Ата-баба әруағы бейсенбі-жұмада үйге келіп тұра ма?
Ата-баба әруағы бейсенбі-жұмада үйге келіп тұра ма?
6 жыл бұрын 14890

Сәлеметсіз бе! Әруақтар, жандары үйге келе ме? Арайлым Ескедирова.

Сәлеметсіз бе, Арайлым!

Бақилық болып кеткен ата-баба рухтары, яғни әруағы (әруақ – арабшадағы «рух» сөзінің көпше түрі) бейсенбі, жұма күндері үйге келеді деген мәлімет – не Құран аяттарында, не Пайғамбарымыздың хадистерінде орын алмаған. Сондай-ақ, ол жайында беделді «сүннит» ғұламаларының жазып қалдырған діни әдебиеттерінде де нақты дерек кездеспейді. Сол себепті, бұл мәселеде нақты бір нәрсе айту қиын.

Дейтұрғанмен, кейбір хадистерге қарайтын болсақ, ондағы мәліметтерден өлген адамның рухының келмейтіндігін аңғарамыз. 

Мәселен, сахаба Әбу Әюб әл-Ансариден  (р.а.) жеткен бір хадисте, Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) былай деген:

«Мүмин-мұсылманның рухы алынғаннан кейін, оны Алланың қасындағы рақым иелері (рақымға бөленгендер) қарсы алады. Құдды дүниедегі сүйіншілеушіні қарсы алғандары секілді. Сонда рухты алып келген періште: «Бауырларыңа мұрсат беріңдер, демалсын, өйткені ол ауыр жағдайда етін» - дейді.
Олар (яғни, рақымға бөленген рухтар) одан: «Пәленше не істеп жүр? Түгенше не істеп жүр? Пәленше үйленді ме? – деп сұрастырады. Осы кезде одан бұрын өлген адамның дүниедегі жағдайын сұрағандарында: «Ол менен бұрын өліп кеткен етін» деп, жауап береді. Сонда олар (рахымға бөленген рухтар): «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиғун. Демек оның рухы мәңгі қалатын «әл-Һәуияға» кеткен екен (яғни,  егер ол сенен бұрын өлген болса және біз оны мұнда кездестірмеген болсақ, демек тозаққа кеткен екен). Ол неткен жаман жер еді» - дейді.

Сахаба көзін көрген Убәйд ибн Умәйр (ө.ж.х. 68 ж.) есімді табиғин әрі «сиқа» (сенімді) атағына лайықты ғалым былай дейді:

«Адам жан тәсілім еткеннен кейін оны (о дүниеде) рухтар қарсы алып, одан жол жүріп келген жолаушыдан сұраған сияқты жаңалықтарды сұрай бастайды: «Пәленше не істеді? Түгенше не істеп жүр?». Сонда жаңағы келген рух: «Ол бұрын қайтыс болып кеткен» деп оларға келмеген рух жайында айтады. Олар: «Демек, оны әл-Һәуия мекеніне алып кеткен екен» деседі[1].  

Осы және осыған ұқсас риуаяттарға қарасақ, әруақтардың бұ дүниедегі жақындарының жағдайларынан хабарсыз екендігін байқаймыз. Ал егер әруақтар бейсенбі және жұма сайын келіп тұратын болса, туыстарының жағдайларынан хабарсыз болмас еді ғой деген ой туады.

Ал, енді Имам Мәлик ибн Әнәстің мынадай сөзі бар:

«Маған жеткен мәлімет бойынша, мүмин-мұсылмандардың рухтары (еркін) жіберілген. Қалаған жақтарына барады»[2].

Имам Мәликтің бұл сөзі - осы дүниеден гөрі, «барзах» әлеміндегі жағдайды, яғни, о дүниедегі жағдайды баяндап тұр деуіміз шындыққа көбірек саяды. Неге десеңіз, о дүниеде кәпірлердің рухтары қамалып, азап шегеді де, мүмин-мұсылмандардың рухтары «барзах» әлемінде еркіндікте болып, бір-бірлерімен жолығатындықтары, өзара зияратқа барып тұратындықтары деректерде айтылған. Жоғарыдағы Имам Мәликтің сөзі осы жағдайға ишара етіп тұр. 

Әруақтар түске кіре ме?

Ата-баба (немесе бақилық туған-туыстардың) әруағының түске кіруі – шындық. Алла елшісінің түске кіруі соның бір айғағы. Олар кейде адамның түсіне бір нәрсені хабар беру үшін кірсе, кейде жайдан-жай кіруі мүмкін. Ондайда қазақ халқы «Құран дәметіп келген болар» деп, әруағына Құран бағыштап жатады.

Осы тұрғыда, әруақтың түске кіруін кей Ислам ғалымдары «ұйқыдағы адамның рухы мен о дүниелік адамның рухының жолығуы» деп түсіндіреді. Ұйқы – кіші өлім екендігі мәлім. Адам ұйқыға кеткен кезінде оның рухы, о дүниелік туған-туыстардың немесе дос-жарандарының рухтарымен жолығады екен. Кейін, Алла Тағала ажалы жетпеген ұйқыдағы адамның рухын қайта жолдап, ол оянады. Бұған байланысты сахаба Абдулла ибн Аббастан мынадай сөз жеткен:

«Естуім бойынша, тірілер мен өлілердің рухтары ұйқыда ұшырасады. Олар өзара хабар-ошар сұрасады. Сосын Алла Тағала өлгендердің әруақтарын ұстап қалады да, тірілердің рухтарын денелеріне жібереді»[3].

Олай болса «ата-баба әруағы бейсенбі-жұмада келеді» деген мәлімет қайдан шыққан?

Зерттеп-зерделеп қарағандағы анықтағаным, мұндай мәлімет исламдағы «шиизм»* бағытындағылардың жазған діни әдебиеттерінде жиі ұшырасады екен[4].

(*Шиіттер (араб.: شيعة‎ — топ, ағым, секта) — Мұхаммед пайғамбардың өлімінен кейін пайда болған ағым. Бұлар (әсіресе рафизилер) «Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін халифалыққа Әзірет Әли лайық еді» деп, Әбу Бәкір және Омардың халифалығын мойындамаған. Бірнеше сахабаларға мұнафиқтық сипатын тағып, Айша анамызды зинақорлықпен айыптады.  Қазіргі таңда Шиизм бағыты - Иран Ислам Республикасының діни ұстанымы болып табылады).

Дәлірек айтар болсақ, шиіт ағымындағы әйгілі еңбектердің бірі саналатын «әл-Кәфи»[5] атты кітапта (бұл еңбек сүнниттер тарапынан мойындалмайды) аталмыш мәселеге қатысты мынадай риуаяттар орын алған:  

«Жағфар ас-Садиқ айтады: «шынында, мүмин (рухы) отбасын зиярат етеді. Сонда оған ондағы ұнамды нәрселер көрініп, ұнамсыз нәрселер көрінбейді. Кәпір де отбасын зиярат етеді. Оған ұнамсыз нәрселер көрініп, ұнамды нәрселер жасырын қалады. Олардың ішінде жұмасына бір рет, амалына қарай (жиі) келетіндері бар»[6].

«Бірінші Әбул Хасан (Мұса әл-Казым) айтады: «Мен одан: 
-Өлген адам отбасына келе ме? – деп сұрадым. Ол:
- «Иә» деді.
- «Қай уақыттарда келеді?» - дегенімде,
- «Дәрежесіне қарай жұма күні (не жұмада бір.ауд.), айына бір рет және жылына бір рет», - деді.
- «Қандай бейнеде келеді?» деп сұрағанымда:
- «Жұмсақ құстың бейнесінде. Үйдің қабырғасына барып қонады. Егер, ол отбасының жағдайы жақсы екендігін көрсе, қуанады, ал жағдайлары нашар екендіктерін көрсе, қайғырады»[7].

«Шәжәрату Туба»[8] атты басқа бір шиіттік еңбекте мынадай риуаят келтірілген:  

«Алла елшісі: «Өлілеріңе сыйлық сыйлаңдар» деді. Сонда: «Уә, Расулаллаһ, өлілердің сыйлығы қандай болады?» деп сұрады. Ол (ғ.с.): «Садақа, тамақ беру және дұға жасау" - деді де, әрі қарай: "Шынында, мүминдердің әруақтары әр жумада дүние аспанына келеді. Қабірлерінің жанына және үйлерінің тұсына келіп, әр қайсысы қайғылы дауыспен және көздері жасқа толы күйде: «Ей, отбасым. Ей, ұлым. Ей, әке-шешем. Ей, туыстарым! Алла сендерді рақымына бөлесін, бізге дирхаммен немесе динармен яки, күлшемен (رغيف), не болмаса, киіммен жұмсақтық етіңдер. Сонда Алла сендерді де пейіштік киістермен киіндіреді» - деп дауыстайды...» делінеді ол риуаятта[9].

Қорытынды:

Ата-баба әруағының әр бейсенбі мен жұмада келетіндігі – ғайби мәселелерге жатады. Оның рас-өтірігін дөп басып айтуға адам баласының ақылы шектеулі. Ал, дінімізде ол жайында сөз етілген нақты аят немесе хадис жоқ.

Алайда "ондай нәрсенің болуы мүмкін бе? – десеңіз, Алла қаласа, мүмкін емес нәрсе жоқ. Алла қаласа әулие құлдарына керемет ретінде мұндай мүмкіндікті беруі мүмкін. 

Әйткенмен, жоғарыда да айтып кеткенімдей, кейбір риуаяттарға қарасақ, жалпы о дүниелік боп кеткен адамның рухы бұ дүниеге келмейтіндігін топшылауға болады.

Оның үстіне, рухтар әлемін - "барзах әлемі" деп атаймыз. Барзах - бөгет (кедергі) деген мағынада. Өзінің аты айтып тұрғандай о дүниеден, бұ дүниеге өткізбейтін бөгет бар. Құран Кәрімде: وَمِن وَرَائِهِم بَرْزَخٌ إِلَى يَوْمِ يُبْعَثُونَ -Олардың артында қайта тірілетін күңге дейін бөгет (барзах әлемі) бар», - делінген.

Бірақ, берген қайыр-садақаларымыздың, оқып бағыштаған Құран аяттарымыздың және жасаған дұғаларымыздың сауабы Алланың қалауымен ата-баба әруағына жететіндігіне күмән жоқ.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!   


[1] Ибн Қаюм әл-Жәузия: әр-Рух. 211 бет.
[2] Имам Суюти: әл-Хәуи лиль-Фәтәуә.
[3] Ибн Қаюм әл-Жәузия: «ар-Рух». 214 бет.
[4] Ал, суннит жолындағылардың жазған кітаптарда кездеспеген. Бүгінде интернет кеңістігінде суннит дін мамандары арасында ол жайында айтқан бірді-екілі кісілер кездескенімен, нақты сүйенген негіздемелері жоқ.
[5] Әл-Кәфи – шиізмдегі төрт іргелі-негізді хадистер топтамасының бірі. Авторы: Мухаммед ибн Яъқуб әл-Күләйни. (ө.ж.х. 329 ж.).
[6] Әл-Күләйни: әл-Кәфи. №4703.
[7] Әл-Кәфи: №4705.
[8] Авторы: Мухаммед әл-Махди әл-Хаири.
[9] Әл-Хайри: Шәжәрату Туба.

Абдусамат Қасым