Дін қабылдайтын адам «кәлима шәһәдәтты» өз тілінде айтса бола ма?
Дін қабылдайтын адам «кәлима шәһәдәтты» өз тілінде айтса бола ма?
4 ай бұрын 1245

Әссәләмуғалейкум! Шахадатты адам өз тілінде айтып дін қабылдауына бола ма? Және діннен шыққан кісіге де шәхәдатты өз тілінде айтып дінге келуіне рұқсат па? Альфа.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мұсылман дінін қабылдағысы келетін адам, егер шәһәдәтты түп нұсқасында айту қиын болса, өз тіліндегі аудармасын айтып, дінді қабылдауына болады. Өйткені, кәлиманы айтудағы мақсат – жүрегіндегіні иқрар ету, яғни, ауызша айтып паш ету. Әрідесе, шәһәдатты ұғып айтқаны нұр үстіне нұр болмақ. Соның үшін, кейбір елдерде Ислам дінін қабылдағысы келетін кісіге арабшасын айтқызып, артынан аудармасын да айтқызып жатады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Имам Нәуәуидің (р.а.) сөзін келтірелік. Ақпарат көздерінде Имам Нәуәуидің (р.а.) былай дегендігі келтіріледі: «Араб тілін жақсы біле тұра, өзге тілмен шәһәдат сөзін оқыса, ол мұсылман бола ма? - дегенге қатысты достарымыз екі түрлі жауап айтқан, бірақ ең дұрысы – мұсылман болатындығы. Өйткені, иқрар (жүректегіні ауызша айту шарты) жүзеге асып отыр. Ақиқаты осы пікір...»1.


1Имам Нәуәи: «Сахих Мүслім» шархы.

Абдусамат Қасым