«Жер қабылдамай қойды» деген сөздің діни негізі бар ма?
«Жер қабылдамай қойды» деген сөздің діни негізі бар ма?
4 жыл бұрын 14312

Ассаламуғалейкум! Жер қабылдамай қойды деген сөз рас па? Дінде оған қатысты әлдебір мәлімет бар ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Пайғамбарымыз айтпақшы, жер қанша залым, қанша жауыз адамдарды қабылдады. Дегенмен, «Жер қабылдамай қойды» деген сөз негізсіз емес. Өте сирек болса да бұндай жағдайлар Ислам тарихында кездескен. «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағында орын алған бір риуаятта, алғашқыда мұсылман болып, кейін қайта бұрынғы дініне қайтқан христиан бір араб жайында сөз етіледі. «Нәджар» тайпасынан болған ол, баста Христиандықты тастап, мұсылман болып жүреді. Тіпті, Алла елшісінің уахи жазушыларынан еді. Бірақ, кейін христиандыққа қайта өтіп, діннен шығып кетеді.  Онысымен қоймай: «Мұхаммед мен жазып бергендерімнен басқаны білмейді», - деп, Пайғамбарымызға тіл тигізе бастайды. Көп ұзамай Алла Тағала оның жанын алады.

Содан елдер қабірін қазып, өлі денесін жер қойнауына тапсырғанда, жер оның денесін қабылдамай, сыртқа шығарып тастайды. Алғашында оның діндестері (яғни, христиандар) жердің қабылдамай тұрғанын ұқпай, мұны мұсылмандардан көреді. Сөйтіп, қайта қазып, қайта жерлейді. Ертеңіне келсе, тағы сол жағдай қайталанған. Бұл жолы да мұсылмандардан көріп, үшінші рет көмеді. Алайда үшіншісінде де денесінің сыртта жатқанын көргеннен кейін, бұл әрекетті мұсылмандар емес, Құдай Тағала істегенін ұғады да, денесін сол күйінше тастап кетеді[1].

Осы сахих риуаятқа қарағанда өте сирек болса да кей жағдайларда Алланың әмірімен жер адамның мәйітін қабылдамай қоюы мүмкін екен.  Алла сақтасын!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - №3617 хадис. Сахаба Әнәс ибн Мәликтен риуаят етілген.

Абдусамат Қасым