілі болғандай пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләмның туылмай жатып әкесі қайтыс болды. Ал, алты жасына толғанда анасы көз жұмды. Осыған орай, Ислам ғалымдары арасында "Ата-анасы сол кезде қай дінде еді? Олардың баратын жері пейіш пе, тозақ па?" - деген мәселелер талқыланған.
"Кәпір дінінде болған күйі өлген" деп ашық айтқан ғалымдар болғаны сияқты (мысалы, Әбу Ханифа)[1], "Ибраһим пайғамбардың ғ.с. жолымен жүретін, Алланың серігі жоқ дара деп білетін ханиф дінінде еді" дейтін ғалымдар да болды. (Фәһруддин Рази). Қалай дегенде де, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ата-анасына қатысты болғандықтан, бұл мәселе төңірегінде сөз қозғаған кісі әдеп шеңберінен шықпай, ең дұрысын Алланың шексіз іліміне қалдырғаны абзал.
Сіздің сауалыңызға былай деп жауап беруге болады:
Ислам келмей тұрып араб қоғамында өмір сүрген адамдар:
1. Пұтқа табынушылар,
2. Пұтқа да сенбейтін, Алланың бірлігін де ақылымен таппаған, өмірі ғапылдықта өткендер
3. Ақылдарымен дұрыс жолды тауып, Алланың бірлігін, серігі жоқ дара екендігін түсінген адамдар болып бөлінетін. (Ханифтер)
Бірінші топтағылардың барар жері – тозақ.
Екінші топтағылардың барар жері жөнінде, талас бар.
Үшінші топтағылардың (ханифтер) барар жері – пейіш.
Ендігі жерде, ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у.) ата-анасын «пұтқа табынушы» дегеннен гөрі, соңғы екі топтың біріне жатқызған дұрыс дейді Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин. Мысалы, ол екеуі Алланың серігі жоқ дара екендігіне сенген "ханиф" дінінде болған болулары мүмкін. Немесе «Олар пұтқа да сенбейтін, ханиф дінінде де емес еді», - десек, кей кәләмшы ғалымдардың ережесіне сүйене отырып, олардың да пейіштік екендіктерін айтуға болады.
Қорыта келе, ғұлама Ибн Ғабидин айтқандай: бұл тақырыптың нақты үкімін білмеу – кемшілік емес, сондай-ақ, бұл - қабірге барғанда, яки, махшарда жиналғанда «неге білмедің» деп сұраққа алынатын және «білінуі парыз» болған іргелі-негізді тақырыптарға жатпайды. Сондықтан да, аталмыш мәселе жайында сөз қозғағанда мүмкіндігінше оңды пікір білдіріп, «кәпір еді, мүшрик еді» деген сияқты жайсыз сөз айтудан сақтанғанымыз абзалырақ болмақ[2]. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] ӘБу Ханифа: "әл-Фиқһуль Әкбәр".
[2]Ибн Ғабидин: Раддуль Мұхтар. 4/348,349 беттер.