Имам Мәтуриди «Арш» аятын қалай түсінген?
Имам Мәтуриди «Арш» аятын қалай түсінген?
11 жыл бұрын 10739

Ассаләмуалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Бір сұрағым бар еді. Аллаху Тағаланы «АРШ»-та деуге бола ма? Астағфируллаһ, Алла кемшіліктен пәк. Арайлым Байназарова

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!

Құрметті Арайлым, Арш та, аспан да т.б. күллі жараталыс жоқтан бар болғаны бәріне мәлім. Олар жаратылмай тұрып Ұлы Иеміз бар еді. Жаратушымыздың әуелі жоқ, соңы жоқ. Ол - әзәли. Алла тағала Аршта немесе аспанда деу Алла тағала мекенге мұқтаж дегенге саяды. Ал, бұл дегеніміз бұрын болмаған орынды жаратып, кейін сол орынға орнықты, яғни бір құбылыстан екінші құбылысқа ауысты, өзгерді деген сөз. Жаратушыға «өзгеріске ұшырау» немесе «бір құбылыстан екінші құбылысқа ауысу» деген қасиеттер жат. Бұлар жаратылыстарға тән сипаттар. Алла тағала одан пәк[1].

Бірде Хз. Әлиден (р.а.) бір кісі:

- «Арш жаратылмай тұрып Алла қайда еді?» – деп сұрайды. Сонда Әзірет Әли (р.а.):

- «Қайда деген сөздің өзі мекен-жайды білдіреді. Ал уақыт пен мекен жаратылмай тұрып, Алла Тағала бар еді. Алла әзәлде қандай болса, қазір де сондай (өзгеріссіз)» - деген екен[2].

Сондықтан «Аршыға» қатысты айтылған аяттардағы[3] тікелей мағынасын негізге алып Алланы аршының үстінде деген тұжырым қалыптастыру қателік.  

Имам Мәтуриди өзінің «Таухид» атты еңбегінде аталмыш аяттардағы «Арш» сөзі мен «Истәуә» сөзінің түрлі мағыналарын тілге алғаннан соң[4], өз ойын ары қарай былай өрбітеді:

«...Бұл мәселеге қатысты біздің негізгі тұжырымыз былайша: Шынында Алла тағала: «Оған еш нәрсе ұқсамайды», - дей келе[5] Өзін жаратылғандарға ұқсатудан тыйып отыр. Жоғарыда айтып өттік: Алла тағала сипаттарында да, істерінде де (өзге жаратылыстарға) ұқсаудан аулақ деп (متعال عن الاشباه). Сондықтан да «ар-Рахману ъаләл ъарши истәуә» деген аятқа Құранда айтылғанға (мухкәм аяттарға) сай және жаратылыстарға ұқсатып жібермейтіндей етіп мағынасын беру керек. Өйткені бұл жайында (бұйрық) Құранда келген және ақыл да осыны құптайды. Сондай-ақ: «ол аяттың ұғымы (тә’уилі)    мынадай», - деп те кесіп айта алмаймыз. Одан өзге де мағынаға келуі мүмкін... Ендеше, бір мағынаны кесіп айтпастан Алла тағала аталмыш аяттың астарында нені мақсат етіп тұрған болса, соған иман етеміз. Осы сияқты «Алланың көрінуі» т.б. соған ұқсас мәселелерге қатысты Құранда келген аяттарды түсінетін кезде, «тәшбих» жасамау (жаратылыстарға ұқсатпау) ләзім. Және оның мағынасы мынадай деп кесіп айтпастан, ондағы Алла тағаланың нені мақсат еткен болса, соған иман ету керек»[6],- дей келе мекенді білдіретін Құран аяттарын және басқада «мүтәшәбиһ» аяттарды Алла Тағаланың ұлы затына сай етіп түсіндіруіміз шарт және ақиқи мағынасы Аллаға ғана мәлім екеніне иман етуіміз керек.  Ең дұрысы Аллаға мәлім.

Сөзімізді Хәкім Абайдың мына сөзімен аяқтайық:

Мекен берген, халық қылған «Ол Лә мәкән»[7]
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

[1] Мұхаммед әл-Бәздәуи: Усулуд дин, 40 бет. Кайыр.; Имам Матуриди: Китабут Таухид -Бәянул ъарш уәл қаулу бил мәкән- 131 бет. Байрут-Любнән. Истамбул-Туркия. (Зерттеп баспаға дайындаған Проф.Доктор Б.Топалоғлу. Арапша)
[2] Әбу Муғин Насафи (р.а.), Бахрул-Кәләм, 117-бет.
[3] «الرَّحْمَـٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَىٰ» Таха сүресі: 5-аят.; «ثُمَّ اسْتَوَىٰ عَلَى الْعَرْشِ» Хадид сүресі: 4-аят.
[4] الْعَرْشِ – мүлік (орындық, тақ деген сөздік мағыналары да бар). اسْتَوَىٰ – меңгеру, бағындыру; ұлықтық, жоғарылау; толыққандылық; (орнықты деген сөздік мағынасы да бар)
[5] Шура сүресі: 11-аят. (لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ وَهُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ)
[6] Имам Матуриди: Китабут Таухид -Бәянул ъарш уәл қаулу бил мәкән- 136 бет. Байрут-Любнән. Истамбул-Туркия. Зерттеп баспаға дайындаған Проф.Доктор Б.Топалоғлу. Араб тілінде.
[7] Халық қылған: жаратқан; Лә мәкән: мекені жоқ. «Лай суға май бітпес қой өткенге» атты өленінен бір шумақ.

 

Абдусамат Қасым