Әбу Ханифа «Алла аспанда» деген бе?
Әбу Ханифа «Алла аспанда» деген бе?
10 жыл бұрын 18410

Ассәләмуғалейкум! Имам Ағзам Әбу Ханифа «кімде-кім Алланы аспанда немесе жерде деп айтпаса, ол күнәһар болады» деген сөзі бар ма, уахабилер соны көлденен тартып жүр?  Ғазали Ғазали. 

Уағалейкум ассалам!

Ұлық Имам Әбу Ханифаның «Кімде-кім «Раббым көкте ме, әлде жерде ме екенін білмеймін» дейтін болса, ол кәпір болады...» деген сөзі бар. Ғалымның (р.а.) бұл сөзі «әл-Фиқһул Әбсат» атты еңбегінде келтірілген. Әбу Ханифаның бұл сөзіне қарап, «Ол да Алланы көкте дейді» деу қателік.  Аталмыш сөзді айтпастан бұрын Әбу Ханифа әлгі еңбегінде (әл-Фиқһул Әбсат) мынаны айтады :

«Ешбір орын, ешбір жаратылыстар жаратылмай тұрып Алла тағала (әзәлден) бар еді. «Қайда» жоқ кезде, Ол бар еді (яғни мекен, орын болмай тұрып бар еді). Ешбір жаратылыс, ешбір нәрсе болмай тұрып Алла бар еді. Және Ол барлық нәрсенің жаратушысы. Алла тағалаға дұға етілгенде төменге емес, жоғарыға (қарап) етіледі (яғни, дұға етерде қолды көкке көтереміз. Оның себебі Алла аспанда болғандықтан емес, дұға жасап, тілек тілегенде қаратылатын тұс болғандықтан)...»

 Сондай-ақ, Ұлық Имам «Уасия» атты еңбегінде де былай дейді:

«...Алла тағала Аршты да, одан басқасын да қорғаушы, (бірақ оған) мұқтаж емес.  Егер мұқтаж болғанда, өзге жаратылыстар секілді әлемді жаратуға және оны жүргізіп отыруға күші жетпес еді. Аршқа орналасуға және тұрақтауға мұқтаж еді дейтін болсақ, онда Ол Аршты жаратпай тұрып қайда болды?»[1]

Ғалымның сөздерінен байқағанымыздай «Алла көкте немесе Аршта» деу - адасушылық. 

Ал енді Имам Ағзамның «Раббым көкте ме, әлде жерде ме екенін білмеймін» дейтін кісі кәпір болады...» деген сөзінің мәні неде?  

Аспанда ма, жерде ме екенін білмеймін деудің астарында, әйтеуір екеуінің біреуінде орналасқан дегендік жатыр.  Бұл - Аллаға мекен беру болып табылады. Сол себепті де Әбу Ханифа әлгіндей сөз иесін кәпір деп отыр.  

19-ғасырда өмір сүрген Әбул-Махасин әл-Қауқаджи ат-Тараблиси атты ханафи мазхабының ғалымы өзінің «әл-Иътимәд филь Иътиқад» атты ақидаға қатысты жазған шағын кітапшасында мынадай ереже айтып өтеді:

«Кімде-кім «Алла тағала көкте ме, әлде жерде ме екенін білмеймін» десе, ол кәпір болады. Өйткені бұлай айтқан адам негізінде екеудің біреуін (көкті немесе жерді) Алланың мекені ретінде санап тұр».[2]

[1] Уасыя: әл-Истиуа ъалаль ъарш.; Имам Камалуддин әл-Байази: «Ишарат аль-Марам мин ибарат аль-Имам». Лубнан - 2007.
[2] Шарху китаби Тәһзибил Иътимад фил Иътиқад.

Абдусамат Қасым