Жұмақта ұрпақ өрбітеміз бе?
Жұмақта ұрпақ өрбітеміз бе?
8 жыл бұрын 13458

Әссәләумәғәлейкум! Менің сұрағым келгені мынау: Бірде балам: - әке, жұмаққа бара қалсақ, біз ұрпақ өрбітіп, көбейеміз бе? - деп сұрады. Мен не дерімді білмедім. Бұған сіздер не дейсіздер? Нағашыбай Қабылбек

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыздан келтірілген бір хадисте:

«Мүмін адам пейіште бала тілесе, сол сәтте бала көтеріп, оны сол сәтте дүниеге әкеледі әрі туыла салып бала (ержеткен) жасқа толады», - делінген[1].

Бұл хадис Имам Тирмизидің хадистер  жинағында келтіріледі. Хадистің дәрежесі - «Хасан-Ғариб».

«Хасан (жаман емес)» деуінің сыры, риуаятшы табиғин Әбус Сиддиқ ән-Нәжи бұл хадисті әртүрлі сөзбен жеткізген. Ал, «Ғариб (яғни, жалғыз)» деуінің себебі, бұл риуаятты тек аталмыш табиғин ғана сахаба Әбу Саъид әл-Хүдри арқылы Пайғамбардан риуаят еткен.

Сахаба Әбу Разин әл-Ъуқайлиден жеткен басқа бір риуаятта ардақты Алла елшісі көлемді бір хадисінде былай деп өтеді:

«Салиқалы әйелдер салиқалы ерлер үшін. (Пейіште) Олардан осы дүниедегідей ләззат аласындар. Олар да сендерден ләззат алады. Бірақ, олар бала тумайды»[2].  (Хадистің дәрежесін «сахих (дұрыс)» деген хадис майталмандары бар[3]).

Қорытынды:

Өздеріңіз де байқағандай, бұл мәселеде нақтылық жоқ. Өйткені, хадистерде әртүрлі айтылған. Осыдан келіп, Таус, Мүжәһид және Ибраһим ән-Нахаъи (р.а.) сынды сахаба көрген табиғин ғұламалар «Жұмақта – жыныстық қатынас бар. Бірақ, бала туу жоқ» деп пайымдаған[4]. 

Қорытындылай келе, тәпсірші ғұлама Ибн Кәсирдің айтқаныдай: пейіш - осы дүниедегі сияқты ұрпақ өрбітетін жер емес. Ол жерде адамдар ұрпақ өрбітіп, артымда ұрпақ қалдырайын демейді. Пейіште адамдар мәңгі өмір сүреді. Дегенмен, әлдебіреу бала сүйгісі келіп баланың болуын қаласа, тілегені сол мезетте орындалады. Өйткені, Құран Кәрімде: «Оларға қалаған нәрселері беріледі. Бұл – жақсы адамдарға (тән) сыйлық», - делінген[5]. Тағы бір аятта былай делінеді: «...Сондай-ақ, онда көңілдері құмартатын және көздері (қарағанда) рақат табатын нәрселер бар...»[6]. Онда да, тоғыз ай, тоғыз күн күтіп жатпайды. Хадисте айтылғандай бір сәтте орындалатын құбылыс. Өйткені, осы дүниедегі табиғат заңдылықтар ақіреттік өмірге тән емес.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

Алла пейіштік етсін!


[1] Тирмизи – Китабу сиффатуль жанна. №2563 хадис.
[2] Имам Ахмад ибн Ханбал мүснәді.
[3] Ибн Хибан «сахих» деген.
[4] Тирмизи – Китабу сиффатуль жанна. №2563 хадис.
[5] Зүмәр сүресі, 34 аят.
[6] Зүхруф сүресі, 71 аят; Қаф сүресі, 35 аят.

 

Абдусамат Қасым