Үлкенге құрмет ретінде, орнынан тұрып амандасып жатамыз. Осыны бидғат дейтіндер бар немесе хадиске қайшы дейтіндер бар. Бұған не дейсіздер? Саламат.
|
Келген адамға құрмет көрсетіп, орнынан тұруды бидғат дейтіндерге не дейсіз?
|
Құрметті сауал жолдаушы!
Сопылық жолының белді өкілдерінің бірі, Ханбали мәзхабының ғалымы Абдулқадір әл-Гәйләни (р.а.) өзінің «Ақиқат жолын іздеушіге жеткілікті мәлімет» (әл-Ғуня)» атты еңбегінде: үлкенге құрмет, кішіге ізет үшін орнынан тұрудың ұнамды қылық екендігін айтады. Ол (р.а.) былай дейді:
«Әділ басшыға, әке-шешеге, ықыласты діндар, тақуа, қоғамның ізгі тұлғаларына орнынан тұру ұнамды әрекет».
Оған хадистен де дәлел келтірген ғалым, сөзін былай деп айғақтайды:
«Оның негізі мына риуаят» - дейді Ол (р.а.): «Алла елсіші (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Құрайза» елінің мәселесі жөнінде Саъд радияллаһу анһуға шақыру жібергенде, Ол (р.а.) әппақ есекке мініп келді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) (мединелік аңсарларға): «Мырзаларыңа тұрыңдар!» деді». (Әбу Дәуід: «Сүнән». Сахих).
Абдулқадір әл-Гәйләни (р.а.) келтірген бұл сахих риуаяттан құрметті әрі ізгі жан келгенде орыннан тұрудың әбестік жоқ екенін анық ұғуға болады.
Қадария тариқатының құрушысы әрі қарай сөзін жалғап өзінің аталмыш уәжіне сахих хадистен дәлел келтіре келе, Фатима анамыздың әкесі Мұхаммед пайғамбар келгенде орнынан тұратындығын айтып былай дейді:
«Айша радияллаһу анһадан жеткен хадисте, Айша (р.а.) былай деген: «Қашан Алла елшісі (с.а.у.) қызы Фатиманың (р.а.) үйіне кіргенде, Ол (Фатима) орнынан тұрып, Пайғамбардың қолын алып, қолынан сүйіп, оны өзінің жайына жайғастырушы еді. Тура солай, Алла елшісі де (с.а.у.) қызы Фатима келгенде орнынан тұрып, оның қолынан ұстап, сүйіп, өз орнына отырғызатын» дейді Айша анамыз (р.а.). (Тирмизи, «Сүнән». Әл-Хәким: «Мүстәдрак»).
Ал қоғамда сыйлы, елге қадірлі адам келгенде орнынан тұруға қатысты әл-Гәйләни мына бір сахих риуаятты дәлел қылады:
«Алла елшісінен (с.а.у.) жеткен риуаятта Ол (с.а.у.): «Сендерге еліне елеулі қадірлі адамы келсе, оны құрметтеңдер!» деген».
Өйткені, әл-Гәйләнидің айтысы бойынша, мұндай әрекет көңілге сүйіспеншілік ұялатып, сыйластықты тудырады, сол себепті, салиқалы, ізгі сүйер жандарға құрмет көрсету, оларға сыйлық берген секілді мұстахаб іс дейді ол.
Алайда, күнәһарлар мен бұзақыларға құрмет үшін орнынан тұру мәкруһ екенін де ескертеді1.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1Абдулқадір әл-Гәйләни: «әл-Ғұня литолиби ториқил хақ».