ИСА ПАЙҒАМБАРДЫҢ (Ғ.С.) КӨКТЕН ЖЕРГЕ ТҮСКЕННЕН СОҢ ҮЙЛЕНЕТІНІ РАС ПА?
ИСА ПАЙҒАМБАРДЫҢ (Ғ.С.) КӨКТЕН ЖЕРГЕ ТҮСКЕННЕН СОҢ ҮЙЛЕНЕТІНІ РАС ПА?
4 сағат бұрын 271

Ханафи ғалымдарынан мархұм Әнуар Шах әл-Кәшмири өзінің «Иса пайғамбардың көктен түсуі туралы нақты деректер» атты кітабында мынадай бір риуаят келтіреді:

عن عبد الله بن عمر رضي الله عنه

قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: «ينزل عيسى ابن مريم إلى الأرض، فيتزوج، ويولد له، ويمكث خمساً وأربعين سنة، ثم يموت فيدفن معي في قبري، فأقوم أنا وعيسى ابن مريم من قبر واحد بين أبي بكر وعمر .

Сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Мариямның ұлы Иса жер бетіне түседі, үйленеді, баласы болады. Қырық бес жыл өмір сүреді. Кейін қайтыс болып, менің қабіріме менімен бірге жерленеді. Содан соң мен және Мәриям ұлы Иса, Әбу Бәкір мен Омардың ортасында орналасқан бір қабірден бірге тұрамыз».

Бұл риуаят «Мишкәт» кітабында келтірілген. Сондайақ, Ибн Жәузидің «әлУәфә» кітабында, әрі әз-Зәйн әл-Мәроғидің «Тәхқиқ ән-Нұсра» атты кітабында орын алған1.

Бұның растығын қуаттайтын басқа да сунниттік ғұламалардың сөздерін кездестіруге болады. Мысалы, Ибн Кәсир өзінің «әл-бидәя уән-ниһая» атты еңбегінде былай деген:

«Оның келуі ашық болады. Ол айқышты қиратады. Доңызды жояды. Сосын Жузам тайпасынан бір әйелге үйленеді. Ал дүниеден өткеннен соң Алла елшісінің (с.а.у.) Раудасындағы (қабіріндегі) бөлмеге жерленеді»2.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

1 Шейх Әнуар Шах әл-Кәшмири: «әт-Тасрих бимә тәуәтәра фи нузулиль Мәсих». 240 бет.
2Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән-Ниһая».

Абдусамат Қасым