Мас күйде «күпірлі» сөз айтқан мұсылман діннен шыға ма?
Мас күйде «күпірлі» сөз айтқан мұсылман діннен шыға ма?
3 жыл бұрын 3518

Ассаламу’алейкум ұстаз

1). Мас күйде күпрлік сөз айтса діннен шыға ма? Мысалы арақты халал деп айтып қалса т.б.

2).Тахаджуд намазын таңға 5-10 мин қалғанда оқуға бола ма?

3).Телефондағы және кітаптағы дұғаларды оқып отырып дұға тілеуге бола ма, әлде жаттап айту керек пе? Ғалым.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен арақ-шарап ішу ауыр күнә екендігін еске салғымыз келеді. Арақкештік осы дүниеде де, ақыретте де пайда әкелмейді, тек залалы бар. «Арақ – барлық жамандықтың басы» делінеді хадисте. (Нәсәи).

Ендігі жерде, мас күйнде күпірлі сөз айтқан жағдайда, діннен шығып кәпір болып қала ма, дегенге айтарымыз:

Айтылған күпірлі сөзі үшін мүртәдд болып (діннен шығып), кәпір атануы үшін, ол сөз: саналы түрде айтылу керек және ерікті түрде айтылу керек. Мысалы, есі ауысқан жындының күпірлі сөзі есептелмейді, сондай-ақ, күштеп айтқызылған күпірлі сөз де ескерілмейді.

Сондықтан да, «мас адам күпірлі сөзі себепті кәпір болмайды» делінген. Себебі оның жағдайы – есі ауысқан жындының жағдайына ұқсас. Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) ол жөнінде былай деген:

«Кімде-кім мас күйінше діннен шығарар сөз айтса, өлім жазасына кесілмейді. Әрідесе, әйелі "байын талақпен" талақ болмайды (некесі сақталады)»[1].

Өлім жазасына кесілмеуі, және де некесінің сақталуы – мас кезінде айтқан күпірлі сөзінің діннен шығармайтындығын білдіреді.

Екінші сауалыңызға жауап: Таң намазына бес-он минут қалғанда тәһәжжуд намазын оқысаңыз болады.

Үшінші сауалыңызға жауап: Кітаптан болсын, жатқа болсын, дұғаларды оқып, қосымша тілектеріңізді сұрауыңызға болады. Мысалы, дұға тілейтін кезде алдымен Аллаға мадақ, Пайғамбарға (с.а.у.) салауат және мүміндерге жарылқау тілеп барып, дұға еткені дұрыс дейміз. Ал енді осы алғы кіріспе дұғасын білмеген кісі, оны жазбаша оқып, сосын артынан қазақша өз тілегін Алладан сұраса болады.


[1] Әл-Жассас: «Имам Тахауидің мұхтәсар кітабының түсіндірмесі» (араб тілінде). «Иртидәдус Сукрон».

Абдусамат Қасым