Ауру Алланың сынағы ма, әлде жазасы ма?
Ауру Алланың сынағы ма, әлде жазасы ма?
9 жыл бұрын 23866

Ассалаумағалейкум! Алла Тағала тарапынан келетін ауруды сынақ ретінде яки жазалау ретінде жібергенін қалай түсінеміз? Толыққанды тарқатып, айтып берсеңіздер! Рахмет! Алла разы болсын!

Нұрлан Оспан

Уағалейкум әссәләм, Нұрлан!

Ислам діні ауру-сырқауға басқа түскен пәлекет ретінде емес, Алланың кешірімі деп қарауға шақырады. Бұл дегеніміз, ауруды Алладан келген сынақ деп біліп, сабырлық танытқан кісінің өткен күнәлары кешіріледі және сауапқа кенеледі.

«Сахих Бухари» атты хадистер жинағында келтірілген риуаятта Мұхаммед пайғамбар былай деген:

«Мұсылман қандай да бір қайғы-қасіретке душар болып, ауру-сырқауға шалдықса, қайғы-мұңға тап болса, түрлі бәле-жалаға, жамандыққа кезіксе, тіпті, бір жеріне тікен кірсе-дағы, Алла Тағала сол арқылы қателіктерін кешіреді»[2].

Тағы бір «құдси хадисте» Алла Тағала:

«Қашан мен пендемді екі сүйіктісін алу арқылы (екі көзін алу арқылы) сынасам және ол соған сабыр етсе, екеуінің орнына пейішті беремін»[3] - деген.

Дейтұрғанмен, кей кездері Алла Тағала ауруды жаза ретінде жіберуі де мүмкін. Сахаба Әнәс ибн Мәликтің айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Алла Тағала өзінің пендесіне жақсылық қалаған болса, оның (ақыреттегі) жазасын осы дүниеде береді. Ал, пендесіне жамандық қаласа, жасаған күнәсінің жазасын қиямет күні толықтай алсын деп ақыретке қалдырады» [4].

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыздың жұбайы, Айша анамыз оба ауруы турасында сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Оба ауруы – Алланың қалаған пендесіне жіберетін азабы еді. Бірақ, Алла оны мүмін-мұсылмандар үшін жақсылығының нышаны етті. (Өйткені), Пенденің қайсы бірі оба ауруына шалдығып, сол себепті өз елді-мекенінен шықпай, шыдаса, біліп қойсын, Алла Тағала соғыста шейіт болған кісінің сауабындай сауап жазайын деп, оған сол ауруды душар еткен», - деп жауап берді[5].

Осы айтылғандардан мынадай қорытындыға келуге болады:

  1. Күнәға белшесінен батып, Аллаға бойұсынбай жүрген адам ауруға тап болған жағдайда, оны Алланың жазасы деп білгені дұрыс. Жаратушы осы арқылы күнәһар пендеге ескерту жасап, тәубеге шақырған болуы мүмкін. Құран Кәрімде Юнус пайғамбардың қауымы жайында сөз етіледі. Баста күнә істерге белшесінен батып жүрген қауым, Юнус пайғамбардың ескертуіне соңғы сәттерде құлақ асып, өздеріне таяп қалған Алланың азабынан құтылады[6].  
  2. Адамдарға зорлық-зомбылық көрсетіп, зұлымдық еткен залым, кәпір әлдекім ауыруға шалдықса, оның ол ауруы - осы дүниеде берілген Алланың азабы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жоғарыдағы хадисінде: «Оба ауруы – Алланың қалаған пендесіне жіберетін азабы еді», - деген сөзінің астарында осы жатыр.
  3. Кейде күнәһар болғанымен игі сүйер, Алладан үміті бар пенделер ауыр дертке шалдығып, сол дерттен ұзақ уақыт арыла алмай жатады.  Мұндайларға, Алла Тағала ақыретте алуы тиіс жазасын осы дүниеде өтетіп, о дүниеде азаптан құтқаруды қалаған болуы мүмкін. Аллаһу аъләм.
  4. Алланың бұйрықтарын екі-етпей, өзін мүмин-мұсылман санаған жанға берілген ауру - Алланың жазасы емес, сынағы болып табылады. Алла осы арқылы оның сабырын сынап, пендешілікпен жасаған қателіктерін кешіруді қалайды. Мүмин-мұсылман бойындағы сырқатын Алладан келген сынақ деп біліп, сабыр еткен сайын сауабы еселеніп, күнәсі кешіріледі.

Қандай болғанда да, ауруға шалдыққан кісі ем іздеп, емделуі тиіс. Тек, бойындағы сырқатты мүмин-мұсылман сынақ ретінде білсе, күнәһар Алланың ескертуі деп қабылдап, тәубеге келу жағын ойлағаны дұрыс. Әрбір сырқат иесіне Жаратушымыз шипасын берсін! 


[1] (Анкабут сүресі, 2-аят.).
[2] (Сахих Бухари – 5232.).
[3] Сахих Бухари: Марад - №5329 хадис.
[4] Тирмизи, әз-Зүһд -№1565 хадис. Хасан-ғариб хадис.
[5] Сахих Бухари: Тыб - №5402 хадис.
[6] Юнус сүресі, 98-аят.

Абдусамат Қасым