Әссәләумағалейкүм уа рахматуллохи уа бәрәкәтуһ. Сұрағым бар еді. Каз инстаграммда шықтығой бір қыз интервью ма бірдеңе беріп отыр. Аллада не нәрсе жоқ деген сұрақ қойған дұрыс па?
«Алла Тағалада не жоқ?» деп сұраған дұрыс па?
|
Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Алла Тағала жайында ондай сауалдар қою дұрыс емес. Мысалы, «Алла Тағалада не жоқ?», «Алла өзі секілді құдай жарата ала ма?», "Өзі сияқты құдірет жарата ала ма?" деген сияқты мәнсіз сауалдарға бас қатырған жөн емес. Әріберіденсоң, мұндай сауалдар мазақтықты тудырады. Оның үстіне, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бірнеше хадисінде Алланың заты жайында толғанудан тыйған болатын, оның орнына жаратылыстарға ой жүгіртуді кеңес қылады. Бұған қатысты Сахаба Абдулла ибн Аббас (рахимаһуллаһ) былай әңгімелейді: «Алла елшісі (с.а.у.) сахабаларына шықты. (Олардың жиналып отырғанына қарап) Сендерді не жинады? – деп сұрады. Олар (р.а.): «Біз жиналып отырып, Раббымызды еске алудамыз және Оның ұлықтығын пікірлеудеміз» деп жауап берді. Сонда Алла елшісі оларға: «Алланың жаратқан жаратылыстарына ой жүгіртіңдер. Алланың өзі жайында ой жүгіртпеңдер. Шынында, сендер оның құдіретінің көлемін өлшей алмайсыңдар» деді» - дейді ардақты сахаба1.
Демек, ақылымыз шегіне жете алмайтын Алла Тағаланың заты жайында терең қиялдап, толғану харам екен. Ал бірақ ақылымыз жететін жаратылыстар жайында ой жүгіртіп, пікірлеу, толғану дініміздің бұйрығы. Қасиетті Құранның көптеген аяттарында көктер мен жерді және ондағыларды пікірлеуге шақырған. Себебі, біріншіден, табиғаттың кереметіне қанық болған сайын, бір жаратушы Хақ Тағаланың ұлықтығын ұғына түсесіз. Екіншіден, жаңа нәрселерді оқып білген сайын біліктілік артады.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1 Имам Суюти: «Жәмиъ».