«Күнәһар мұсылман түбінде жәннатқа барады» деген рас па?
«Күнәһар мұсылман түбінде жәннатқа барады» деген рас па?
6 жыл бұрын 9056

Ассаляму ъалейкум! Күнәһар мұсылмандарда түбі жәннәтқа барады деген рас па?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген:

«Ширк пен күпірліктен өзге әлдебір жаман істер істеп, оған тәубе етпей, бірақ мүмин-мұсылман болған күйі (Аллаға және оның Пайғамбарына иман келтірген күйі) өліп кетсе, оның жағдайы Алланың қалауында. Алла қаласа оны азаптайды, қаласа кешіреді. Алла оны мәңгі бақи тозақта азаптамайды».  «әл-Фиқһул Әкбәр».

Әһли сүнна уәл Жамағат сенімі бойынша, Аллаға және оның Пайғамбарына иман келтіріп, Ислам негіздерін хақ деп білген кісі қанша күнә жасаса да, тәубе етпей өлген жағдайда Алла қаласа күнәсін кешіреді, қаламаса жасаған күнәсіна қарай жазалайды. Дегенмен, бұ дүнидегі иманы себепті, тозақта мәңгі қалмайды. Алла қалаған уақытында өзінің кешірімділігімен немесе Пайғамбарымыздың араша түсіп, шапағат сұрауымен Алла қалап тозақтан шығарылады да, пейішке кіргізіледі.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір мәшһүр хадисте: «Менің шапағатым үмбетімнің ішіндегі ауыр күнә жасағандарға болады»[1] деген.

Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:

«Шынында Алла Тағала өзіне серік қосуды кешірмейді. Одан басқа қалағанның күнәсін кешіреді»[2].

Осы аят-кәримада, ширктен басқа жасалған күнәларды қалаған құлынан кешіретіндігін айтуда. Күнәсін кешіруді қаламаған пендесін болса, жазалайтындығы түсінікті.

Және де айта кету керек, «иманды болса, болғаны, жасаған күнәсінің еш зияны тимейді» десек қателесеміз. Тәубе етпей өліп кеткен кісі, иманды болса да жасаған күнәсі үшін жауап береді. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, олардың кейбірі Алланың кешіріміне қол жеткізсе, кейбірі жазаға ұшырайды. 

Имам Ағзам басқа бір сөзінде былай деген:

«Біз мүмин-мұсылманның күнәсі оған зиян тимейді демейміз. Сондай-ақ, ол тозаққа кірмейді деп те айтпаймыз. Және де, пасық болған адам дүниеден иман келтірген күйі шықса, ол тозақта мәңгі қалады демейміз». «әл-Фиқһуль Әкбар».

ТӘУБЕ

Бұл айтқандарымыз күнә жасап, күнәсіна тәубе етпей өліп кеткен мүмин-мұсылманға қатысты. Ал, жасаған күнәларына өкініп, осы дүниеде тәубе етіп, дұрысталған адамның күнәсі кешіріледі. Құран Кәрімде былай делінген:

فَمَن تَابَ مِن بَعْدِ ظُلْمِهِ وَأَصْلَحَ فَإِنَّ اللَّهَ يَتُوبُ عَلَيْهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Кімде-кім, зұлымдығынан кейін тәубеге келіп, дұрысталса, сөзсіз Алла оның тәубесін қабыл етеді. Шынында, Алла тағала кешірімді әрі рахымды».

Басқа бір аятта былай делінеді:

إِلَّا مَنْ تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلًا صَالِحًا فَأُولَٰئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ ۗ وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَحِيمًا

«Бірақ кімде-кім, тәубе етіп, иман келтірсе және ізгі іс істесе, міне солардың Алла жамандықтарын жақсылыққа ауыстырып қояды. Шынында Алла Тағала - аса кешірімді, ерекше мейірбан»[3]. 


[1] Әбу Дәуід - №4739.
[2] Ниса сүресі, 116 аят.
[3] Фұрқан сүресі, 70 аят.

Абдусамат Қасым