Жындар да мәзхаб ұстана ма?
Жындар да мәзхаб ұстана ма?
7 жыл бұрын 9685

Əссəлəму алəйкум! Сұрайын дегенім, мешітте сабақ болды. Сабақта жындардың да мəзхаб ұстанатындығын айтты. Ибн Касирдің тәпсірінде келтірілген екен. Сол рас па? Қанат

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Құран Кәрім, Жын сүресі, 11 аятта былай делінеді:

«(Жындар былай деді:) Біздің арамызда жақсылар да, одан төмендері де бар. Біз әр түрлі жолдарға бөлінгенбіз (немесе әр түрлі, бөлек-бөлек жолдарды ұстанамыз)». Жын сүресі, 11 аят.

Аталмыш аяттың арабша нұсқасында «Күннә тара’иқа қидәдән» деп келеді. Осындағы «тара’иқ» сөзі: «жолдар» деген мағынаны білдірсе, "қидадә" сөзі: "бөлек-бөлек" дегенді ұғындырады. Яғни, әр түрлі топтар, жамағат, ағымдар, діни ұстанымдар т.б. «Мәзхаб» сөзі де қазақшаға аударғанда «жүретін жол» дегенге саятындығы бәріне мәлім.

Осыған орай, ертеректе өмір сүрген тәпсір майталмандары жындардың да ішінде мұсылманы бар, христианы, яһудиі, отқа табынушы мәжусиі, тіпті, олардың да «мүржия» ағымындағылары, тағдырды жоққа шығарушы қадария ағымында жүрушілері, харижиттері, шиіттері, сүнниттері т.б. мәзхабтарды ұстанатындары бар деп топшылаған[1].

Жындардың ішінде інжіл мен тауратқа сеніп, Христиан немесе Йудаизм дінін місе тұтқандары бар екендігіне Құранда ишара етіледі[2]. Сондай-ақ, Аллаға сеніп, Мұхаммед ғалейһиссәләмді пайғамбар ретінде қабылдап, Ислам жолымен жүретіндері болғаны сияқты, шайтанның жетегінде кеткендері де аз емес.

Ал, енді, олардың біз секілді Ханафи мәзхабын немесе Шафиғи мәзхабын яки, Мәлики мәзхабын, Ханбәли мәзхабын ұстана ма, жоқ па – оған нақты дәлел кездестірмедік. Дегенмен де, мұсылман жындардың да адам арасынан шыққан ғұламалардың пәтуаларына бас ұрып, ғалымдардың жазған еңбектерін оқитындықтары түрлі оқиғаларда баян етіледі[3]. 

Ең дұрысы – Аллаға аян!


[1] Құртуби тәпсірі, Жын сүресі.
[2]«Ей, жамиғат!  - деді олар (жындар). – Шынын айту керек, Біз Мұсадан кейін түскен және одан бұрынғы кітаптарды растайтын, хақ дінге, тура жолға бастайтын кітапты (Құранды) тыңдадық» (Ахқоф сүресі, 30 аят).
[3] Мысалы, «Рухуль Баян» атты тәпсір кітабында Имам Ғазали мен жындар арасында болған оқиға жайында баян етілген. Ол жерде адамдар мен жындардың пәтуашысы (мүфтиі) Имам Ғазали жындардан әлемде қандай ғажайып нәрселер болып жатқандығы жайында сұрағанда, жындар: «Тәпсірші Замахшари* Құран тәпсіріне арнап кітап жазуда. Қазір жартысына келіп қалды», - деп хабар бергендігі айтылады. 

Абдусамат Қасым