«Иса - Алланың рухы» дегенді қалай түсінеміз?
«Иса - Алланың рухы» дегенді қалай түсінеміз?
9 жыл бұрын 8151

«Алла Тағала адамға рух үрлеп тірілтті» немесе «Иса пайғамбар Алланың рухы» дегенді қалай түсінеміз? Махамбет

Құрметті Махамбет, «Иса - Алланың рухы» дегенді түсінуіміз үшін, Құрандағы осыған қатысы бар бірнеше аяттарды қатар қойып қарау керек:

  1. Әли Имран сүресі, 59-аят: «Анығында, Алла алдында Исаның мысалы Адамның (адам ата) жаратылысымен пара-пар. Адамды да Алла топырақтан жаратып, оған «Бол!» - деген, ол болып шыға келген»[1]Осы аятта Иса пайғамбар мен Адам атаның жаратылуының ұқсастығына баса назар аудартылған. Адам ата әкесіз, шешесіз топырақтан жаратылған болса, Иса пайғамбар әкесіз ана қарнында жаратылды. Бұл - Жасаған Ие үшін қиын емес.
  2. Сад сүресі, 71-72 – аяттар: «Шынында мен топырақтан бір адам жаратамын – деді кезінде Раббың періштелерге. – Мен оның жаратылуын жетілдірген шақта, оған рухымнан үрлеймін (жан кіргіземін), сендер оған сәжде етіңдер».
  3. Әнбия сүресі, 91-аят: «Намысын сақтаған әйелге (Мариямға) Біз рухымыздан үрледік. Оның өзін де, ұлын да бүкіл жаһанға құдіретіміздің үлгісі еттік».  
  4. Ниса сүресі, 171-аят: «Ей, кітап иелері! Дінде шектен шықпаңдар. Құдайға жала жаппаңдар, оның баласы бар демеңдер. Масих Иса – Мариямның ұлы. Алланың расулы. Иса - Мариямға Алланың жолдаған сөзі және Алланың рухы».
  5. Шура сүресін, 52-аятында «Рух» сөзі Құран Кәрім үшін де қолданылған. Өйткені, Құран – өлген жүректерді тірілте алатын қасиетке ие. Сондықтан да, оған «рух» деп отыр. Аятта былай делінеді: «Дәл осы сияқты, Біз саған әмірімізден «Рухты» уәхи еттік».  
  6. Мүжәдәлә сүресі, 22-аятында «рух» сөзі «мейірім» мағынасында қолданылған: «... Міне, осылардың жүректеріне Алла иманды бекем орнықтырды және өз қарамағындағы рухпен қолдады...».

Жоғарыдағы аяттарда Адам атаға да, Иса пайғамбарға да Алла тағала «рухымнан үрледім» деп отыр. Бұл жердегі «рухтың» мағынасы: жан кіргізу, тірілту, мейірім деген мағыналарда қолданылған. Ендеше, «Иса - Алланың рухы» немесе «Алла тарапынан бір рух» деген аяттағы «рух» сөзі: «Алла оны жоқтан бар етіп, жан кіргізген», яки, «Иса пайғамбар Алланың адамдарға жіберген мейірімі» деген мағыналарда келген. Сондықтан, Құрандағы Иса пайғамбармен қосарлана келген «рух» сөзін христиан дініндегі «қасиетті рух» догмасына дәлел ретінде көлденен тарту əбестік.

Бұнымен қатар, әр пайғамбарға мұғжиза берілгені секілді, Иса пайғамбарға да мұғжизалар берілген-тін. Сол мұғжизалардың бірі - өлілерді тірілте алу қасиеті еді. Жоғарыда келтірілген «Рухун минһу - Оның тарапынан бір рух» деген аяттың тәпсірінде «Алланың қалауымен Иса өлілерді тірілтеді» делінген. "Иса – Алланың рухы" деген сөздің бір мағынасы да осы болар.

Сондай-ақ, бір нәрсені жаратушымызға тіркестіріп, оған тиесілі етіп айтқан сөздер Құран Кәрімнің бірнеше жерінде кездеседі. Бұл сол нәрсенің маңыздылығы мен ұлықтығын көрсетіп, қасиеттілігіне ерекше назар аударту болып табылады. «Иса – Алланың рухы» деген сөз де Иса пайғамбардың қасиеттілігіне, Алланың сүйікті құлдарының бірі екендігіне назар аударту болса керек.

Осы орайда мынаны да айтпай кетуге болмайды: Адам ата мен Иса пайғамбардың жаратылуларында ұқсастық бар. Алла тағала екеуіне де: «Бол!», - деді, ол екеуі де бола қалды. Исаның жаратылысы мен Адам атаның жаратылысы арасындағы айырмашылық жоқтың қасы. Ата-анасыз топырақтан жаратылған Адам атаны Христиан дініндегілер құдайдың баласы демейтіні анық. Енді, әкесіз пайда болғанына қарап, Исаны (ғ.с.) Құдайдың ұлы деп айту -үлкен адасушылық. 

 
 
Абдусамат Қасым