Өлген жануарлардың жаны қайда болады?
Өлген жануарлардың жаны қайда болады?
2 жыл бұрын 8459

Ассәләмуғалейкум! Өлген жануарлардың жаны қайда болады? Қандай жануарлар жәннәттық болады? Фердаус.

Бисмилләһир рахиманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Өлген жануарлардың жаны «бәрзах» әлемінде болады. Бәрзах әлемі деген, өлгеннен кейінгі рухтардың қиямет қайымға дейін тұрақтайтын әлемнің аты, оны "қабір өмірі" деп те атайды немесе қазақша «о дүние». Құранда: «Әр тірі жан өлімді татады» делінген. («Әли имран», 185 аят). Жан алушы періштесі адам және жындардың жанымен қоса, жан-жануарлардың да жанын алады. Денелерінен жандары шыққаннан кейін рухтары қиямет қайымға дейін «бәрзах» әлемінде тұрақтайды. Қиямет қайым болғанда, яғни, дүниенің астан-кестені шығып, Алланың бұйрығымен екінші сүр үрленгеннен кейін әрбір рух өзінің денесіне кіреді де, бәрі түгел қайта тіріледі. Сонда жан-жануарлардың да рухтары денелеріне кіріп, денелері бұрынғы қалпына келіп, тіріледі. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: 

«Жердегі жүрген жандылар мен қанатымен ұшқан құстар сендер құсаған (өз алдына) үмбет. Жазуда еш нәрседен кенде етпедік. Сонан соң олар Раббыларының алдына жиналады»1.

Осы аяттағы «сонан соң олар Раббыларының алдына жиналады» деген сөйлемнен қиямет күні жануарлар да қайта тірілетіндігін ұғынамыз.

Қайта тірілгеннен кейін олардың бір-бірлеріне кеткен ақылары алынып беріледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Қиямет күні әркімнің ақысы иесіне сөзсіз қайтарылады. Тіпті мүйізсіз қойдың ақысын, оны сүзген мүйізді қойдан алып береді»2, - делінген. Тіпті адамдар тарапынан қорланған жануарлардың ақысы есеп күні сұралады. Хайуандарды адамдар пайдалансын деп жаратқандығы рас, бірақ оларға қорлық көрсетуге дініміз рұқсат бермейді. Тіпті бір хадисте «бір мысықты тамақ бермей қамап өлтірген әйелдің тікелей тозаққа кеткені» білдірілген.

Жан-жануарлардың ақылары алынғаннан кейін, Алла Тағала оларды топыраққа айналдырады3. Сонда мәңгі тозаққа түсетінін біліп тұрған кәпірлер «шіркін-ай, біз де осылар сияқты топырақ болып кетсек екен» деп армандайды екен. Бұл жағдайлар қайта тірілген күні болады. Оған дейін жануарлардың да жандары «бәрзах» әлемінде болады.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин. 


1  Құран Кәрім: «Әнғам» сүресі, 38 аят.
2  Ахмед ибн Ханбәл: - №7163.
3  Деректерде жәннатқа кіретін бес жануардың аты аталады (кейбірі он деген). Олар - Асхабул Кәһфтің (үңгір иелерінің) иті[1], Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың ұлы Исмаилдің (ғ.с.) қошқары,  Салих пайғамбардың (ғ.с.) түйесі, Үзейрдің (ғ.с.) есегі және Пайғамбарымызды (с.а.у.) миғражға көтерген Бұрақ есімді жануар. Бірақ бұған қатысты нақты хадис келмеген.

Абдусамат Қасым