«Джевшен-и Кәбир» атты дұға кітабы жайында не айтасыз?
«Джевшен-и Кәбир» атты дұға кітабы жайында не айтасыз?
5 жыл бұрын 16816

Ассаламу алейкум!  Джевшен-и кабир деген қандай дұға? Оқуға бола ма? Шииттердің оқитын дұғасы дегені рас па? Нұрсұлтан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Жәушан»  (الجوشن) - парысша соғыста киетін «сауыт» деген мағынаға саяды. Жәушан дұғасының олай аталуының себебі, Шиғалардың хадис кітаптарында орын алған бір риуаятта, жорықтардың бірінде үстіне ауыр сауыт киген Пайғамбарымызға (с.а.у.) Жебірейіл періште келіп (ғ.с.): «Ей, Мұхаммед! Раббың саған сәлем айтып жатыр және де: «Сауытыңды (жәушәніңді) шеш те мына дұғаны оқы. Бұл дұға саған және сенің үмбетіңе амандық ретінде болмақ» дейді» делінген екен[1]. Содан ол дұға «жәушән дұғасы» деп аталып кеткен.  

«Уа, барлық көркем жаратылыстың, кемел туындылардың Жаратушысы, уа, ырзыққа мұқтаждардың Рызықтандырушысы, уа, бүкіл меншік пен биліктің шынайы иесі, уа, қысылғанда көмектесіп, жанымызды жадыратушы, уа, барлық қателіктер мен кемшіліктерді жасырушысы» - деп келетін Алланың көркем есімдері мен сифаттары арқылы мінәжат етіп, дұға жасауды үйрететін бұл дұға кітабы шиғалардың хадис кітаптарынан бастау алады. Сондықтан, бұл дұға сүннит хадис кітаптарында орын алмаған. Өйткені, шиғалар Ислам тарихында ең көп жалған хадистер ойлап шығарған ағым ретінде танымал болған. Сол себепті, сүннит хадисші ғалымдары шиғалардың  жеткізген хадистеріне өте сақтықпен қарап, олардың риуаяттарын алмаған...  

Деректерге қарағанда, жәушан дұғасын сүнниттер әлеміне ең алғаш танытқан тұлға – Ахмед Зияуддин Гүмүшханауи есімді Нақшибандия тариқатының өкілі деседі (1813-1893 ж. Түркия). Ол өзінің «Мәжмуатуль Ахзаб» есімді үш томдық дұғалар кітабында Жәушан дұғасына да орын берген. Бірақ, аталмыш дұғаның Түркия мұсылмандары арасында кең етек алуына септігін тигізген адам – Бадиғуз-Заман Саид Нұрси екен (1878-1960 ж. Түркия). 

Түйін

Зікір және дұға болып табылатын Жәушән дұғасы мазмұны жағынан Ислам негіздеріне еш қайшылығы жоқ. Сол себепті, әһли сунниттерден кейбір жамағат өкілдері аталмыш дұғаны оқуды дәстүрге айналдырған. Бұнымен қатар мазмұны жағынан Құран аяттары мен хадис шарифтердегі дұғалармен үйлесімділігі байқалғандықтан болар, ескі Османлы ғалымдарынан да ол дұғаға қатысты теріс көзқарас білдіргендер кездеспеген. Сүннит дін мамандары арасынан бағзыларын айтпағанда, көпшілігі аталмыш дұғаға оңды көзқараста десек қателеспеспіз. Себебі бұл ең әуелі дұға және мүнәжат. Ал мүнәжатта басты мәселе мазмұнының дұрыстығында, Құран мен сүннетте білдірілген қағидаларға сәйкестігінде. Сондықтан жәушан дұғасының қасиеттілігін білдірген риуаяттарды негізге алмастан, оны тек мүнәжат, дұға ретінде оқуға болады.

Ең дұрысы Аллаға мәлім!


[1] Мұхаммед Бәкир Мәжлиси (шиіт): Бихаруль Әнуар. №32.

Абдусамат Қасым