Айша анамыз Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) тұрмысқа шыққанда қанша жаста еді?
Айша анамыз Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) тұрмысқа шыққанда қанша жаста еді?
3 жыл бұрын 64006

1) Ассаләмуғалейкум! Исламға дұшпандығы бар бағзы біреулер Мұхаммед пайғамбарымыздың Айша анамызды жастай алғанын көлденең тартып, ардақты Пайғамбарымызға тіл тигізіп жатады. Бұған қатысты не дер едіңіздер? Асылбек.

2) Ассәләмуғалейкум! Айша анамыз Мұхаммед пайғамбарға (ғалейһиссәләм) тұрмысқа шыққанда қанша жаста еді? Аян Сәрсенбай.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Айша анамыздың қанша жаста болғаны жайында тарих беттерінде әртүрлі сан айтылған. Бір деректеде 9 жаста болды десе, басқа бір деректе 15 жас делінген. Тіпті, Айшаның әпкесі Әсмә (р.а.) Мединеге көш еткенде 27 жаста болғандығын назарға алсақ, Айша анамыз тұрмысқа шыққанда 17 жасар еді дегендер бар. Өйткені, Әсмә сіңлісінен 10 жас үлкен еді. Әпкесі Әсма жүз жасында, хижреттің 73 жылында қайтыс болды. Демек, ол, яғни, Әсма Ұлы хижрет оқиғасында 27 жаста болған. Соған қарағанда Айша ол кезде 17 жаста тұғын.

Алты жасында айттырылып, тоғыз жасында алды деген мәлімет те бар. Тоғыз жасында алды деген күннің өзінде, ол кәмілетке толғанша төсек қатынасына барылмағанын айтуға болады. Өйткені Айша анамыз айттырылғаннан кейін Медине қаласына кейіннен барды. Ол Мединеге барғанда 15-17 жаста еді деп топшылайды тарихшылар. Осыдан келіп, 9 жасында айттырылып, бірақ ерлі-зайыпты ретінде 15-17 жастарында өмір сүре бастады деуге болады.

Неге жас қызды айттырды?

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызға құда түсуін, жергілікті әдет-ғұрыппен байланыстыруға болады. Неге десеңіз, Айша анамызды Пайғамбарымыздан бұрын Жүбейір ибн Мутъим деген кісі айттырған болатын. Тіпті әкесі Әбу Бәкір Сыддық оған қызын беретін болып келіскен-ді. Алайда Жүбейір мұсылман емес-тін. Сондықтан да Әбу Бәкір «мен қызымды мұсылман емеске бермеймін» деп, келісімін бұзады. Өйткені мұсылман қызды мұсылман емеске беру шариғатта тыйым салынған. Кейіннен Пайғамбарымыз (с.а.у.) құда түседі. Сөйтіп Әзіреті Әбу Бәкір оған қызын берді. Осылай істеу арқылы Пайғамбарымыз біршетінен жан досын, яғни, Әбу Бәкірді, Мекке қаласының мүшріктерінің алып-қашпа әңгімелерінен де қорғап қалған болды.  

Яғни, ерте тұрмысқа беру үрдісі ол қоғамда әдеттегі жағдай еді. Егер, мұндай үрдіс жергілікті халықта қалыпты жағдай ретінде саналмағанда, онсыз да сыныққа сылтау іздеп жүрген Мекке мүшріктері Пайғамбарымыздың жас қызды алғанын бетіне басып, оны бүкіл әлемге жар салар еді. Алайда ондай жағдай орын алмаған. Бірде-біреуі шығып пәлен-түген демеген. Мұның өзі ол заманда жас қызды айттыру – қалыпты жағдай болғанын ұғындырады.

Оның үстіне, тоғыз жас дегеніңіз, ол уақытта бойжеткен саналатын. Кей риуаяттарда Айша анамыздың ол жаста бойы да, ойы да толықтасқан, бойжеткен қыз еді делінеді. Ауа райының ыстықтығына байланысты ол жақта қыздар ерте жетіледі. Қазірдің өзінде біраз араб елдерінде 18-19 жас қыздар отырып қалған қыз саналады. Яғни, бұл мәселеде жергілікті салт-дәстүр мен адамдың ерте жетілу факторы бар.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Айша анамызды алуы нәпсіқұмарлық па?

Пайғамбарымыздың онысын нәпсіқұмарлыққа балау өрескел қате. Өйткені Пайғамбардың тоғыз жұбайы болған. Соның ішінде қыздай алғаны тек Айша анамыз ғана. Қалғаны жесір. Егер Айша анамызды алуы нәпсіқұмарлық болған болса, неге жас қыздарды ала бермеді? Медине қаласында Пайғамбарға қызын әйелдікке бергісі келетін қаншама ата-ана бар тұғын! Бірақ Айша анамыздан өзге жұбайлары не жесір, не ажырасқандар. Жесірді қараусыз қалдырмау мақсатында, оларды қамқорына алып отырған. Мысалы, жұбайларының Оған тұрмысқа шыққандағы жастарын айтар болсақ:

  • Бірінші зайыбы Әзіреті Хадиша (Алла одан разы болсын) өзінен 15 жас үлкен.
  • Екіншісі - Сәудә (سودة) анамыз. Хадиша қайтыс болғаннан соң Сәудә (سودة) анамызды әйелдікке алады. Сәудә анамыз Пайғамбарымызға шыққанда 53 жасар жесір әйел еді.
  • Тағы бір әйелі Зәйнәп бинт Хузейма. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны өзіне әйелдікке алғанда, ол  (Зәйнәп) – 50 жасындағы жесір әйел еді. Оның жұбайы Убей ибн Харис «Бәдір» соғысында шейіт болғаннан кейін, жесір қалған Зейнепті бір жыл өтісімен 400 дирхам (күміс ақша) қалың мал беріп өзіне әйелдікке алады.
  • Және де Умму Сәләмә деген жұбайы да Пайғамбарға (с.а.у.) шыққанда 63 жасар тұғын, әрі артынан ілестірген 4 баласы бар болатын. Оның күйеуі «Ухуд» соғысында жараланып, қайтыс болады. Кейіннен Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны айттырып, өзінің қамқорына алады.
  • Үмму Хабиба. Пайғамбарға (с.а.у.) шыққанда 55 жасындағы жесір әйел еді.
  • Мәймуна. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны әйелдікке алғанда жесір, әрі екі баласы бар еді.
  • Әзіреті Омардың қызы Хафса. Хафса анамыздың алғашқы күйеуі Хунейс ибн Хузейфе «Бәдір» соғысынан қайтар жолда сырқаттанып қайтыс болады. Сосын біраз уақыт өткеннен кейін әкесі, яғни, Әзіреті Омар Пайғамбарға ұсыныс жасап, 22 жасар жесір қалған Хафсаны Пайғамбарымыз (с.а.у.) төртінші әйелі ретінде 400 дирхам қалың мал (мәһр) беріп алады.

Қарап тұрсаңыз, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларының көпшілігі елуден асқан жесірлер болған. Нәпсіқұмар немесе қатынқұмар болса, неге егде жастағыларды алады? Көпшілігі әрі жесір, әрі орта жастан асқан әйелдер. Әрине, оларды әйелдікке алуының ең басты себебі, қамқорсыз қалмасын, ешкімнің есігінде қайыр тілемесін дегендік, одан басқа да астарында мән-мағыналар бары анық. Ең қызығы және қаперде ұстайтын маңызды нәрсе: алған жұбайларының ешқайсысын Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейіннен талақ беріп жібермеген. Ажалдары келіп қайтыс болғандарынша, зайыбы ретінде қамқорында ұстаған.

Кейбір адамдар Алла елшісінің Айша анамызды жастайынан өзіне жұбай етіп алуын көлденең тартып, Алла елшісіне кезінде қас дұшпандарының өздері айтпаған сөздерді айтып, тіл тігізіп, күйе жағып жататындарын байқаймыз. Біреулер нәпсіқұмар деп жүр, біреулер жас иісті қалаған дейді, тағы біреулер айтуға ауыз бармайтын сөздер айтады. Олар мынаны ұқсын: 

  • Алла елшісі нәпсіқұмар болғанда егде жастағы, әрі соңынан бала ерткен жесір әйелдерді алмас еді. 
  • Егер Ол жас иіс қалаған болса, Медине қаласындағы кез-келген мұсылманның қыздарын айттырар еді. Ешкім оған жоқ демес еді. Тіпті бір кезінде Мединелік бір ата-ана өзінің бойжеткен қызын Пайғамбарымызға әйелдікке алуын ұсынады. Сонда Алла елшісі ол бойжеткенді Жүлейбіб деген жас жігітке қосуларын айтады. Жүлейбіб ешкімі жоқ, пақыр жігіт еді. Қыздың ата-анасы баста қыздарын пақыр жігітке бергілері келмей қипақтаса да, ақырында өзара ақылдаса келе сол жігітке беруді қабыл етеді. 
  • Пайғамбарымыз қатынқұмар болғанда неге Мекке мүшріктерінің "Саған алтындар берейік, саған ең сұлу әйелдерді берейік, арамыздағы ең беделді адам қылайық, тек осы жолыңнан қайт" деген ұсыныстарынан бас тартты? Өйткені Ол - шынайы пайғамбар. Жаратушы тарапынан таңдалып жіберілген елшісі. Пайғамбардың діттегені басқа болды. Қайтсем қоғамды зұлымдық пен надандық батпағынан шығарып, Алланың жолына түсіремін, қайтсем халықтың екі дүниесін аман сақтап қаламын деп көкседі. Ол үшін ақырет өмірі, бұ дүниенің рақатынан бірінші тұрды. Ол үшін жетімдерді жылатпау, жесірлерді тентіретпеу - құ нәпсісін ойлағаннан бұрын тұрды. Айша анамыз Пайғамбарымызбен бақытты өмір кешті. Ол жұбайын, яғни, пайғамбарды өзге әйелдерінен қатты қызғанды. Пайғамбарымыз да Айшаны қатты жақсы көрді. 

Қорыта айтқанда, Айша анамыздың Пайғамбарымызға (с.а.у.) тұрмысқа шыққан кездегі жасы тарихта әртүрлі айтылады. Тоғыз бен он бес жас, тіпті он жеті жаста еді деген де деректер бар. Ол мәліметтерден Айша анамыз тоғыз жасында айттырылып, 15-17 жасында ерлі-зайыптылы өмір кешкен еді деп топшылауға болады. Ал, Пайғамбарымыздың Айша анамызды жастайынан өзіне айттыруында жергілікті салт-дәстүр мен қыздың ерте жетілу факторы жатқандығын ұмытпау керек. Және де, дәл Айша анамызды айттыруының да астарында иләһи хикметтер жатқандығы мәлім. Пайғамбарымыз ешбір ісін нәпсісіне сүйеніп жасамаған. Айша анамызды ғана қыздай алуына қарап, Айша анамызбен үйленуінің астарында да даналық бар деуге болады.

Сондықтан да, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызды жас кезінде айттыруына қарап "нәпсіқұмар" немесе "жас иісті қалаушы" т.б. деген сияқты негізсіз айыптауларды әлемге мейірім шуағы ретінде жіберілген Мұхаммед пайғамбарға (ғалейһиссәләм) тағу – әділетсіздік болады. Тіпті бүйректен сирақ шығарып, жоқ жерден теріс пікірлер ойлап тауып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) сияқты теңдесіз жанға кісінің айтуға аузы бармайтын әртүрлі ауыр нәрселерді айту - барып тұрған ақымақтық, тәрбиесіздік және кешірілмес күнә дер едім. Алла жүректеріне туралық салсын! 

Абдусамат Қасым