Неге Алла Тағала Құранда "біз" деп көпше түрде айтқан?
Неге Алла Тағала Құранда "біз" деп көпше түрде айтқан?
2 жыл бұрын 4747

Алла Тағала жалғыз жаратүшы екені даусыз, онда неге «біз аспанды кеңейтүдеміз» деп көптік жалғаумен айтылады?

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы! Алла Тағала Құран аяттарында Өзіне қатысты "Мен", "Ол" және "Біз" деп қолданған.

Әдеби араб тілінде «біз» деп, екі не одан көп адамға қолданылатыны секілді, жалғыз бір адам да өзін ұлықтағысы келгенде "біз" деп қолданады. Бұған дәлел, Мысыр еліндегі «Араб тілі академиясының» шығарған араб тілінің түсіндірме сөздігінде «біз» деген сөзге қатысты мынадай түсіндірме берген: 

 نحن: ضمير يعبر به الاثنان، أو الجمع المُخْبِرون عن أنفسهم، وقد يعبِر به الواحد عند إرادة التعظيم

«Біз: екі немесе одан көп көпшіліктің өздері жайында хабар берулері үшін қолданылатын есімдік. Кейде ол есімдікті бір адам да (өзін) ұлықтағысы келгенде қолданады»1.

Бәріңізге белгілі болғандай, Құран аяттары ескі әдеби араб тілінде түскендіктен, Алла Тағала қасиетті сөздерін сол тілдің өзіндік нәзік ерекшеліктеріне сәйкес жеткізген. Сондықтан да, Алла Тағала Құранда өзінің ұлы екендігін ұғындыру үшін араб тілінің тілдік ерекшелігіне сәйкес «біз» сөзін жиі қолданады. Сонда сіздің мысалдағы «біз аспанды кеңейтудеміз» деген аятта да, Алла Тағала өзінің ұлықтығына назар аударту үшін және өзінің қаншалықты құдіретті-күшті екендігін ұғындыру үшін «біз» деп отыр. Оның себебі сол. 

Қысқасы, Құран аяттарында Құдай Тағаланың «біз» деп көпше түрде қолдануының бірден-бір мәні - өзінің Ұлы Зат екендігін білдіру үшін. Бұл - әдеби араб тілінің тілдік ерекшелігіне қатысты дүние.


1  Мәжмәъул әл-луғәтиль арабия: «әл-Мұъжәмуль-Уәсийт». «Біз» ( نحن) .

Абдусамат Қасым