Пайғамбарымыздың денесін кім жуды және жаназа намазын кім өткізді?
Пайғамбарымыздың денесін кім жуды және жаназа намазын кім өткізді?
10 жыл бұрын 33974

Әссәләмуғалейкум! Алла разы болсын, көп сұрағыма жауап алдым. Тағы бір екі сұрағым бар: 1.Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаназа намазын кім шығарды? 2.Оның денесін кім жуды? Рахмет. Марат

Уағалейкумсалам, Марат!

Хижреттің 11-жылы, Рабиғул әууәл айының 12-жұлдызында, дүйсенбі күні адамзаттың асыл тәжі, ардақты да, сүйікті Пайғамбарымыз (салаллаһу ъалейһи уәсәлләм) фәни дүниені тастап, бақи әлемге аттанды. Ертесіне, сейсенбі күні сахабалар Пайғамбарымызды (с.а.у.) жерлеуге қамданады. Пайғамбарымыздың асыл денесін жууға қатысқандар:

1. Әли ибн Әби Талиб;
2. Аббас ибн Абдил Мутталиб;
3. Фазл ибн Аббас;
4. Қусәмә ибн Аббас;
5. Усама ибн Зайд;
6. Пайғамбарымыздың азатты құлы Шуқран.

Сондай-ақ, ансардан Әус ибн Хаули Әзіреті Әлиге өтініш білдіреді. Әзіреті Әли оны да, қатарға алады. Алла олардан разы болсын.

Әус жуатын суын дайындады. Усама мен Шуқран су құйып тұрды, Әзіреті Әли Пайғамбарымыздың денесін өзінің көкірегіне сүйеп қолына оралған шүберекпен, Оның киімін шешпей жуындырды. Әзіреті Әли: «Әкем мен Анам саған пида болсын! Тіріңде де, өлгеннен соң да неткен пәк едің», - деді, жуып жатып. Ал, Аббас, Фазл және Құсәм Пайғамбарымыздың денесін бір жанынан екінші жанына аударып тұрды.

ЕСКЕРТУ: Пайғамбарымыздың мәйітін жуарда бөлме ішінен «Алла елшісінің көйлегін шешпеңдер» деген дауыс шығады. Сосын сахабалар үстіндегі киімін шешпей, оның үстінен су құйып, Әзірет Әли қолына шүберек орап, көйлектің астына қолын сұғып денесін ысқылап жуады[1]. 

Жуып болғанна соң Пайғамбарымызды кебіндейді.

Тарихшылардың келтірген деректеріне сүйенсек Алла елшісінің мәйітін қай жерге көму мәселесі де сахабаларды толғандырмай қоймады. Сонда Әбу Бәкір Сыддық тұрып: «Мен Алла елшісінің: «Пайғамбар тек өлген жерінде көміледі», - деген сөзін естігенім бар еді», - дейді. Осыдан барып сахабалар Пайғамбарымыз жан тәсілім еткен төсекті көтеріп, төсектің орнына қабірін қазуға шешім қабылдайды[2].  

Кебінделіп болғаннан кейін, бөлмесіндегі төсегіне жатқызылады. Жаназа намазы жамағатпен емес, жеке-жеке оқылды. Ешкім имамдық етпеді. Әуелі ер кісілер кіріп, әркім жеке имамсыз жаназа намазын оқыды. Еркектерден кейін әйелдер, олардан кейін жас балдар кіріп жаназасын оқыды. Жаназасы оқылып болғаннан кейін мәйіті жер қойнауына тапсырылады[3].

Аллаһумма салли ъаля Мұхаммед уа ъаля әли Мұхаммед!

[1] Тарихуз Захаби – 2 том, 575 бет. «Дәрул китабил Ъараби». Бейрут, 1990 ж.
[2] Ибн Һищам; әс-Сиратун Нәбәуия – 200 бет. Каир. 2006 ж.
[3] Тарихуз Захаби – 2 том, 575 бет. «Дәрул китабил Ъараби». Бейрут, 1990 ж.

Абдусамат Қасым