«Ас ішер алдында қол жайып, дұға ету – дінде жоқ, бидғат» дейді. Осыған не дейсіз?
«Ас ішер алдында қол жайып, дұға ету – дінде жоқ, бидғат» дейді. Осыған не дейсіз?
6 жыл бұрын 9340

Ассаламуалейкум уә рахматуллаһи уә баракатуһ! Бауырым, бір бауырларым: "Ас ішер алдында қол жәйіп, дұға жасау артық іс, шәриғатта жоқ, бидғат" дейді. Осыған жауап берсеңіз. Рахмет! Құл-Керім Елемес.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Риуаяттарға қарағанда ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейде ас ішер алдында «бисмилланы» ғана айтып, дұғаны соңына қалдырса, кейде астан бұрын да дұға етіп, одан соң асын ішетін болған. Сондықтан да, "дұға тек астан кейін жасалады, ас ішер алдында дұға ету - дінде жоқ, бидғат" деу асығыс айтылған пікір. Керісінше асқа бастамас бұрын дұға жасау ұнамды, мұстахаб амалға жатады деген дұрысырақ болмақ. Бұған дәлел ретінде Имам Нәуәуидің (р.а.) «әл-Әзкәр» атты дұғалар кітабында орын алған мына риуаятты келтіруге болады. Сахаба Амр ибн Асстың ұлы Абдулладан (р.анһума.) жеткен аталмыш хадисте былай делінеді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у) оған тағам жақындатылғанда (яғни, алдына ас қойылғанда) былай деп айтатын: «Аллаһуммә бәрик ләнәә фиимәә разақтәнәә, уәқинәә азабәннаар. Бисмиллаһ»[1].

Дұғаның мағынасы: «Уә, Құдайым. Бізге берген ризиқ-несібелеріңді берекелі ет. Және бізді тозақ отынан сақта! Алланың атымен бастаймын».

(Дәл осы риуаят Имам Табаранидің «Дұға» атты кітабында да келген[2]).  

Аталмыш хадистен Алла елшісінің алдымен дұға жасап, одан соң «бисмилламен» ас ішкендігін түсініп отырмыз. Ендеше, бұл нәрсені «бидғат» деу бекершілік.  

Қазақ ұлтында кейде астың алдында жəне соңында дұға жасалса, кейде басында «бисмилләны» ғана айтып бастап, батаны соңында беріп, асқайырып жатады. Екеуі де сүннетке сай.


[1] Имам ән-Нәуәуи: «әл-Әзкәр». №571 хадис.
[2] Имам Табарани: «әд-Дұға ЛитТабарани». №815 хадис. 

Абдусамат Қасым