Кәпір адам Исламды қабылдаса, мұсылман болмай тұрып істеген жақсылықтарының сауабы амал дәптеріне жазыла ма?
Кәпір адам Исламды қабылдаса, мұсылман болмай тұрып істеген жақсылықтарының сауабы амал дәптеріне жазыла ма?
Кеше 370

Кәпір адам дін қабылдаса, бұрынғы істеген амалдарының сауабы амал дәптеріне жазыла ма? Дарын.

Бисмилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Алдымен айта кетелік: Исламды естіп біле тұра, мойындамаған пенденің бұл дүниеде істеген жақсылықтарының қарымтасы осы өткінші дүниеде беріледі, ал о дүниеде істеген ізгі істері өшіп кетіп, тозақы болады. Құранда бұған қатысты айтылған бірнеше аят келтірілген, сондай аяттың бірінде:

«Біздің аяттарымызды өтіріксініп, ақыреттегі кездесуді жоққа шығарушылардың істері босқа кетті...»- делінеді1.

Алайда, дін Исламды мойындап, мұсылмандықты қабылдаса, оның Исламнан алдыңғы істеген ізгі істерінің де сауабы болады. Бұл да бір Құдай Тағаланың тәубе етіп, тура жолды таңдаған пендесіне жасаған мейірім, шапағаты деуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір сахих хадисті бере кетелік. Сахаба Хәкім ибн Хизам (р.а.) былай әңгімелейді:

«Мен Алла елшісіне (с.а.у.): «Уа, Расулалла! Мен жәһили кезімде (Исламнан бұрынғы кезімде) садақа бердім, құл азат еттім және туыстық қатынасты ұстандым, сол істеген істерім үшін де сауап болар ма екен?» - дедім. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Сен жасаған жақсылықтарыңның қабыл болған күйі Исламды қабылдадың!» - деді»2. Яғни, бұрын істеген ізгі істерінің жақсылығының қарымтасын көресің деп отыр.

Ислам ғалымы Ибн Хажар әл-Асқалани (р.а.) осы хадисті түсіндіру барысында былай деп өтеді :

«Алла Тағала өзінің мейірім, кеңшілігімен пендесінің мұсылман болғаннан кейінгі істеген істерінің сауабына - кәпір болып жүргенде істеген істерінің сауабын қосуы әбден мүмкін жағдай»3.

Абдусамат Қасым


1  Құран: «Ағраф» сүресі, 147 аят.
2  Имам Асқалани: «Фәтхуль Бәри». №1369 хадис.
3  Имам Асқалани: «Фәтхуль Бәри». №1369 хадис түсіндірмесі.