«Крещение» күні неге суға түсуге болмайды? (Крещение күніне қатысты екі сұрақ)
«Крещение» күні неге суға түсуге болмайды? (Крещение күніне қатысты екі сұрақ)
7 жыл бұрын 14556

- Ассаламуғалейкум. Мұсылмандарға Крещение мейрамы күні мұздай суға христиандар мен бірге түсуге бола ма? Суға түсу мақсаты - денсаулығын шынықтыру, яғни христиан дінін мойындау емес, "крещение мейрамын" мойындау емес, құрметтеу емес, жай ғана денсаулықты шынықтыру мақсатында. Егер болмайтын болса, не үшін болмайды? Ол күні мұздай суға түсу үшін қандай мақсат болу керек? Не істеу керек? 

- Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!  Алдымен мына нәрсені айта кету керек, біздер мұсылмандар елімізде бірге өмір кешіп жатқан христиан дін өкілдерінің аталмыш күнге деген сенімдеріне құрметпен қарайтынымыз хақ. Әрі олардың да діни жол-жоралғыларын орындауға құқылары бар екендігін жоққа шығармаймыз. Мұны осыдан бірер жыл бұрын жарық көрген«Мұсылман адамға «Крещение мейрамы» деп суға түсуіне бола ма?» атты жазбамда да айтылып өтті. Алайда, мұсылман кісінің дәл сол күні солармен бірге ондай діни рәсімді орындаулары шариғи тұрғыда дұрыс емес екендігін де айтпауға болмайды. Неге?

Біріншіден, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) сахих хадисте: «Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан», - деген[1]. Дәл сол күні христиан дін өкілдерімен қосылып, мұздай суға түсу хадистегі «кім бір қауымға ұқсаса...» деген үкімнің аясына кіріп кетеді. Сол себепті, оны харам дейміз.

Екіншіден, крещение мейрамы "үштік құдай" сеніміне негізделген. Анығырақ айтқанда, дәл осы күні Құдай әлемге үш түрлі тәңірлік бейнесінде көрінген-мыс: құдай бала, қасиетті руһ және құдай әке. Исламда "үштік құдай" түсінігі – күпірлік. Мұндай сенім иесі кәпір саналып, мәңгі тозақта болады (егер тәубе етпесе). Ал, енді, арақ қойылған дастарханның өзінде отырудан тыйятын дініміз, қалайша мұндай күпірлі наным-сенімге ортақтасуға рұқсат беруі мүмкін?! Сол себепті, шыныққысы келген мұсылман жан мұздай суға дәл ол күні емес, басқа күндері түскені дұрыс[2].

- Егер крещение күні суға түсуге тыйым салынса, неге жаңа жылды арақ-шарапсыз атап өтуге болады? Крещение күні наным-сенімсіз суға түскеннің не проблемасы бар? Олай болса, неге наурызға рұқсат?

- Жаңа жыл мерекесі – діни емес, әлеуметтік құбылыс. Оның үстіне жаңа жыл тойласын делінген пәтуа жоқ. Наурыз да діни статусын жоғалтқан, құр ғана дәстүр. Ал, крещение мейрамы – діни философиялық мәні бар, христиан дінінде ерекше орынға ие діни рәсім. Мысалы, мұсылман кісіге сенбесе де шіркеуге барып, христиандардың «молитваларына» қатысуға бола ма? Болмайды. Немесе мұсылманға ешқандай наным-сенімсіз сән үшін мойнына крест тағып алуына бола ма? Болмайды. Бұл да сол секілді. 

Ескертпе: Осы сұраққа берілген жауаптың аудио-видео нұсқасын төменнен тыңдай аласыз:


[1] Әбу Дәуід – әл-Либәс. №3512.
[2] Мысалы, ертеректе өмір сүрген кей ғұламаларымыз: діні бөтен елдің мейрамын ұлықтау мақсатында емес құр адамдар арасында орын алған әдет болғандықтан әлдекімге ықылас білдіріп, сыйлық сыйлап жатса, оған бола кәпір болмайды. Тек, дәл сол күні емес, бір күн алдын не бір күн кейін сыйлағаны жақсы. Бұл – сол қауымға ұқсау болмасын дегендік. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан", - деген. 

Абдусамат Қасым