Алла Тағаланы «Нұр» деуге бола ма?
Алла Тағаланы «Нұр» деуге бола ма?
5 ай бұрын 1641

«Нұр» сөзін Алла Тағалаға қолдануға бола ма?

Мәтуриди ғалымы Имам Мәймун ән-Нәсәфи (хижри 507 ж.) өзінің «Бәхруль кәләм» атты ақида кітабында бұл сұраққа былай деп жауап береді:

«Мүшәббиһа»1 ағымының өкілдері айтады: Алла Тағалаға қатысты «Ол - жарқыраған нұр» деуге болады» дейді.

Ал «Әһлу суннә уәл жамағат» мәзхабының өкілдері болса олай деуді (яғни, Алла нұр деп айтуды) дұрыс көрмейді: «Алла - нұр емес. Ол - нұрды жаратушы және нұрды нұрландырушы. Өйткені, нұрдың түсі бар. Егер «Алла - нұр» десек, біз Оны (Алла Тағаланы) жаратылысқа ұқсатқан боламыз, яғни, тәшбиһ жасаған боладым. Алла Тағала тәшбиһтен (жаратылыстарға ұқсаудан) пәк. Құранда Құдай Тағала былай дейді: «Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол - естуші, көруші»2.

Алланы «нұр» деушілер өздерінің бұл ұстанымдарына Құдай Тағаланың мына қасиетті сөзін дәлел қылып көлденең тартады: «Алла көктер мен жердің нұры»3. Осы аятта Алла Тағала өзін «нұр» деп атап тұр деседі.

Оған айтар жауабымыз: сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) аталмыш аятты «Алла көктер мен жерді нұрландырушы» деп түсініктеме берген4. Сондай-ақ, аталмыш аяттағы «Алла көктер мен жердің нұры» дегенді - «Алла аспан иелері мен жер иелерін тура жолға бастаушы» деп те тәпсірлеген тәпсіршілер бар5 дейді Имам Нәсәфи (рахимаһуллаһ)6.

Абдусамат Қасым


1  Мүшәббиһа - Жаратушыны жаратылғандарға ұқсатып түсіндіретін ағым. 
2  Құран Кәрім: «Шура» сүресі, 11 аят.
3  Құран Кәрім: «Нұр» сүресі, 35 аят.
4  Бұл риуаятты Ибн Жәрир атТабари (р.а.) өзінің Тәпсір кітабында, «Нұр» сүресі 40 аятына жасаған тәпсірінде келтірген.
5  Бұл риуаятты Ибн Жәрир, Ибн Мүнзир, Ибн Әби Хатим және Бәйһәқи өзінің «әсмә-и сыйфат» атты кітабында келтірген, онда сахаба Абдулла ибн Аббасы былай деп тәпсірлейді: «Алла көктер мен жердің нұры, (яғни) аспан иелері мен жер иелерін тура жолға салушы».
6 Имам Нәсәфи: "Бәхруль кәләм". (сілтемелер осы кітапқа тиесілі).