Көлік қағып қайтыс болған адам шейіт пе? Көлік қағып кеткен адамның өлімі жазым ба, ажал ма?
Көлік қағып қайтыс болған адам шейіт пе? Көлік қағып кеткен адамның өлімі жазым ба, ажал ма?
5 жыл бұрын 14859

Көлік қағып қайтыс болған адам шейіт бола ма? Көлік қағып қайтыс болған адамның өлімі жазым ба, әлде ажал ма?

Құрметті сауал қоюшы, шейіттік үшке бөлінеді:

1. Дүниелік әрі ақіреттік шейіттер. Бұларға Алла жолында соғысып жүріп қаза тапқандар және қарақшылардың қолынан немесе бүлікшілердің қолынан опат болғандар жатады. Бұны «Шәһид Кәмил», яғни «кәміл шейіт» деп айтады. Бұның да өзіндік шарттары бар. Кәміл шейіт саналу үшін: мұсылман болуы керек, ақыл-есі дұрыс болуы, балиғатқа толған болуы, жарақатталғаннан кейін артынша қайтыс болған болуы және әдейі өлтірілген болуы керек. Кәміл Шейіт үкіміндегі мархұм жуылмай, қанды киімімен жаназасы оқылып, жерленеді. Мысалы, Әзіреті Осман «Шәһид Кәмил» еді. Оның денесі жуылмай, қанды киімімен жерленген-тін.

2. Тек ақіреттік шейіт саналатындар. Яғни, əдеттегідей мəйіттің денесі жуылып, кебінделеді, бірақ о дүниеде шейіттер қатарынан орын алатындар. Мысал ретінде, біреудің қолынан әділетсіз түрде қаза тауып, бірақ бірден жан тәсілім етпей, арада біраз уақыт өткеннен кейін барып қайтыс болған адамды айтуға болады.  Немесе қателікпен өлтірілген адам, яки суда туншығып өлген адам, отқа жанып өлген адам, құлаған қабырғаның астында жаншылып өлген адам, оба сияқты жұқпалы ауруға шалдығып, соның салдарынан өлген адам, босанып жатып (не нифас кезінде) қайтыс болып кетсе, отбасының нәпақасын іздеп жүріп қайтыс болса, жұма күні қайтыс болғандар, жылан не шаян шағып өлгендер т.б. Бұлар бұ дүниеде шейіттік үкімін алмағанымен, о дүниеде шейіттік ілтипатқа қол жеткізеді. Əзіреті Омар мен Əзіреті Əлидің шейіттігі осы топқа жатады.

3. Хүкми шейіттік. Соғыста қайтыс болған екі жүзді мұнафиқтардың өлімі. Бұндайларға осы дүниеде шейіт ретінде қарап, денелері жуылмай, кебінделмей қанды киімімен жерленгенімен, о дүниеде жүректеріндегі екі жүзділік себепті «шейіттік мәртебеден» махрұм болады.

Сіздің сауалыңыздағы көлік қағып қайтыс болған мұсылман адамды осы үш топтың екіншісіне жатқызсақ болады. Яғни ақіреттік шейіттікке. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадисінде: «Жаншылып өлген адам шейіт» деген. Сол себепті, оны да шейіт деуге негіз бар. Бірақ, мархұмның денесі əдеттегідей жуылып, кебінделіп, жаназасы шығарылып жерленеді. 

- Көлік қағып өлгеннің өлімі жазым ба, ажал ма?

- «Жазым» дегеннің мағынасы «тағдыр» дегенге саяды. Қазақта «жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Яғни, тағдырда жазылғаннан қашып кете алмайсың деген ұғымда.

«Ажал» – «уақыт» және «өлшеулі мерзім» дегенді білдіреді. Ажал - әркімнің бұ дүниедегі дәм-тұзының таусылып, бақиға аттанатын сәті. Құран Кәрімде былай делінеді: "Барлық үмбеттің ажалы бар. Ажалдары келген кезде, бір сәт болсын кешіктіре де, ертелей де алмайды".  (Ағраф сүресі, 34 аят).

Әһли сүнна сенім негізі бойынша, әркім өз ажалымен өледі, мейлі біреудің қолынан қаза тауып өлген болсын, мейлі көлік қағып опат болған болсын, ол - ажалы келгендіктен қайтыс болып отыр. «Ажалынан бұрын өлді» деген сөз Ислам сенімі негізіне теріс. Бірақ, адамның өміріне қастандық жасаған қылмыскер өз қылмысы үшін ауыр күнә табады. Ол өзінің таңдау еркімен жасаған қылмысы үшін, бұ дүниеде де, о дүниеде де жауап беруі тиіс. Сол үшін шариғатта «қысас» жазасы реттелген. «Бәрібір өледі екен, менің кінәм жоқ» деп құтылып кету жоқ. Сондай-ақ, қателікпен адам өлімін тудырған кісі де белгілі дәрежеде жауап берері сөзсіз. Шариғатта, қателікпен адам өлтірген кісі «диет» төлейді, яғни өлген адамның құнын төлейді. Диет құнын төлеумен қоса кәффәрат та өтеуі керек, яғни бір құл азат етуі тиіс, егер оған күші жетпесе екі ай үзбей ораза ұстауы ләзім.

Абдусамат Қасым