Алдағы уақытта бір істі істеуге ант етудің үкімін айтсаңыз
Алдағы уақытта бір істі істеуге ант етудің үкімін айтсаңыз
10 жыл бұрын 5145

Алдағы уақытта бір істі істеуге ант етудің екі жөні бар:

Біріншісі - белгілі уақытпен нақтыланған ант. Мысалы: «Ант етейін! Ертен пәлен жерге барамын» деген секілді. Бұл жағдайда уақыты келісімен ант еткен ісін орындауы тиіс. Орындамаған жағдайда кәффәратын өтейді. «Кәффәрәт» дегеніміз антын бұзған адамның Алла алдында күнәсін жуып-шаюы[1].

Екіншісі – уақытын нақтыламай, жалпы айтылған ант. Мысалы: «Ант етейін! Мына өзенге шомыламын» деген секілді. Өзенге шомылу іс-әрекеті белгілі уақытпен нақтыланбағандықтан, алдағы өмірінде өзіне ыңғайлы қандайда бір уақытта әлгі өзенге шомылса, антын орындаған болып саналады. Мейлі, ол он жылдан кейін болсын, мейлі, жиырма жылдан кейін болсын[2].  

Осы тұрғыда мынаны да айта кетелік: Шариғатта Алла атымен немесе Оның есімдерімен, яки, «зати сипаттарымен» ғана ант етіледі. Алланың атын ауызға алмай-ақ «ант етемін», «серт етемін», «қасам ішемін» деген сөздері де ант болып есептеледі.

Егер мұсылман берген антын бұзатын болса, онда оған кәффәратын өтеуі керек[3]. «Кәффәрәт» дегеніміз - антын бұзған адамның Алла алдында күнәсін жуып-шаюы. Ол болашақтағы іске ант беріп, оны орындай алмай қалған жағдайда ғана өтеледі.

Кәффәрат жүрмейтін де анттың түрлері бар. Мәселен, егер өткен ісіне байланысты өтірік айтып, ант ішсе, ол адамға кәффәрат жүрмейді. Яғни, ол күнәсін бұл дүниеде жуып-шаю мүмкіндігінен қағылып, тікелей Алланың алдында өтірік айтқаны үшін жауап береді[4].

Анттың кәффәрәты - он міскінді тамақтандыру немесе киіндіру, яки, бір құл азат ету. Бұл - ауқатты адамдардың кәффәраты. Ал, бұған шамасы келмейтін, жағдайы төмен кісілер үш күн қатарынан ораза ұстауы тиіс[5].


[1] Әл Ғаними, Лүбәб – 4/3-8 бет; Әл Маусули, Ихтияр – 3/394 бет
[2] Әс-Сәмарқанди: Тухфәтул Фуқаһа – 2/291 бет.
[3] Мәида сүресі, 89 аят.; Нәһл сүресі, 91 аят.
[4] Әл Ғаними, Лүбәб – 4/3-8 бет; Әл Маусули, Ихтияр – 3/394 бет.; У.Зухайли, Уәжиз – 1/502 бет.
[5] Бақара сүресі, 225 аят.;  

Абдусамат Қасым