Ассалаумағалайкум! Әлеуметтік желіде осындай бір хадис шықты мысық туралы. Пайғамбарымыз (Саллалаху Уалейхи Ассалам): «мысыққа мейір етпегендер Жәннаттан орын күтпендер». Осы хадис сенімді хадис пе? Осы хадиспен амал жасау керек пе?
«Мысыққа мейірім жасамаған, пейішке кірмейді» деген хадис бар ма?
|

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Сұрақта келтірілген ақпарға мазмұндас хадис кездестірмедік. Бірақ зияны жоқ жан-жануарларға мейірімділік танытып, оларға жапа шектірмеу жайында келген хадистер баршылық. Сахабалар Алла елшісінен: «Уа, Расулаллаһ! Хайуандар үшін де бізге сауап бола ма?» деп сұрағанда,Алла елшісі (.с.а.у): «Бауыры дымқыл әрбір жанды зат үшін сауап бар!» - деп жауап берген еді. Яғни, барлық жанды затқа қылған жақсылығы үшін пендеге сауап жазылады екен.
Хадистерде Пайғамбарымыз (с.а.у.) мынадай әңгіме айтып берген:
«Бір кісі келе жатқанда шөл қысып, кездескен құдыққа түседі де су ішеді. Құдықтан шыққаннан кейін қараса бір ит шөлден дымқыл батпақты жеп жатыр екен. Оны көрген әлгі адам: «Менің басыма келген мына итке де келген екен» деп, құдыққа қайта түсіп, кебісіне су толтырады да, құдықтан суға толы кебісін аузымен тістеп шығып, итке су береді. Оның ол ісіне Алла тағала рақмет айтып, оны кешіреді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулаллаһ! Бізге жануарлар үшін де сауап бола ма?» - деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Бауыры дымқыл әрбір жанды үшін сауап бар!» - деп жауап берді1.
Осы тақырыпта насихаттайтын ондаған хадистер мен оқиғалар Хадис кітаптарында молынан келтірілген. Ислам діні адамдар тұрмақ хайуандардың өзіне мейірім жасап, оларға жапа шектірмей, жақсы қарау керектігін үйрететін мейірім діні екендігінің көрінісі. «Жердегілерге рахымды болыңдар, сонда көктегі сендерге рахымды болады»2.
1 Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
2 Имам Тирмизи: «Сүнән».