Ассаламуғалейкум! Ішіндегі жаман ой, не, зікір кітапқа жазыла ма? Сақтаған.
Іштегі жаман ойлар жазыла ма?
|
Бисмилләһир рахманир рахим. Салауатуллаһи алейһи уә сәллим.
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Құрметті Сақтаған, пенде ойындағы жаман ойларын жүзеге асырмайынша немесе ол жайында басқаға айтпайынша яки істеуге оқталмайынша, онысы амал дәптерге жазылмайды. Әһлу сунна сенімінде мұсылман адам ойындағы жаман ойларды іс жүзіне асырмаса, кешіріледі делінген1. Тіпті жаман ойын қуып, жүрегінде сақтамағаны үшін сауап жазылады. Бұған қатысты бір «құдси» хадисте былай делінеді:
يقولُ اللَّهُ: إذا أرادَ عَبْدِي أنْ يَعْمَلَ سَيِّئَةً، فلا تَكْتُبُوها عليه حتَّى يَعْمَلَها، فإنْ عَمِلَها فاكْتُبُوها بمِثْلِها، وإنْ تَرَكَها مِن أجْلِي فاكْتُبُوها له حَسَنَةً، وإذا أرادَ أنْ يَعْمَلَ حَسَنَةً فَلَمْ يَعْمَلْها فاكْتُبُوها له حَسَنَةً، فإنْ عَمِلَها فاكْتُبُوها له بعَشْرِ أمْثالِها إلى سَبْعِ مِئَةِ ضِعْفٍ.
«Алла Тағала (періштелерге) айтады: «егер пендем бір жаман нәрсені істеуге ниеттенсе, онысын іс жүзінде істегенге дейін жазбаңдар. Егер істесе, сол ісіне сай (еселемей бір күнә) жазыңдар. Ал, мен үшін ол істі істемей қоя салса, оған бір сауап жазыңдар. Сондай-ақ, пендем егер бір жақсы істі істеуді ниет қылып, алайда оны іс жүзінде істемесе, онысы үшін (жақсы істі ниет еткені үшін) бір сауап жазыңдар, ал оны іс жүзінде істесе, он еседен жеті жүз есеге дейін сауабын еселеп жазыңдар» дейді»2.
Аталмыш хадисте «пенденің ойындағы жаман нәрсені істегенге дейін жазбаңдар..» делініп тұр. Бұл - іштегі жаман ойлардың іс жүзінде асырылмайынша амал дәптерге жазылмайтындығын көрсетеді. Бұл да Хақ Тағаланың пенделеріне көрсеткен кеңшілігінің бірі.
Тақырыпты мынадай бір мысалмен аша түселік: мәселен өзгеге деген көреалмаушылығы бар адамның іштегі ол «іштарлық сезімі» іс жүзінде көрініс тауып, өзгеге зиян тигізуге тырысса, айталық: артынан жамандап елді қарсы қойса немесе оған түрлі жолдармен кедергі жасаса т.б. сол сияқты іштарлығын іс жүзінде көрсетсе, онысы амал дәптеріне жазылып, ақыретте жауап берері сөзсіз. Алайда іштарлығын ішінде сақтап, өзгеге зиянын тигізбесе, онысы кешіріледі деген үміт бар, тіпті ондай жаман сезімнен арылуға тырысқан сайын сауап жазылады деуге болады. Аллаһу аъләм! (Өйткені іштарлық әуелі адамның өзін құртады).
Тағы бір мысал берер болсақ, бір мұсылман нәпсісіне беріліп зина жасауды ойласа, алайда Құдайдан қорыққандықтан ондай харамға барудан өзін тыйса, ол пенденің ойындағысы амал дәптерге жазылмайды. Есесіне өзін харам істен тыйғаны үшін амал дәптеріне сауап жазылады.
Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!
1 Имам Бәздәуи: «Усулуддин».
2 Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», 7501: Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».