Миғражға Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тек рухы ғана көтерілді ме?
Миғражға Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тек рухы ғана көтерілді ме?
11 жыл бұрын 14047

Алла тағаланың әмірімен Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккедегі Харам мешітінен (Кағба), Палестинадағы Ақса мешітіне дейін Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен бірге жасаған түнгі сапарын «Исра» дейміз. Исра (الإسراء) сөзінің мағынасы - араб тілінен аударғанда: «Түнгі сапар» немесе «түнгі жүріс (السَيْر لَيْلاً)» - деген мағынаны білдіреді.

Ақса мешітіне жеткеннен кейін осы жерден көкке көтеріледі. Бұны "миғраж" дейміз[1]. Миғраж сөзі «ъаража», яғни төменнен жоғарыға көтерілу етістігінен шығып: «Жоғарыға көтерілетін құрал», «теппешек», «жоғары өрлеу» деген мағыналарды білдіреді.  

"Сахих Муслимде" келтірілген риуаятқа қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің серіктік етуімен түнде "Бұрақ" деп аталатын ақ жануарға мініп, әуелі Меккеден Палестинада орналасқан Ақса мешітіне келеді. Ақса мешітінде Алла елшісі екі рәкәғат намаз оқып алады. Одан соң Жәбірейіл періште (ғ.с.) оны жеті көкке көтеріп алып кетеді[2].

Енді ғұламалар арасындағы талас - осы түні Пайғамбарымыз ұйқыда ма еді, әлде ояу ма еді? Рухы ғана көтерілді ме, әлде денесі де көтерілді ме? - деген сұрақтар төңірегінде болып отыр. Бұл жайында екі көзқарас туындаған[3].

Бірінші көзқарас иелері сахаба Мұғауия (р.а.), Әзірет Айша анамыз, Хасан әл-Басри. Олардың айтуы бойынша Пайғамбарымыз Миғраж түні ұйқыда еді және тек рухы ғана көтерілді, ал денесі орнынан қозғалмады.

Екінші көзқарас иелері бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) миғражға ояу халде және денемен көтерілді. Ислам ғұламаларының басым көпшілігінің қабыл еткен сенімі де осы. Бұлардың арасында Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Мәсғуд, Әнәс ибн Мәлик, Әзірет Омар сынды сахабалар бар (р.а.). Мұның растығын аят пен хадистерден байқау қиын емес дейді олар.

Өйткені  Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла – пәк. Белгілерімізді көрсету үшін Алла бір түнде өз пендесін Мәсжид Харамнан (Кағба) төңірегі берекеге тұнған Мәсжид Ақсаға алып келді(أسرى). Алладан білгір, одан көреген ешкім жоқ»[4], - делінген. Осы аятта: «Өз пендесі» деген сөз  - рух пен денеден құралған адамға айтылады. Тек рухтың өзіне «пендем» деп айтылмайды. Демек, Пайғамбарымыздың рухы ғана емес, денесі де миғражға көтерілген.  

Сондай-ақ, «Нәжм» сүресінде: «Мұхаммедтің (ғ.с.) көзі таймады да, үстірт қарамады. Расында ол, Раббының ірі белгілерін көрді» [5]  - дей келе, Пайғамбарымыздың миғраж түні ұйқыда емес, ояу болғандығын меңзеп тұр.

Оның үстіне "Пайғамбарымыз ұйқыда еді" деп пайымдаған сахаба Мұғауияның (р.а.) "миғраж" оқиғасы орын алған уақыттары әлі мұсылман бола қоймаған кезі-тін. Ал, Әзіреті Айша анамыз кішкентай болатын[6].

Хадисші әрі Фиқһ білгірі Имам ән-Нәуәуи (631-676 х/1233-1277 м) былай дейді:

«Ең дұрысы – Пайғамбарымыз Исра түні денесімен сапар шеккендігі. Мұсылмандардың басым көпшілігінің тоқтамы осы. Алғашқы буын ғұламалардың (сәләф) көбі осы пікірді қабыл еткен. Кейінгі буын ғұламалардан фиқһ, хадис, кәләм білгірлерінің көбісінің қабыл еткен тұжырым да осы. Дәлелдердің бәрі мұның ақиқат екендігін көрсетуде. Бұл - зерттеп, зерделеген кісіге жасырын емес...»[7]

Ертеректе өмір сүрген Мәтуриди мәзхабы ғалымы Нәжмуддин Әбу Хафс ән-Нәсәфидің ақида кітабында былай делінеді:

«Миғраж – ақиқат. Онда Пайғамбарымыз ояу халде және денесімен Алланың қалаған биіктіктегі көкке көтерілді»[8].

Қорыта келе айтарымыз, Миғраж дегеніміз - Пайғамбарымызға берілген мұғжиза. Мұғжиза - пайғамбарлардан басқа ешкімге бұйырылмаған ғажайып дүниелер. Миғраждың мұғжизалығы рух пен дененің бірге және ояу халде көкке көтерілуінде болып отыр. Егер оны тек рухпен шектесек немесе тек "түс еді" десек бұл нәрсені мұғжиза деу қиынға соғар еді.   

[1]  Фиқһул Әкбәр шархы – 324 бет. Алиюл Қари.
[2] Сахих Муслим: Китабул Иман - №238 хадис.
[3] Үшінші көзқарас та деректерде айтылады. Онда «Пайғамбарымыз Меккеден Ақша мешітіне рухы мен денесімен барған болса, жеті қабат көкке рухы ғана шыққан» делінген.
[4] Исра сүресі – 3 аят.
[5] Нәжм сүресі – 17-18 аяттары
[6] Құртуби – Исра сүресі 3 аят тәпсірі.
[7] Сахих Муслим шархы: Китабул Иман, бәбу әл-исра
[8] Ъақидату ән-Нәсәфия, Имам Тафтазани шархы – 91 бет.; Ъақидату әт-Тахауия: әл-Иману бил Исра уәл Миғраж.; У.Зухайли: әт-Тафсирул Мунир - Исра сүресі тәпсірі.

Абдусамат Қасым