Діннен шыққан адам, қалай дінге қайта орала алады? Қандай жағдайларда адам діннен шығуы мүмкін?
Діннен шыққан адам, қалай дінге қайта орала алады? Қандай жағдайларда адам діннен шығуы мүмкін?
6 жыл бұрын 17376

Сәлеметсіздер ме! Күпірлік етіп қойып, діннен шығып кеткен адам қалай тәубе етіп, дінге қалай қайта оралады? Намаз оқымайтын адамның тәубесі қабыл ма? Әлде тәубе намазын оқып кейін тәубе қылу керек пе? Жалпы діннен шығып кеткен адамның дінге оралу процесі қалай жүзеге асады? Осы туралы мәлімет берсеңіз! Рахмет.

Сәлеметсіз бе!

Діннен шыққан адамды шариғатта «мүртәд» дейді.  Мүртәд – баста мұсылман болып жүріп, кейіннен басқа дінге өткен немесе ешбір дінге өтпесе де күпірлі сөз айтып, діннен шыққан адамды айтамыз. Діннен шығаратын жағдайлар төрт бөлімде қарастырылған: 

1. Сөз. Бұл – күпірлікті тудырар сөздерді айтқан адамға қатысты. Мысалы, Ислам дінінен шығатынын ашық айтса, немесе діндегі бұлтартпас дәлелдермен бекітілген діни негіздер мен үкімдерді өтіріксінсе, яки, Алла мен Пайғамбарға, періштелеріне т.б. тіл тигізсе, ондай адам – діннен шығып, кәпір болады. 

2. Іс-әрекет. Бұнда күпірлікті тудырар әрекетті жасау арқылы көрініс табады. Мысалы, пұттарға, күнге, айға сәжде етсе, кәпір болады. Немесе Құран Кәрімді аяқпен басып, қоқысқа тастап қорласа, онда да діннен шығады т.б.

3. Сенім. Исламдағы «биззәрура» нақтыланған мызғымас іргелі сенім-негіздеріне қайшы сенім қалыптастырса, ол мұсылманшылықтан шығады. Мысалы, әлем жаратылмаған, ол мәңгі деп сенсе, ол мұсылманшылықтан шығады. Сондай-ақ, намаз, зекет сияқты парыздығы бұлтартпас, нақты дәлелмен бекітілген ғибадаттардың парыздығын жоққа шығарса, немесе зина жасау, өсім жеу секілді харамдығы нақты дәлелденген харамдарды халал деп сенсе, ол адам діннен шығады.

4. Күмән. Діндегі ашық іргелі сенім негіздеріне күмәнмен қарау да адамды діннен шығарады. Мысалы, Алланың көместі де, көрнеуді де білетіндігіне шүбә келтірген адам кәпір. Қиямет қайымның болатынына күмән келтірген адам кәпір. Мұхаммед ғалейһиссәләмның пайғамбарлығына күмән келтірген адам діннен шығып, кәпір болады т.б. [1].

Адам айтқан күпірлі сөзі үшін "Мүртәд" ретінде саналуы үшін үш шарты бар:  

1. Ақыл-есі дұрыс болу. Жынды мен есуастың, ақ пен қараны айыра алмайтын баланың күпірлі сөздері ескерілмейді және іштей азғырынды ойлар келген адам діннен шықпайды.  

2. Сау болу. Мас адамның күпір сөздері негізге алынбайды.

3. Ықтиярлы. Өз иқтиярымен айтқан болуы керек. Біреудің зомбылығымен айтқан болса, діннен шықпайды.  

Діннен шыққан адам, қалай қайта дінге оралады?

Мүрдәд болған адам, дінге қайтып оралуы үшін «кәлимә шәһәдәтті» айтуы тиіс.  Онымен қоймай,  діннен шығуына себеп болған сенімнен немесе күпірлі көзқарастан арылуы тиіс. Мысалы, намаз оқудың парыз екендігін жоққа шығарып, оны мойындамаған мұсылман діннен шығады. Қайта тәубе еткен жағдайда тілін кәлимаға келтіруімен қатар, намаз оқудың парыз екендігін мойындаған болуы керек

Кәпір болған мұсылманның некесі де бұзылады. Сол себепті, қайта мұсылманшылыққа оралған жағдайда, некесін жаңартуы шарт.

Жасаған амалдары қала ма?

Діннен шыққан адамның бұрын жасаған «тағат-ғибадаттары» өшіп кетеді. Құран Кәрімде былай делінген: «Сендерден кім дінінен қайтса және ол кәпір болған күйі өлсе, міне солардың амалдары дүниеде де, ақыретте де жойылады. Және олар – тозақ иелері. Олар онда мәңгі қалмақ»[2].

Дегенмен, кейіннен тәубе етіп, дінге оралған жағдайда өшіп кеткен намаз, ораза т.б. ғибадаттарын қайтадан өтеудің қажеті жоқ. Бірақ жасаған қажылығын қайта өтеуі керек болады[3]. Сондай-ақ, тәубе еткен жағдайда бұрынғы сауаптары да оралады дейді көпшілік ғалымдар. 

Мұсылман кездерінде қазаға қалып қойған ғибадаттары, кәпір болып, қайта Исламға оралған жағдайда қазаларын өтеуі тиіс[4]. 

Сөз сонында айтарымыз: Ханафи ғалымдары: «Егер, әлдебір мәселе тұрғысында біреуді кәпірге шығаруға бірнеше себеп болып тұрса да, оны кәпір демеуге бір ғана себеп табылған жағдайда, үкім беруші муфти кәпір демеуге итермелейтін сол бір себепті негізге алуы тиіс», - деген[5].  Сондықтан да, әлдебір мұсылманды кәпірге шығаруға асықпағанымыз дұрыс. Қандай да бір, дін мәселесінде теріс көзқарас байқалған жағдайда, ол мәселенің өзін жете зерттеп қарауымыз керек: Кісіні кәпір дейтіндей мәселе ме, жоқ па? Ондағы үкім - нақты бұлтартпас (қатъи) дәлелдермен бекітілген бе, жоқ па? – деген сияқты жөндерін анықтап алған жөн.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Омар Насухи Білмән: Хуқуқи Исләмия уә ыстылахатуль фиқһия.
[2]Құран Кәрім, Бақара сүресі, 2017 аят.
[3] Фәтәуә Тәтәрхания: 5/315 бет.
[4] Ибн Ғабидин: Роддуль Мухтәр. 6/397 бет.
[5] Фәтәуә Татархания: 5/313 бет.

Абдусамат Қасым