Көз тигенге қандай шара қолдануға болады?
Көз тигенге қандай шара қолдануға болады?
11 жыл бұрын 6965

Ассаламуалейкум уа рахматуллаҺи уа баракатуһу! Кісіге көз тигенде немен қайтаруға болады? Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жайлы не дейді? Әлібек

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһу! Әлібек, «көз тиюдің» бар екені ақиқат. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Көз тию расында бар нәрсе»[1], «бір нәрсеге таңырқаған мұсылман «Бәракаллаһу фиһ» десін», – деген.[2] Қазақта бір нәрсеге таңырқап, таңданып, сүйсініп жатқанда «бәрекелді»[3] деуі осы хадистен шыққан. Сондықтан, көз тимес үшін адамға жиі-жиі «Фәләқ» пен «Нас» сүрелерін оқыған дұрыс. Осы екі сүре көздің тиюіне қалқан іспетті. Бұл жайында сахаба Әбу Сағид әл-Ансари былай дейді: «Алланың Елшісі адамдар мен жындардың көз тиюіне қарсы әғузуды айтып жүретін. Ал, Фалақ» пен «Нас» түскеннен кейін (уахи етілгеннен кейін), осы екеуін оқып, қалғандарын (дұғаларды оқуды) қойды.»[4]

Көз тиген адамға қандай шара қолдануға болады дегенге келер болсақ, риуаяттар бойынша Пайғамбарымыздың кезінде Ғамир бин Рабиға есімді сахаба өзінің ағасы Сәһл бин Хунайфты көріп қатты таңырқайды. Осы таңырқаудан кейін Сәһл сұлап түседі. Оны лезде Пайғамбарымызға алып келіп, айықтыруын өтінеді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кімнің көзі тиді деп ойлайсыңдар?», – деп сұрады жиналған жұрттан. Айналадағы кісілер Ғамир бин Рабиғаны мензеді. Сонда Алланың Елшісі: «Неге өз бауырларыңды өлтіресіңдер? Егер кім бауырларыңыздың таңғаларлық тұсын көрген болса, «бәракалла» десін», – деді де, су алдыртып Ғамирге (сырт) дәрет алуын бұйырды. Дәретте Ғамыр бетін, шынтаққа дейін екі қолын, екі тізесін және шалбарының астарын (киімнің ішкі жағын) жуды. Кейін Пайғамбарымыз (с.а.у) алынған дәрет суды Сәһлдің, яғни көз тиген кісінің үстіне құюды бұйырды».Тағы бір риуаятта дәрет суды әлгі кісінің артынан тұрып құйғандығы айтылады..[5]

Міне, Пайғамбарымыз көз тиген кісіге осылай жасаған.

[1] Ибн Мәжә, Тыб, 3506-хадис.; Әл Айни, Умдатуль Қари-21/267 бет, хадис нөмері  55.
[2] Ибн Мәжә  3509; Ахмед - 15550.
[3]Қазақ тілінің әмбебап сөздігі.
[4] Ибн Мәжә, Тыб, 3511-хадис.
[5] Ибн Мәжә, Тыб, 3509-хадис.

Абдусамат Қасым