Діні бөтен адам үшін дұға жасап, сырқатынан айығып кетуін тілеуге бола ма?
Діні бөтен адам үшін дұға жасап, сырқатынан айығып кетуін тілеуге бола ма?
7 жыл бұрын 5044

Уағалейкумәссәләм! Мұсылман емес науқасқа шипа тілеп, дұға етсе бола ма? Мүслім.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мұсылман емес сырқат адамға көңілін сұрап баруға[1] әрі оған дұға жасап, сырқатынан айығып кетуін тілеуге болады. Оның еш күнәсі жоқ. Бұған дәлел ретінде «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағындағы келтірілген риуаятты айтсақ болады. Ол риуаятта сахаба Әбу Саъид (р.а.) мынадай оқиға баян еткен:

«Күндердің бір күнінде бір топ сахаба сапарға шығып, жол-жөнекей әлдебір араб тайпасына кезігеді де, сол жерде қонақтауды ұйғарады. Алайда, ешкім бұларды қонақ еткісі келмейді. Осы арада сол тайпаның мырзасын сары шаян шағып алып, айналадағылар не шара қолданса да уын қайтара алмай әлек болады. Еш нәрсе шықпағаннан соң арасынан біреу: «Біздің жерге бір топ бөтен кісілер келген еді. Солар бір нәрсе білетін шығар. Барып сұраңдар» дейді. Олар сахабаларға келіп: «Ей, жамағат. Біздің мырзамызды шаян жағып алды. Не шара қолдансақ та, пайдасы жоқ. Сендерде бар ма бір нәрсе?», - деп сұрайды. Сахабалардың бірі: «Иә, бар. Алламен ант етейін, оған оқып дем саламын. Алайда, сендерден қонақ етулеріңді сұраған едік, сендер қонақ етпедіңдер. Сол себепті, мен тек ақыға оқимын» - деп жауап береді. Сахабаның бұл талабын қабыл етіп, олар бірнеше қой беруге келіседі (кейбір риуаятта 30 қой делінген). Одан соң, сахаба барып сырқат кісіге «әлхамдулилләні» (фатиха сүресі) оқып «сүф» деп дем салады. Демнен кейін мырза кісеннен құтылған малдай есін жинап, сырқаты тарай бастайды. Сосын ол келісілген ақыны беруді бұйырады. Ақыны алғаннан кейін сахабалар өзара бөліспекші болады. Бірақ, дем салған сахаба: «әзірге бөліспей тұра тұрайық. Пайғамбарымызға барғанда болған жайды айтып, Алла елшісі не бұйырар екен, соны көрелік» дейді де қойларды бөлмей сол күйінше мединеге айдап барады. Олар пайғамбарымызға (с.а.у.) болған жәйітті баяндап береді. Сонда Пайғамбар сахабаларға қарап: «Ол сүренің ондай қасиеті барын қайдан білдіңдер? Сендер дұрыс жасадыңдар. Алған қойларды өзара бөлісіңдер. Маған да бір пай айыруды ұмытпаңдар» деп күледі»[2].

Осы хадисте сахабалар мұсылман емес бір арабқа Құран сүресін оқып дем салуын Алла елшісі дұрыс көріп, құптаған. Ал, енді дем салған адам «шипа болсын, жазылып кетсін» деген ниетпен оқиды. Осыдан келіп шығады: діні бөтен болсадағы, сырқаттанған адамға сырқатынан айығып кетуін тілеудің еш ағаттығы жоқ.

Бұнымен қатар, дүниелік істерінде де табыс тілеудің ағаттығы жоқ. Мысалы, христиан бір адам үшін кәсібінің табысты болуын тілей алады.

Сондай-ақ, оған хидаят тілеуге рұқсат. Исламға кіруін Алладан сұрауына рұқсат. Кезінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әзіреті Омардың Исламды қабыл етуін дұға етіп сұрайтын.

Алайда, мұсылмандыққа өтпейінше о дүниеде Алланың рақымына бөленіп, күнәсінің кешіріліп пейіштік болуын тілеуге болмайды. Өйткені, Құранда былай делінген:

«Көпқұдайшылардың орны тозақ екендігі айқын мәлім болғаннан кейін, пайғамбар мен мүміндердің оларға кешірім тілеулері дұрыс емес».  Тәубе сүресі, 113 аят



[1] Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне қызмет еткен яһуди бір қызметші бала ауырып қалғанда, оның үйіне көңіл сұрап барған.
[2] Сахих Бұхари - №2276; Сахих Мүслім - №2201хадист.
[3] Тәубе сүресі, 113 аят.

Абдусамат Қасым