Мәйіт жатқан бөлмеге шеге қағу үрдісі қайдан шыққан? Шариғатта негізі бар ма?
Мәйіт жатқан бөлмеге шеге қағу үрдісі қайдан шыққан? Шариғатта негізі бар ма?
1 жыл бұрын 21963

Ассалямуалеикум! Менің сұрағым мәйіт жатқан бөлмеге шеге қағу үрдісі жайында. Сәулет.

Әлхәмдулиллә. Уассәләту уәссәләму аля Расулиллә.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мәйіт шыққан бөлмеге шеге қағу үрдісі ескі славян нанымынан бастау алады. Мәліметтерге қарағанда, болгарлар, мекедондықтар, сербтер, украйындықтар мәйіт шыққаннан кейін бірден мәйіт жатқан бөлмеге шеге қағады екен. Мысалы, болгарлар шегені еденге қағып, айналасына жұмыртқа жағатын болған, тіпті кейбір ауылдарда екі шеге қағады екен, бірін мәйіттің басы жатқан жаққа, екіншісін аяғы жатқан жаққа, ондағы мақсаты - сол үйде басқа өлім болмасын дегендік. Ол - ол ма, кейбір жерлерде қырық күн бойы қағылған шегеге шарап құйып тұратын болған.

Серб халқы мәйіт жерленгеннен кейін шегені табалдырыққа қағады екен. Кейбір сербтер еденге қағатын болған. Ондағы мәні - өлімді шегелеп тастап, тірілердің темір шегедей мықты болуларын қамтамасыз ету. Серб халқының арасында шегені мәйіт жатқан төсекке қағушылар бар. Ондағы мәні "мәйіт қайта вампир болып оралмасын" дегендік.

Украин халқы мәйітті шығарғаннан кейін «қалғандар өлмесін» деген ниетпен столдың астына қашау (зубило) қағады.

Белорусс халқы бұрынғы заманда шеге қағу арқылы зәр тоқтамайтын балаларын емдеуге тырысқан, олар шегені бала зәр сындырған жерге қағатын болған т.б.

Әрине мұның бәрі негізсіз, жай ойдан шығарылған нанымдардан басқа ештеңе емес. Біздің елдің кейбір аймақтарында атқарылатын «шеге қағу үрдісі» де славян халқына жататын орыстардан қалған ырым болса керек.

Қорыта айтқанда, мәйіт жатқан бөлмеге немесе мәйіт шыққан үйге шеге қағу үрдісі шариғатта жоқ, негізсіз ырымдар қатарынан. Олай істеу дінде құпталмайды. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым