Не себепті әйелдерден пайғамбар шықпаған?
Не себепті әйелдерден пайғамбар шықпаған?
8 жыл бұрын 10514

Не себепти пайгамбарлар арасында айелдер болмаган. Неге мундай деректер жок? Шынар.

Сәлеметсіз бе!

Қасиетті Құран Кәрімде, «Әнбия» сүресінде былай делінеді:

«Біз сенен бұрын уахи етіп, тек ер кісілерді жібердік»[1].  

Сондай-ақ, «Нәхл» сүресінде де оған қатысты мынадай аят орын алған:

«(Мұхаммед ғ.с.,) Сенен бұрын уахи етіп, тек пайғамбарларды ғана жіберген едік. Егер, білмесеңдер, кітап иелерінен сұраңдар»[2].  

Осыған орай Мәтуриди мәзхабы бойынша, Алла Тағала пайғамбар ретінде тек ер кісілерді жіберген. Әйелдерден «расуль» де, «нәби» де шықпаған. Пайғамбарлардың әуелгісі - Атам ата (ғ.с.). Соңғысы – Абдулла ұлы Мұхаммед ғалейһиссәләм.  

Дегенмен, Әшғари ақида* мектебінің ғұламалары «Расуль ретінде әйел адамның жіберілмегені анық. Бірақ, әйелдерден нәби шыққан. Олардың саны алтау еді» деп тұжырымдайды[3].

Расуль – ол, Жаратушы тарапынан кітап немесе парақ түсіріліп, бір қауымға яки барша адамзатқа жаңа иләһи (тәңірлік) заңмен жіберілген пайғамбарлар. 

Ал, нәби деп, кітап немесе парақ түсірілмеген пайғамбарларды айтамыз. Бұлар өзінен алдыңғы пайғамбардың алып келген иләһи заңын халық арасына уағыздап, алдыңғы расульдің ізін жалғастырушы.

Ендігі жерде, шексіз даналық иесі Жасағанның неге әйел адамнан пайғамбар жібермегендігінің ашық себебін деректерден кездестірмедім. Әйткенмен, ақылға салып, ойлана келе оның да өзіндік мәні барын ұғынуға болады. Атап айтсақ:

  1. Пайғамбарлық міндеті жүктелген кісі Жаратушының адамдарға жіберген дінін жас-кәріге, әйел-еркекке бірдей уағыздайды. Соның ішінде ер кісілермен көбірек мәмілелес болады. Өйткені, әйелдердің көпшілігі үйінде. Оның үстіне, отағасы ретінде әуелі ер кісілерге дінді үйреткен тыйымдырақ. Ал, енді, әйел кісі пайғамбар болса, ер кісілермен емін-еркін сөйлесіп, оларға емін еркін уағыз насихатын жүргізуі қиынға соғар еді. Өйткені, кейде жеке қалып, уағыз айту керек болады. Әйел адам бөтен еркекпен оңаша қала алмайды. Осындай себептермен, діни бұйрықтарды жеткізу жағы шектеліп қалар еді.
  2. Пайғамбар - мұсылмандардың көшбасшысы. Тек рухани жағынан емес, өмірдегі тіршілікте де көш бастап жүруі шарт. Мысалы, жау шауып, мұсылмандарға қатер туғанда ер кісілермен ақылдасып, соғыс жоспарын құрып, әскерлерді басқару деген сияқты көбіне ер кісілердің істейтін нәрсесін орындауы тиіс. Әйелге бұл қиынға соғады.
  3. Діни бұйрықтарды, соның ішінде құлшылық рәсімдерін пайғамбар өзінің ізбасарларына іс жүзінде көрсетіп үйретуі ләзім. Мысалы, намазға имам боп тұру, дәрет алуды үйрету, Құран оқып үйрету т.б. Әйел адам имам бола алмайды. Хайыз кезде Құран оқи алмайды, ораза ұстай алмайды т.б.
  4. Пайғамбарлық міндеті – өте ауыр міндет. Бұл жолда түрлі қиындықтарға тап болады. Кәпірлер тарапынан әртүрлі зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Мәселен, Зәкәрия пайғамбар, Яхя пайғамбар т.б. бірнеше пайғамбарлар хақ дінді жеткіземін деп кәпірлер қолынан шейіт болған. Мұның ешқайсысына мойымай, табандылық таныта білу үшін эмоцианалды тұрғыда болсын, физиологиялық тұрғыда болсын, сарсылмайтын күш, беріктік керек. Нәзік жанды әйел баласын былай қойғанда, анша-мұнша ер адамның өзі мұндайға шамасы келмейді.
  5. Әйелдерде әдемілік, тартымдылық басым. Адамдар әдемелікке құштар. Өзінің әсемдігімен қоса, пайғамбарлық ерекшелігі берілген әйелді әлдебіреулер шеттен тыс жақсы көріп, соңында тәңірлік дәрежесіне көтеріп табына бастауы мүмкін. Өйткені «әйел құдай» (богиня) сенімдері - адамның ішіндегі «әдемілікке құштарлық» сезімінің шектен шыққан түрінің көрінісі деуге болады.     

Осылайша, аталмыш мәселенің астарына үңіле келе осындай мән-мағыналардың бар екендігін пайымдауға болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

*Әшғари мәзхабы сүнниттік, яғни, «Әһли сунна уәл жамағат» сеніміндегі екі үлкен ақида мектебінің бірі. Құрушысы – Әбулхасан Али ибн Исмаил ибн әл-Әшғари (873-936 м.ж.). Сахаба Әбу Муса әл-Әшғаридің ұрпағынан.


[1] Әнбия сүресі, 7 аят.
[2] Нахл сүресі, 43 аят.
[3] Хауа анамыз, Иса пайғамбардың анасы Мариям, Әсия,  Сара, Мұса пайғамбардың анасы және Һаажар. 

Абдусамат Қасым