Өзге діндегілерді дос тұту күнә ма?
Өзге діндегілерді дос тұту күнә ма?
11 жыл бұрын 6041

Ассаламуғалейкум! Құранның бірнеше жерінде «христиандармен, яһудилермен, пұтқа табынушылармен дос болмаңдар» деген бұйрық бар. Мәселен, «Мәида» сүресінің 51-аятында кітап иелері болып табылатын христиандарды және яһудилерді дос тұтпаңдар дейді. Сонда, біз, мәселен, орыстармен дос болмауымыз керек пе? Немесе бұл аятта өте жақын достық туралы айтылып тұр ма? «Ислам Өркениет»

Уағалейкумуссалам! 
Құранның Мәида сүресі 51-аятында былай  делінген:

«Ей, иман келтіргендер! Яһудилер мен Христиандарды (оларға арқа сүйеп) жәрдемші тұтпаңдар[1]...!»

Аталмыш аяттағы «Әулия (اولياء)» сөзі араб тіліндегі   «Уәли (ولي)»  сөзінің көпше түрі, жәрдемші, сүйікті адам,  жолдас, дос, қамқоршы, көрші, одақтас, мойынсұнушы деген мағыналарға саяды. Өзге кісінің істерін өз міндетіне алушыны да «уәли (ولي)» деп атайды[2]. Аяттағы мағынасы «оларды пана тұту, солардың саясына ену, өз істерін билеп-төстеуші ретінде тану» дегенді білдіреді[3].

Бұл аяттың түсу себебі ретінде бірнеше деректер бар. Бір деректе сахаба Ғубадату ибн Самит әл-Ансаридің яһуди дініндегі одақтастары бар-тын.  Хандақ[4] шайқасында әлгі сахаба ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.у.) келіп: «Уа, Расулулла! Менімен бірге бес жүз яһуди бар. Солар да менімен шықса, дұшпанға қарсы арқа сүйерім болса деймін?!», – деп пікірін білдіреді. Осыған орай Мәида сүресі 51-аяты түседі[5].

 Енді, осы аятқа сүйене отырып қазіргі таңда «мұсылманның христиан немесе яһуди дініндегі азаматтармен байланыс құрмауы керек пе, олармен достық қарым-қатынаста болмауы тиіс пе?»деген сұраққа ғалымдарымыз былай деп жауап береді: 

«Мұсылмандармен бірге қоян-қолтық, тату-тәтті өмір сүріп, астыртын арам пиғылы жоқ өзге діндегі азаматтармен өзара сыйласып, оларды дос көрудің еш ағаттығы жоқ. Өйткені Құран Кәрімде:«Алла тағала дін үшін сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды»[6], – делінген».[7]

Ендеше, бірнеше дін өкілдері тату-тәтті, сыйластықпен өмір кешіп жатқан біздің қоғамда алауыздық тудырмай, өзге діндегілермен сыйласып, олармен достық қарым-қатынаста болу дінімізге қайшы емес.

[1] Тәфсируль Сәмарқанди, Маида сүресі – 51 аят тәпсірі. 
[2] Әбу Заһра, Зәһратут Тәфасир: Маида сүресі – 51 аят тәпсірі;  Ас-Сабуни, Рауаиғуль Баян: Маида сүресі – 51 аят.
[3] Әбу Заһра, Зәһратут Тәфасир: Маида сүресі – 51 аят тәпсірі
[4] Хандақ соғысында Меккедегі мүшриктермен бірлесіп, Пайғамбарымызбен жасасқан достық келісім шартты бұзғаны үшін Медине қаласынан қуылған Бәни Надир яһудилері   жасақ құрады. Бас аяғы 10 000 әскермен Медине қаласына беттейді. Дұшпан әскеріне қарсы азғантай қолмен қаланы құтқарып қалу үшін сахабалармен кеңесе отырып, Пайғамбарымыз Мәдина сыртына ор қазуға шешім қабылдайды. Хандақ (ор) соғысы деп аталуының себебі де осы.  Осындай шешуші сәтте сенімсіз одақтастаррға арқа сүйеу қателік болар еді. Өйткені,  көп кешікпей-ақ, баста жәрдем етіп жүрген қала ішіндегі өзге яһуди топ (Бәни Құрайза) қаланы тастап мүшриктерге қосылады.
[5] Ас-Сабуни, Рауаиғуль Баян: Маида сүресі – 51 аят.
[6] Мүмтәхина – 8 аят.
[7] Әбу Заһра, Заһратут Тәфасир: Маида сүресі – 51 аят түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым