Мешіт пен мазар мұнараларына неге ай қойылады?
Мешіт пен мазар мұнараларына неге ай қойылады?
11 жыл бұрын 20537

Ассалаумағалейкум! Мешіттің не мұсылман мазарларының төбесіне неге айдың белгісі қойылады? Алпысбай Нұрбек.

Уағалейкумуссалам! Алпысбай, шіркеулерде айқыш (крест), синагогтарда жұлдыз, ал мешіттерде ай белгісі қойылады. Ай белгісін қою үрдісі Пайғамбарымыздың  (с.а.у.) және одан кейінгі төрт халифа кезінде болмаған. Бұл үрдіс кейінірек көптеген елдердің мұсылмандардың қол астына өтуінен кейін мұсылман мешіттерін өзге ғибадатханалардан (синагога, шіркеу) айырып тұратын нышан әрі белгі ретінде қойыла бастаған. Мазар да дәл солай. Онда да ай өзге дін өкілдерінің мазарынан айырмашылығы болсын деген ниетпен қойылады.

Ал, бұл үрдіс қайдан шыққан дегенге келер болсақ, аталмыш белгі Ислам келмей тұрып сонау ескі сасаниттер империясының парсы өңіріндегі билигінің нышаны ретінде саналып, сасанит императорының тәжінде бейнеленетін болған. Кейін, парсы өңірі мұсылмандардың (651 ж.м.) билігіне өтісімен әлгі белгі мұсылман патшалары тарапынан да қолданып, уақыт өте келе Орта Азиядағы мұсылман билігінің нышаны ретінде есептелді деседі тарихшылар.

Дегенмен, ай мұсылман мешіттерін өзге мінәжатханалардан айырып тұратын белгі ретінде дейтін болсақ, оны таңдаудың мәнін тек билік, күш-қуаттың астарынан іздемегеніміз дұрыс. Себебі, Ислам дінінде жаңа туған ай жаңа мерзімнің басталуының белгісі, әрі Алла тағаланың ұлық құдіретінің көрсетер ғаламатының бірі. Және ол - Құранның көптеген аяттарында баса назар аудартып айтылған жаратылыс ретінде белгілі. Демек мұсылманшылықтың символы ретінде айды таңдаудың бір мәні осында жатса керек.

Абдусамат Қасым