О дүниеге кім барып келіпті?
О дүниеге кім барып келіпті?
7 жыл бұрын 22858

Әссәләмуғалейкум! Бір досыммен діни тұрғыда пікір таласқа түскенбіз. Қияметтің үлкен және кіші белгілерін талқылап. Соңында досымның маған сұрағы мынадай болды: «Ол жаққа (яғни, о дүниеге) барып келген кім бар? Мен сол адамға барайын», - деді. Осыған қандай жауап болады? Алла разы болсын. Жауаптарыңызды күтемін. Равиль.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

О дүниеге Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) барып келген. Алла Тағаланың қалауымен о дүниедегі пейіш пен тозақты және ондағы адамдар оған көрсетілді. «Сахих Хадистің» бірінде Мұхаммед пайғамбарымыз (ғ.с.) былай дейді:

«Маған пейіш көрсетілді. Пейіштегілердің көбісі кедейлер екендігін көрдім. Және маған тозақ көрсетілді. Тозақ иелерінің көпшілігі әйелдер екендігін көрдім»[1].

Әл-Хакімнің «Мүстәдрәк» атты хадистер жинағында орын алған басқа бір риуятта сахаба Әбу Үмәмә әл-Бәһили былай дейді:

«Мен Пайғамбарымыздың былай дегенін естідім: «Мен ұйықтап жатқан сәтімде екі ер кісі келіп менің екі білегімнен ұстап, шығуы қиын бір тауға алып келді. Ол екеуі маған: «Шық» деді. Мен: «Шыға алмаймын ғой», – дедім. Олар: «Біз оны саған жеңілдетеміз», – деді. Кейін шықтым. Таудың дәл төбесінде болғанымда, ащы дауыстар естілді. Мен: «Мына дауыстар не дауыс?, – деп сұрағанымда, Ол екі кісі: «Тозақ иелерінің гуілдеген, ұлыған дауыстары», – деп жауап берді. Одан кейін, мені бір жерге апарды. Ол жерде бір қауымды көрдім. Аяқтары  тірсектерінен ілінген, ұрттары жыртылған, ұрттарынан қан ағып жатыр. Мен: «Мыналар кімдер?», – деп сұрадым. «Бұлар – оразаларын күн батпай жатып, себепсіз ашып жібергендер», – деп жауап берді»[2].

Осы сияқты сахих хадистер кітаптарда көптеп кездеседі. Осыған орай, «ол жаққа кім барып келіпті» дегендерге, «Мұхаммед пайғамбарымыз барып келген» деп жауап беруге болады.

Өкінішке орай, қандастарымыздың арасында өзін мұсылман санағанымен, діндегі иман шарттардың бірі болып есептелетін о дүниелік жағдайға келгенде «ол жаққа кім барып келіпті» деп күмәнға түсіп жататындар бар. Біле-білсек бұндай сөздер адамды діннен шығарып, кәпір етеді. Сақ болған жөн.

Жақында ғана ғалымдар дәл біздің жер планетамызға ұқсас планета ашты. Ол 60-100 жарық жылына татитын ұзақтықта орналасқан екен. Айтуларына қарағанда, өмір сүруге қолайлы. Ауа-райының жылулығы +25 градусстан аспайды деп жатыр. Осы тұрғыда, көкейге мынадай сауал туады: ол жаққа кім барып келіпті? Кім ол планетаны зерттеп келген? 

Сондай-ақ, күн ядросының температурасы шамамен 15 000 000°C-қа тең делінеді. Күннің беткі қабаты 5500°C градус. Енді, күнге барып, температурасын өлшеп келген адам бар ма? Жоқ.

Өмірде осы секілді адамның аяғы баспаған, көзі көрмеген, құлағы естімеген, ұстап көрмеген миллиондаған дүниелер бар. Бұлардың барлығын «барып келген адам жоқ қой» деп жоққа шығара аламыз ба? Жоққа шығара алмаймыз.

О дүниедегі жағдаятты да біз көзімізбен көрмедік, көре де алмаймыз. Себебі, көп нәрсені көруге кедергі жасайтын көзімізде перде бар. Бірақ, соның бәрін жаратқан ұлы Жаратушы Алла «о дүниеде мәңгі өмір бар» деп Қасиетті Құран кітапта нақты айтып тұр, әрі куәгер ретінде өзіміз секілді жұмыр басты пендесіне көрсетіп отыр. Сенбеске шара жоқ.

Ғылым – Алланың жаратқан заңдылықтарын ашушы құрал. Ол ешқашан ақиқи дінге қайшы келуі мүмкін емес. Тек, ғылымның аса алмайтын белгілі шегі бары анық. Ол шектен арғысын біз Алланың елшілері арқылы білеміз. Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) қабір азабы жайында, о дүниедегі пейіш пен тозақ жайында, есеп-қисап жайында хабар берді. Әрі оның айтқан сөздерін сол кезеңдегі жүз мыңдаған сахабалар естіп, таратты. Одан табиғиндер кейінгілерге жеткізді. Зерттеліп, зерделеніп қағаз бетіне түсірілді. Осылайша, «пайғамбардың сөзі емес, жалған сөз» деуге мұрша бермейтіндей көлемде көпшілік тарапынан ол мәлімет бізге жетіп отыр. Ендеше, о дүниедегі жағдайға сенбеу мүмкін емес.


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»  – Китабур Риқақ. Фазлул фақр.
[2] Әбу Абдулла Мұхаммад ибн Абдулла әл-Хәким ан-Найсабу́ри: «әл-Мүстәдрәк аляс Сахихайн» – Китабус саум. №1609 хадис.  

Абдусамат Қасым