Адам ата қай ұлттан болған? Қай тілде сөйлеген?
Адам ата қай ұлттан болған? Қай тілде сөйлеген?
2 ай бұрын 2807

Адам ата қай ұлттан болған? Қай тілде сөйлеген?

Бисмилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Адамзаттың атасы Адам ата - ең бірінші адам. Алла Тағала оны балшықтан жаратты. Адам атаның ұлты жоқ. Ұлттар кейіннен пайда болды. Адам ата мен Хауа анадан ұрпақтар дүниеге келіп, көбейіп жер бетіне тарады, осылайша ұлттар пайда болды. Қасиетті Құранда былай делінген:

«Ей, адамдар! Біз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық және бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді халықтар мен тайпалар қылып жасадық. Шынында Алланың құзырында ең қадірлілерің - ең тақуаларың! Сөзсіз Алла Тағала әр нәрсені білуші, әр нәрседен хабардар!»1. 

Алла Тағала Адам атаны жаратар кезде жердің төрт бұрышынан топырақ алып қосқан. Сондықтан, кейінгі ұрпақтарының арасында ақ түсті, қызыл түсті, қара, қоңыр түсті нәсіл пайда болды. Бұны да Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадис шәрифінде қарапайым тілмен былай деп түсіндіріп өтеді:

«Алла Тағала Адамды жаратар кезде жер-жерден бір-бір уыс топырақтан алып қосты. Сол себепті, Адамның ұрпақтары топырағының мөлшеріне қарай – кейбірі ақ түсті, кейбірі қызыл түсті, кейбірі қара түсті және кейбірі оның ортасында (қоңыр түсті) болып (дүниеге) келді. Сондай-ақ, топырағының мөлшеріне қарай адамдардың табиғаты – жаман, жақсы, жұмсақ, қатты және орташа болып жаратылды»2 - дейді Алла елшісі (с.а.у.). 

Адам ата қай тілде сөйлеген?

Алла Тағала Адам атаны жаратқан кезде оған барлық тілді үйретті. Құранда бұл жайында Жаратушы Иеміз былай деп өтеді:

«Алла Тағала Адамға барлық нәрсенің атауларын үйретті. Сосын оны періштелерге ұсынып: «Шыншыл болсаңдар, мына нәрселердің атауларын айтып беріңдерші!» - деді. Сонда періштелер: «Сен барлық кемшіліктерден пәксің! Бізде сенің үйреткеніңнен басқа ешқандай білім жоқ. Шынында, сен өте білгір, даналық иесісің!» - деді»3.

Осы аятта «барлық нәрсенің атауын үйретті» деген сөзге тәуилші ғалымдар былай деп болжам жасайды:

«Алла Тағала Адам ғалейһиссәләмға тілдің бәрін үйретті. Кейіннен одан туған балаларының әрқайсысы бір-бір тілден үйреніп, сол үйренген тілімен сөйлеп кетті, одан соң жер бетіне тарағаннан кейін, әрқайсысының ұрпақтары сол әкелерінің тілінде сөйлей бастады»4. (Ғалымдардың бұл жорамалы ұлттардың қалай пайда болғандығын да түсіндіреді).

Дейтұрғанымен, Адам ата барлық тілді білсе де, тұрақты сөйлеген негізгі тілі «ескі сурияни» тіл болғандығы айтылады. Өйткені, балаларына қойған есімдері сурияни тіліне жақын болған. (*Сурияни тіл - ескі арамей тілінің бір бөлігі, өлген тілдердің қатарында, семиттік топқа жатады, бұл тіл б.з.д. кезеңдерде латын, грек тілдерімен қатар маңыздылыққа ие тіл тұғын, грек тілімен бірге ол да ғылым тілі боп саналды).

Бұл жайында орта ғасырда өмір кешкен хадисші ғалым Абдуррауф әл-Мәнәуи (рахимаһуллаһ) өзінің Имам Суютидің «Жәмиъус сағир» атты хадистер жинағына жасаған шархында былай деген:

«Адам атаның барлық тілде сөйлегені рас, алайда көбіне сурияни тілде сөйлегені де шындық. Оған балаларының есімдері дәлел» деп өтеді ғалым5.

Адам атаның грек тілінде сөйлегендігін айтқандар да болған. Алайда, көпшілік зерттеушілер Адам ғалейһиссәләмның ескі суриянише сөйлегендігін шындыққа көбірек жақын деп топшылайды.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Уа ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1  Құран Кәрім: «Хужурат», 13 аят.
2  Әбу Дәуід: «Сүнән»; Тирмизи: «Сүнән»; Имам Ахмед: «Сүнән». т.б.
3  Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 31, 32 аяттар.
4  Имам Бәғауи: «Тәфсируль Бәғауи».
5  әл-Мәнәуи: «Фәйдуль Қадир».