Жындар да пейішке кіре ме?
Жындар да пейішке кіре ме?
5 жыл бұрын 6057

Әссәләмуғалейкум! Сұрағым, жындар жəннəтқа кіре ме? Мейрамбек Абдіқұлов

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жындардың жасаған күнәлары себепті о дүниеде жазаланатындықтары жөнінде Ислам ғұламалары арасында талас жоқ. Өйткені аятта ашық түрде кәпір жындардың да о дүниеде тозаққа кіретіндіктері айтылған. (Ағраф сүресі, 179 аят). 

Бірақ, мұсылман жындардың қиямет күні бұ дүниеде жасаған амалдары үшін сауап ала ма, олар да пейішке кіре ме? - деген мәселеде ғұламалар арасында талас бар. Өйткені пейішке жындардың кіретіндігі жөнінде нақты аят кездеспеген.

Ханафи ғұламасы, Бәдруддин әл-Айни (рахимаһуллаһ) бұл мәселеде төрт түрлі тұжырым барын айтады.

Біріншісі – көпшілік ғұламалардың тұжырымынша, жындар да пейішке кіреді. Бұлай деушілер Әбу Ләйла, Имам Әбу Юсуф, табиғин Даххак, табиғин Мүжәһид т.б. көптеген ғұламалар (рахимаһумуллаһ).

(Алайда пейішке кіргеннен кейін олар да адамдар сияқты ішіп-жей ме, деген мәселеде де әртүрлі пікір бар. Мысалы, табиғин Даххак: «жындар пейіште ішіп-жейді» десе, табиғин Мүжәһиттің: «Жындар пейішке кіреді, бірақ онда олар ішіп-жемейді...» деген екен).

Екіншісі пікірдегілер бойынша – тозақтан аман қалған мұсылман жындар пейішке кірмейді. Олар пейіштің айналасында жүреді. Адамдар оларды көретін болады, бірақ олар адамдарды көрмейді.

Бұл тұжырым Имам Мәлікке, Имам Шафиғиге және Имам Ахмедке тиесілі. Сондай-ақ, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедттен де осындай пікір риуаят етіледі.

Үшінші пікір бойынша, мұсылман жындар «Ағрафта» орналасады.

Төртінші – ол жайында әлдебір пікір баян етуден тартынғандар[1].

Мәліметтерге қарағанда Имам Ағзам Әбу Ханифаның жындардың пейішке кірмейтіндігін айтқандар қатарынан екендігін ұғынуға болады. Одан жеткен бір тұжырымда: «Олардың сауаптары – тозақтан аман қалулары» деген екен. Яғни, мұсылман жындардың  жасаған амалдары - тозақтан аман қалуларына ғана септігін тигізеді. Өйткені аятта жындарға қарасты: «Алла сендердің күнәларыңды кешіріп, ашық азап отынан аман алып қалады» делінеді.

Олай болса, олар қайда барады?

Имам Табари және Ибн Әби Хатимнен жеткен бір риуатта: "Пейіштіктер пейішке, тозақтықтар тозаққа кіргеннен соң, Алла Тағала мұсылман жындар мен жан-жануарларға «Топырақ болып кетіңдер» дейді. Сол құбылысты көріп тұрған кәпір: «Мен де топырақ болып кетсем ғой» деп айтады» делінген. Бұндай сөз Әбу Ханифадан да жеткен екен[2].


[1] Бәдруддин әл-Айни: Умдатуль Қари. 12 баб.
[2] Әл-Фадуль Жари бисахихиль Бухари.

Абдусамат Қасым